Алаяқтар қоғамдық өмірдегі үрдістер мен қаржы нарығындағы жаңалықтарды бақылап отырады, сондықтан да олар әдістері мен схемаларын үнемі жетілдіріп отырады. Қаскүнемдер өздеріне қажетті ақпаратты алса, аңғал адамдардың қалтасын бірнеше минуттың ішінде қағып алады.
Fingramota.kz бұған қалай жол бермеуге болатынын және алдаудың заманауи тәсілдері несімен таңқалдыратынын айтып береді.
«Кредит беруге ерікті тыйым салуды орнатуға көмектесеміз»
2024 жылғы ақпаннан бастап азаматтардың кредит алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу құқығы заңнамалық түрде енгізілді. Бұл – арнайы қорғау тетігі, оның көмегімен әрбір қазақстандық банктер мен микроқаржы ұйымдарында жаңа кредиттер алуға өз бетінше тыйым сала алады. Алаяқтар бұл жаңалықты пайдаланбай қоймады – олар ерекше алдау схемасын жасады.
Банк қызметкерінің атын жамылған қаскүнемдер ықтимал құрбанына қоңырау шалып, қазіргі уақытта оның атына кредит алуға өтініш берілгенін хабарлайды. Қоңырау шалушы: «Сіздің кредит алғыңыз келгені рас па?» деп сұрақ қояды. Әдетте, азаматтар ешқандай өтініш бермегенін айтып, бастарын ала қашады. Алаяқ осындай жауаптың боларын болжап, кредитке берілген өтінімнің күшін жойғанын хабарлайды, содан кейін алдағы уақытта мұндай жағдайды болдырмас үшін «Стоп кредит» қызметін пайдалануға кеңес береді. Ол үшін банктің ресми сайтына сілтеме жібереді, ал азамат кредиттен ерікті түрде бас тартуды белгілеу үшін сондағы нысанды толтыруы қажет.
Шын мәнінде, бұл сілтеме жеке және қаржылық ақпаратты жинау үшін құрылған фишингтік сайтқа апарады. Осы сайттағы нысанды толтырғаннан кейін тұтынушылар алаяқтарға өздерінің дербес деректерін береді.
Кеңес: кредиттер беруге өз бетінше тыйымды банктердің сайттарында емес, электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетте немесе eGov мобильді қосымшасында қоюға болады. Сондықтан да алаяқтардың айла-шарғыларына берілмеңіз, қоңырау шалушы бейтаныс адамдарға нұсқау беріп, SMS немесе мессенджерлер арқылы түсініксіз сілтемелерге өтуді кеңес берген кезде өте мұқият әрі сақ болыңыз.
«Ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шартты қайта ресімдейік»
Алаяқтар азаматтарға ұялы байланыс операторы қызметкерлерінің атын жамылып телефон шалып, абонент нөмірінің жақын арада қолданысы тоқтайтынын хабарлайды.
Байланыссыз қалмау үшін азаматтарға онлайн-форматта байланыс қызметтерін көрсету туралы шартты қайта ресімдеуге кеңес береді. Ол үшін ұялы телефонға белгілі бір сандар комбинациясын теріп, ұялы байланыс операторы-мыс жіберген SMS-кодты хабарлау қажет.
Егер сіз қаскүнемдерге сеніп, олардың айтқанының бәрін істесеңіз, қоңыраулар мен мәтіндік хабарларды, оның ішінде банктердің SMS-кодтарын алаяқтардың нөмірлеріне автоматты түрде бағыттауды іске қосасыз. Бұл оларға банктік шотыңызды қашықтан басқаруға қол жеткізіп, одан қолма-қол ақша алуға мүмкіндік береді.
Кеңес: Мұндай телефон қоңырауы түскен кезде әңгімені тоқтатыңыз. Егер сіз сөйлесуді жалғастырсаңыз және сөйлесу кезінде телефоныңызға жеке кабинеттен SMS-код келсе, оны ешкімге айтпаңыз. Мобильді байланыс операторына қолдау қызметіне оның ресми сайтында көрсетілген нөмір бойынша өзіңіз қоңырау шалыңыз.
«Мен саған лалагүл сыйлаймын…»
1-қыркүйек қарсаңында кейбір қазақстандықтар гүлдерді әлеуметтік желілер арқылы жеткізуге тапсырыс береді.
Соған байланысты фишингке тап болмас үшін, абай болу керек. Қаскүнемдер сырттай түпнұсқаларға ұқсайтын жалған интернет-дүкендер жасап, гүлдерді сату туралы хабарландырулар орналастырады, төмен бағамен гүл шоқтарын ұсынады. Сол бағаға қала бойынша, тіпті бүкіл ел бойынша жеткізу құны да қосылуы мүмкін.
Әдетте, азаматтардың көпшілігі тауардың бар-жоғына көз жеткізбестен, бірден тауар ақысын аударып не электрондық әмиянға салып жібереді. Нәтижесінде, алаяқтар ақша келіп түскеннен кейін телефондардын бұғаттайды және жарнамадан алып тастайды, ал адресаттарда не ақша, не гүл жоқ болып қала береді.
Алаяқтықтың тағы бір стандартты емес схемасы гүл жеткізумен байланысты. Қаскүнемдер азаматтарға қоңырау шалып, оларға шоқ гүлінің жеткізілгенін және оны алу үшін ұялы телефонына жіберілген SMS-кодты айту керектігін айтады. Мұның арты неге апаратынын болжау қиын емес.
Кеңес: Егер сіз тауарды онлайн сатып алғыңыз келсе, сайттың шынымен интернет-дүкенге тиесілі екеніне көз жеткізіңіз. Дүкеннің сайтында ғана емес, сонымен қатар танымал іздеу жүйелері арқылы өнім туралы пікірлерді мұқият оқып шығыңыз. Жалған пікірлерді тану қиын емес. Сондай-ақ, әлеуметтік желілердегі дүкен парақшасының қанша уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқанына назар аударыңыз.
Толығырақ "Абайлаңыз, алаяқтар" бөлімінен оқыңыздар
Бала мен қаржы: қалта ақшасын қалай онлайн басқаруға болады
Жаңа қағидалар: коллекторлар бұдан былай борышкерлермен қалай жұмыс істейді
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Қауіпті SMS: алаяқтар азаматтарды алдау үшін мәтіндік хабарламаларды қалай пайдаланады
Дропперлер дегеніміз кім және бұл неліктен қауіпті