Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін 2021 жылғы 1 қаңтар – 1 сәуір аралығында микроқаржылық қызметті лицензиялау аяқталды. Ағымдағы жылдың басынан бері микрокредиттеу нарығының 1012 субъектісі, оның ішінде 593 ломбард, 205 кредиттік серіктестік, 214 микроқаржы ұйымы (бұдан әрі – МҚҰ), оның ішінде 20 онлайн-кредиттеу компаниясы лицензия алды. Лицензиялау компаниялардың акционерлері мен менеджментіне, оның ішінде жеткілікті біліктілігінің болуына және соттылығының болмауына қатаң талаптарды көздейді.
Агенттік сектордың ашықтығын арттыру және нарықты жосықсыз қатысушылардан тазарту жұмысын жалғастырады. Қазіргі уақытта 3 659 микрокредиттік ұйым: 1 761 ломбард, 1 222 кредиттік серіктестік, 676 МҚҰ, оның ішінде 7 онлайн-кредиттеу компаниясы таратылу процесінде.
Микрокредиттеудің шектен тыс өсуін шектеу және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мақсатында сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерлемелері және борыш жүктемесінің коэффициенті енгізілді, микроқаржы ұйымдары капиталының ең төмен мөлшері бойынша пруденциялық стандарттар көтерілді. Жұмыс істеп субъектілер үшін капиталдардың ең төмен мәндерін 2023 жылға дейін кезең-кезеңімен МҚҰ үшін 30 млн теңгеден 100 млн теңгеге дейін, кредиттік серіктестіктер үшін 10 млн теңгеден 50 млн теңгеге дейін, ломбардтар үшін 10 млн теңгеден 70 млн теңгеге дейін көтеру көзделеді. Бұл ретте жаңадан құрылатын ұйымдар жарғылық және меншікті капиталды көтерілген ең төмен мәндер деңгейінде қалыптастыруға тиіс.
Кәсіпкерлерді микрокредиттеуді дамыту үшін ауылдық шалғай аудандарда «Бастау Бизнес» жобасының түлектерін кредиттеу үшін «Атамекен» ҰКП-ның қатысуымен 15 жаңа МҚҰ құрылды.
Микроқаржы нарығы субъектілерінің айқындылығы мен тәртібін арттыру, сондай-ақ МҚҰ үшін талаптарды қатаңдату және қосымша шектеулер енгізу үшін 2021 жылғы мамырда Банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу туралы заң күшіне енді.
Заңмен азаматтардың кредиттер бойынша мерзімі өткен берешегін реттеудің банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін міндетті бірыңғай құқықтық режимі енгізіледі. Заңнама нормаларын енгізу нәтижесінде проблемалық берешекті реттеудің барлық процесі екі есеге – 180 күннен 90 күнге дейін қысқарады.
Халықтың сауаттылығын арттыру және оларды жаңылыстыруға жол бермеу шеңберінде Заңда жарнаманы тарату және орналастыру кезінде МҚҰ-ның ЖТСМ-ді көрсету міндеті енгізілді. Бұл тұтынушыларға бастапқы кезеңде алған қарыздарды ескере отырып, өз мүмкіндіктерін объективті бағалауға және болашақта қарыздарды өтеу кезінде қиындықтарды болдырмауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, микрокредит беру шартының мазмұнына, ресімделуіне және міндетті шарттарына қойылатын талаптар белгіленген.
Микрокредиттерді қашықтан беру форматын тарату жағдайында интернет-алаяқтық фактілері байқалды. Жалған кредиттер алу үшін азаматтардың жеке деректерін заңсыз алумен байланысты қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл үшін Агенттік клиенттерді идентификаттау талаптарын күшейтті. Ол үшін ағымдағы жылдың 30 сәуірінде Агенттік электрондық тәсілмен микрокредиттер беру кезінде клиенттерді идентификаттаудың барлық микроқаржы ұйымдары үшін міндетті жаңа тәртібін қабылдады. Жаңа талаптарға сәйкес енді клиентті сәйкестендіру үшін үш тәсілдің бірін пайдалану көзделген: ұлттық куәландырушы орталық ұсынған электрондық цифрлық қолтаңба, Ұлттық Банктің БЕАО СДАО қызметтерін пайдалану арқылы биометриялық идентификаттау немесе екі факторлы бірдейлендіру. Клиентке идентификаттау жүргізбей микрокредиттер беруге тыйым салынады.
Агенттік жүйелі деңгейде алаяқтық кредиттерді анықтау үшін құқық қорғау органдарымен ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуде. Бұл үшін Агенттік ІІМ-мен бірлесе отырып жалған қарыз операцияларының мониторингін күшейтіп, анықталған фактілер бойынша жедел ден қоюдың және заңсыз микрокредиттер бойынша қарыз алушылардың берешегін есептен шығару тетігін әзірлеудің ішкі алгоритмдерін оңтайландыратын болады.
Бұл шаралар онлайн микрокредиттер беру кезінде алаяқтық фактілерін едәуір азайтуға және қаржылық қызметтерді тұтынушыларды қорғауға мүмкіндік береді.
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Әлем жұлдыздары үнемділік пен ақша жинау туралы
Жинақтауға арналған сақтандыру – оны қалай пайдалануға болады
Фишингтік сайттарды қалайша тануға болады: негізгі проблемалары және пайдалы ұсынымдар