Соңғы уақытта бірқатар ірі банктерде анда-санда түрлі техникалық іркілістер байқалады. Банктердің мобильдік қосымшаларындағы операцияларда кездесетін ақаулар – уақытша құбылыс, алайда олар пайдаланушыларға кейбір ыңғайсыздық келтіруі мүмкін.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев атап өткендей, жеке компания, мемлекеттік орган немесе екінші деңгейдегі банк болсын, техникалық іркілістер кез келген ұйымда орын алуы мүмкін. Ең бастысы – сабыр сақтап, бірнеше қарапайым қағидатты басшылыққа алу қажет.
1. Сіздің «қаржылық қауіпсіздік жастықшаңыз» болуға тиіс
Өмірде шұғыл ақша қажет болып қалатын түрлі көзделмеген жағдайлар болып тұрады. Егер шұғыл түрде ақша алу керек болған кезде өзіңізге қызмет көрсететін банктегі техникалық іркіліс сізді ренжітуі мүмкін. Сондықтан да банктің жұмысындағы іркілістердің салдарынан болатын қаржылық қиындықтардан өзіңізді ішінара сақтау үшін «қаржылық қауіпсіздік жастықшасының» болуына көңіл аударған маңызды.
Түрлі банктің кемінде 2 банк картасының болғаны дұрыс, олардың әрқайсысына қаражаттың қорын сақтап қоюға болады. Осылайша, сіз қаржы ұйымдарының бірінде туындаған техникалық қиындықтарды сабырлықпен өткізе аласыз. Сонымен қатар, түскі ас ішу, жолақысын төлеу және аздаған азық-түлік сатып алу үшін ақша шұғыл қажет болып қалатын жағдай үшін қолма-қол ақша түріндегі біраз соманың болғаны дұрыс.
Әдетте, банктегі техникалық іркіліске байланысты жағдай біраз сағат, көп болғанда бір күн ішінде шешіледі. Сондықтан «қаржы жастықшасының» болуы сізді көптеген проблемалардан құтқарады.
2. Ресми ақпаратқа ғана сеніңіз
Әрбір қаржы ұйымында барлық жаңалық пен түсіндірмелер жарияланатын сайты, әлеуметтік желілерде ресми беттері бар. Сонымен қатар, әдетте көзделмеген жағдайлар туындаған кезде банктің баспасөз қызметі немесе басшылығы республикалық БАҚ-та ресми мәлімдеме жасайды. Осы ақпаратқа сенуге болады. Ал мессенджерлердегі таратылымдарға немесе жеке тұлғалардың банкке қатысы жоқ мәлімдемелеріне ден қоюдың қажеті жоқ. Осындай ақпараттың жалғаны екенінің ықтималдығы көп.
3. Қырағы болыңыз, алаяқтардан сақтаныңыз
Туындаған техникалық қиындықтарды қаржы алаяқтары пайдалануы мүмкін, олар сізге банктің атынан қоңырау шалуы немесе жазуы және өзіңіздің жеке деректеріңізді карточканың нөмірлерін және үш мәнді сәйкестендіру кодтарын айтуды сұрауы мүмкін. Қандай жағдайда болмасын оларға ешқандай ақпарат бермеңіз және өз жақындарыңызға, әсіресе егде жастағыларға ескертіңіз. Банк ешқашан жеке деректерді талап етпейді және бірінші болып сөйлесуге бастама жасамайды. Сізге қоңырау шалған нөмірді жазып алып, оны өз банкіңіздің қауіпсіздік қызметіне хабарлаңыз.
Сондай-ақ алаяқтардан жалған ақпараттар әлеуметтік желілер немесе мессенджерлер арқылы таратылуы мүмкін. Бөгде адамдардан келіп түсетін заңсыз нұсқауларды қандай жағдайда болмасын орындамаңыз. Банк барлық кедергілерді дербес жояды және оған осыған қатысты клиенттердің көмегі қажет емес!
4. Кедергілер жойылғаннан кейін өзіңіздің барлық шоттарыңыз бен деректеріңізді тексеріңіз
Техникалық жұмыстар аяқталғаннан кейін өзіңіздің шоттарыңыздың жағдайын және аталған жеке деректерді міндетті түрде тексеріңіз. Егер проблема немесе қате анықтасаңыз, банкке call-орталық немесе мобильдік қосымша арқылы жүгініңіз. Сізге міндетті түрде көмек көрсетеді және қайта туындаған мәселелерді жояды.
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма
Жинақтауға арналған сақтандыру – оны қалай пайдалануға болады
Zakon.kz порталы Интернет және қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша конференцияны ұйымдастырды...
Қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі сараптамалық кеңес құрылды
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт