Қазақстанда азаматтардың қаржылық сауаттылық деңгейі өсуде

time 23.12.2025
aye 541
Қазақстанда азаматтардың қаржылық сауаттылық деңгейі өсуде

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2025 жылы халықтың қаржылық сауаттылық деңгейіне әлеуметтанушылық зерттеу жүргізді. Пікіртерімге Қазақстанның барлық өңірінен 18-63 жас аралығындағы 5 мың адам қатысты.

Fingramota.kz әлеуметтанушылық зерттеудің негізгі көрсеткіштерімен таныстырады

2025 жылы қаржылық сауаттылық индексі 41,5%-ды құрады, бұл
2024 жылғы көрсеткіштен (41,2%) сәл асты және соңғы бес жылда байқалған тұрақты өсу үрдісін растайды (2024 ж. – 41,2%, 2023ж. – 40,5%, 2022 ж. – 40,3%, 2021 ж. – 39,52%, 2020 ж. – 39,07%).

Қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығы біртіндеп өсіп келеді және білімі күнделікті әдеттерінен көрініс табуда. Дегенмен, дағдының дамуы біркелкі емес. Ең әлсіз көрсеткіш – жеке қаржыны басқару саласында (32,5%). Бұл дегеніміз, көптеген адам бюджетті жоспарлауды, үнемі үнемдеуді және шығындарын ұтымды бөлуді білмейді. Сондықтан да практикалық дағдыларға: шығындарды бақылауға, резервтерді қалыптастыруға және саналы тұтынуға баса назар аудару керек.

Екінші жағынан, ең жақсы нәтижелер (52,6%) қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл блогында тіркелген. Бұл халықтың мұқият, тәуекелдерді ажыратып, цифрлық ортаның қауіптерін түсіне бастағанын білдіреді. Мұндай өсу мемлекеттік органдардың, банктердің және құқық қорғау құрылымдарының белсенді жұмыс жүргізуімен, сондай-ақ медиа және әлеуметтік желілерде киберқауіпсіздік тақырыбын кеңінен жария етуімен байланысты.

Кредит беру қаржылық сауаттылықтың ең күшті сегменті болып қала береді. Респонденттердің жартысынан көбі кредиттердің қалай жұмыс істейтінін түсінеді: артық төлем, төлемдер мен кірістердің арақатынасы туралы біледі. Бұл қаржылық сананың өскенін білдіреді. Бірақ тәуекелдер әлі де бар: 2-ден астам кредиттің болуы және кешіктірудің салдарын жете түсінбеу.

2025 жылы қаржылық сауаттылық деңгейін зерттеу қазақстандықтардың біртіндеп білімнің неғұрлым сапалы кезеңіне - хабардар болудан саналы әрекетке ауысқанын көрсетті. Бұл ретте басты қауіп білімнің жетіспеуі емес, оларды іс жүзінде шектеулі қолдану болып қала береді.

Отбасылық бюджетті жүргізу  

Респонденттердің пікіртерімі респонденттердің тек 15,7%-ы барлық кірістер мен шығыстардың есебін үнемі жүргізетінін, тағы 14%-ы кірістер мен шығыстардың негізгі көздерін анықтаумен шектелетінін көрсетті.

Осылайша, халықтың шамамен 30%-ын қаржылық тұрғыдан тәртіпті деп жіктеуге болады. Сонымен қатар, азаматтардың 52,3%-ы шығыстарды эпизодтық түрде немесе қажет болған жағдайда ғана бақылайды, ал 17%-ы бюджетті мүлдем жүргізбейді. Тұрақты жоспарлаудың ең елеулі қиындықтары 22-29 жас тобында байқалады, мұнда тек 19,3%-ы бюджетті тұрақты негізде жүргізеді, бұл көбіне өмір сүру шығындарының жоғары болуымен байланысты.

Қаржылық жоспарлау құралдарын пайдалану да шектеулі болып қалып отыр. Сауалнамаға қатысқандардың жартысына жуығы (48,8%) ешбір есепке алу құралын қолданбайды. Қаржысын қадағалайтындардың ішінде мобильді қосымшалар (15,9%) және электрондық кестелер (14,7%) жиі қолданылады. Жастар цифрлық шешімдерді көбірек қолданады (18,4%), дегенмен әрбір екінші жас респондент (49,2%) қаржылық есепті мүлдем жүргізбейтінін мойындады, бұл технологияға қол жеткізу ғана емес, тұрақты дағдыларды қалыптастырудың маңызды екенін көрсетеді.

Қолма-қол немесе қолма-қол ақшасыз төлемді таңдау 

2025 жылы елімізде қолма-қол және қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арасында нақты теңгерім қалыптасты. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді таңдағандар үлесі 26,1%-дан 39%-ға дейін өсті, ал қолма-қол ақшаны таңдағандар үлесі де 25,6%-дан 37,6%-ға дейін өсті. Нақты таңдауы жоқ адамдар саны 0,4%-ға дейін қысқарды. Жастар қолма-қол ақшасыз төлем әдістерін жиі пайдаланады (40,2%), алайда барлық жас топтарында қолма-қол және қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды таңдайтындардың арақатынасы жақын екені байқалады – 37-39% шегінде.

Толығырақ "Бюджетті жоспарлаймыз " бөлімінде оқыңыз

white-arrow Тізімге