Қазақстанда Банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу туралы заң қабылданды

time 31.05.2021
aye 15943
Қазақстанда Банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу  туралы заң қабылданды

Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында банктік,  микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша  өзгерістер  мен   толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Заң:

- проблемалық берешекті сотқа дейін реттеудің міндетті тәртібін енгізу арқылы қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және кредиторлардың жауапкершілігін арттыруға;

- кредиттеуде тәуекелдердің өсуіне және азаматтардың тұтынушылық кредиттер бойынша борыш жүктемесінің шектен тыс өсуіне жол бермеуге;

- микроқаржылық қызметті реттеуге және микрокредиттер беру талаптарының ашықтығын арттыруға;

- коллекторлық агенттіктерге арналған талаптарды қатаңдатуға және қосымша шектеулер енгізуге бағытталған.

Заң арқылы азаматтардың кредиттер бойынша мерзімі өткен берешегін реттеудің бірыңғай міндетті құқықтық режимі енгізіледі. Бұл норма банктердің қарыздарына ғана емес, микроқаржы ұйымдарының (бұдан әрі – МҚҰ) микрокредиттеріне де қолданылады.

Жаңа реттеу тетігі шеңберінде банктер және МҚҰ туындаған төлеу мерзімінің өтуі туралы ол басталған күннен бастап 20 күннің ішінде қарыз алушыға хабарлауға міндетті. Қарыз алушы кредиторға қарызды өтеу мерзімі өтіп кеткен жағдайда берешекті қайта құрылымдау үшін жүгінгеннен кейін 15 күннің ішінде кредиттік ұйымдар: сыйақы мөлшерлемесін азайту, төлемді кейінге қалдыру, оның кезектілігін өзгерту, қарыз мерзімін ұлғайту, борыш жүктемесін азайту (негізгі борыш, сыйақы және айыпақы) немесе ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті өз бетінше сату түріндегі қайта құрылымдау талаптарын ұсынады.    

Сонымен қатар, банктер немесе МҚҰ қайта құрылымдау жүргізу кезінде қарыз алушының әлеуметтік жағдайы, оның кірісінің азаюы, кепіл мүлкінің жалғыз болуы, қарыз бойынша міндеттемелерін адал орындауы сияқты факторларды ескеруге міндетті. 

Нәтижесінде, қарыз алушылардың банктер мен МҚҰ-ға өтініштерін қарау және проблемалық берешекті реттеу мерзімдері екі есеге – 180 күннен 90 күнге дейін қысқартылады.

Қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша кредитормен келісімге келмеген жағдайда, ипотекалық қарыз алушыларды қорғау шарасы ретінде қарыз алушыға ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (бұдан әрі –  Агенттік) жүгіну құқығы беріледі. Осы кезеңде кредитор халықтың әлеуметтік осал топтарына (бұдан әрі – ХӘОТ) жататын борышкерлердің кепіл мүлкін өндіріп алу рәсімдерін бастауға құқылы емес.

Агенттік заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі негізде кредитордың қарыз алушымен өзара іс-қимылының мониторингін жүзеге асыратын және тиімділігін бақылайтын болады.

Қарыздар мен микрокредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің асып кетуіне жол бермеу мақсатында, Заңда банктер мен МҚҰ-ның кредиттік бюроға берілген кредиттер бойынша номиналды мөлшерлемелер және жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (бұдан әрі – ЖТСМ)  туралы ақпарат беру міндеті белгіленеді. Бұл Агенттікке мәліметтерді жедел алуға және белгіленген шектеулерді бұзған субъектілерге санкциялар қолдануды қоса алғанда, қадағалап ықпал ету шараларын қолдануға мүмкіндік береді.

Заңда микрокредит беру туралы шарттың мазмұнына, ресімделуіне, міндетті шарттарына қойылатын талаптарды белгілеу бекітіледі.

Мәселен, микроқарыз шартына титулдық бет қоса беріледі, онда шарт жасалған күн, ұйымның атауы және қарыз алушының/қоса қарыз алушының аты-жөні, микрокредит сомасы, өтеу мерзімі, сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері/сыйақының мәні, өтеу тәсілі және әдісі, айыпақыны (айыппұл, өсімпұл) есептеу тәртібі және мөлшері қамтылады. Шарттың бірінші бетінде микрокредиттің толық құны: артық төлем мөлшері, сыйақы мөлшерлемесінің және жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (бұдан әрі – ЖТСМ) мөлшері туралы ақпарат болуы керек.

Азаматтарды жаңылыстыруға жол бермеу үшін Заңда жарнаманы тарату және орналастыру кезінде МҚҰ-ның ЖТСМ-ді көрсету міндеті енгізіледі. Бұл тұтынушыларға шарт жасамас бұрын қарыз шарттарын объективті түрде талдауға және болашақта проблемалық жағдайлардан аулақ болуға мүмкіндік береді.

Қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында Заңда барлық ипотекалық қарыздар бойынша міндеттемелерді 180 күн кешіктірген соң банктер сыйақы, айыпақы (айыппұл, өсімпұл), комиссиялар және басқа төлемдерді есептеуге тыйым салу түрінде борыштық жүктеменің өсуін шектеу бойынша жаңа шаралар енгізіледі. Заң қабылданғанға дейін тыйым салу ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша ғана қолданылды.

Бұған қосымша, капиталдандыру есебінен қарыз алушының мерзімі өткен берешегінің өсуін шектеу шарасы ретінде Заңда мерзімі өткен және өтелмеген сыйақы, айыпақы (айыппұлдар, өсімпұлдар), комиссиялар және басқа төлемдер сомасына сыйақы есептеуге тыйым салу белгіленеді.

Табысы төмен және аз қамтылған азаматтардың құқықтарын қорғау үшін Заңда ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бланкілік қалдықтарды есептен шығару үшін шарттарды кеңейту көзделген. Бұл шара жаңа, сондай-ақ бұрын берілген барлық қолданыстағы қарыздар бойынша табыстары ең төменгі жалақыдан аспайтын қарыз алушылар үшін кепілдіктегі тұрғын үйді өткізгеннен кейін қалған борыштық ауыртпалықты жедел және ұзақ мерзімді рәсімдерсіз есептен шығаруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, заңда кредиттік тарихты сақтау мерзімін 10 жылдан 5 жылға дейін қысқарту арқылы қарыз алушылардың кредиттік тарихты тазарту шарттары көзделген. Бұл шара кредиттік тарихта бұрын мерзімін өткізіп алған мәліметтер болуы себебінен жаңа қарыздар алуда қиындық көріп отырған қарыз алушыларға банктік қарыз немесе микрокредит алу үшін лицензияланған кредиторларға қайта жүгінуге мүмкіндік береді.

Нарықты жосықсыз коллекторлық ұйымдардан тазарту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мақсатында Заңда коллекторлық агенттіктің ең төменгі жарғылық капитал бойынша талаптарды сақтау міндеті белгіленеді. Бұл шара коллекторлық агенттіктерде елдің бүкіл аумағында борышкерлермен тиімді өзара іс-қимыл жасау үшін жеткілікті ақпараттық-техникалық, кадрлық және қаржы ресурстарының болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша, коллекторлық агенттіктер цифрлық байланыс тәсілдеріне ауыса алады және осылайша борышкерлермен жеке байланыстарды азайта алады.

Заңның маңызды блогы коллекторлық агенттікте тіркелмеген телефон нөмірлері немесе басқа адамдардың телефон нөмірлері арқылы келіссөздер жүргізуге тыйым салуды енгізуге, сондай-ақ борышкермен өзара іс-әрекет жасау процесін бейне-аудио таспаға жазу міндетіне қатысты. Заңның мұндай нормасы аудио - бейнематериалдарға тексеру жүргізу арқылы заңсыз әрекеттерге жол берілген қарыз алушылардың құқықтарын жедел қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал бұзушылықтар анықталған кезде - коллекторлық агенттікті ресми тізілімнен шығаруға дейінгі қадағалап ден қою шараларын жедел қолдану қажет.

Бұдан басқа, Заң борышкердің орналасқан жерін анықтау жағдайларын қоспағанда, коллектордың үшінші тұлғалармен, оның ішінде борышкердің жұмыс берушісімен өзара іс-қимылын шектейді. Бұл коллекторлық агенттік тарапынан бұзушылықтарды анықтауға, азаматтарды коллекторлық агенттік қызметкерлері тарапынан ықтимал жосықсыз әрекеттерден қорғауға мүмкіндік береді.    

 Жоғарыда көрсетілген шаралар қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейтуге, борыш жүктемесі мен проблемалық берешектің өсуін азайтуға, сондай-ақ Агенттіктің банктік қарыздар, микрокредиттер беруді қадағалауын және борышкерлермен өзара іс-қимыл кезінде коллекторлық агенттіктердің заңсыз іс-қимылдарын күшейтуге бағытталған.

Заңның толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

 

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша мына телефонға хабарласыңыз: +7 (727) 237 1000

 

white-arrow Тізімге