Телефондағы жаз. Демалыс кезінде балаларды кибералаяқтардан қалай қорғауға болады

time 25.05.2026
aye 1611
Телефондағы жаз. Демалыс кезінде балаларды кибералаяқтардан қалай қорғауға болады

Жазғы демалыс тек велосипед тебу, аулада ойнау немесе әжеге қонаққа барумен шектелмейді. Бүгінде көптеген балалардың жазы бір уақытта екі кеңістікте өтеді: офлайн және онлайн. Ата-аналар жұмыста болған кезде, жасөспірімдер сағаттап ойын ойнайды, видео көреді, мессенджерлерде хат алмасады, әлеуметтік желілерде танысады және дауыстық чаттарда уақыт өткізеді. TikTok, Discord және Telegram — жазғы демалыс кезінде алаяқтар да белсенді кіретін платформалар.

«Тегін бонустар» және ойындардағы тұзақтар

Жаз мезгілінде балалардың цифрлық белсенділігі күрт артады. Онымен бірге алаяқтардың қызығушылығы да көбейеді. Олар үшін жазғы демалыс — ерекше маусым іспетті. Балалар жиі бақылаусыз қалады, шешімді тез қабылдайды және эмоциялық оқиғаларға оңай еріп кетеді: ұтыс ойындары, ойын ішіндегі сыйлықтар, «құпия» ұсыныстар немесе алаңдататын хабарламалар.

Ең үлкен қауіп аймағы — онлайн ойындар. Балалар алаяқтармен алғаш рет көбіне дәл сол жерде кездеседі.

Схема сырттай қарағанда зиянсыз сияқты көрінеді. Жасөспірімге әдемі профильдегі адам жазып, сыйлық ұсынады: ойын валютасы, сирек зат, дамытылған аккаунт немесе жабық мүмкіндіктерге қолжетімділік. Кейде алаяқтар танымал стримерлердің немесе таныс ойыншылардың атын жамылады

Одан кейін оқиға бір сценариймен жалғасады: сілтеме, авторизация, код немесе құпиясөз енгізу туралы өтініш. Бала мұны жай ғана бонус алып жатырмын деп ойлайды, бірақ шын мәнінде өз аккаунтына қолжетімділікті береді.

Осындай жағдайлардың бірінде мектеп оқушысы жазғы демалыс кезінде танымал ойында «тегін Battle Pass» алмақ болады. Жалған сайт арқылы кіргеннен кейін ол тек ойын аккаунтын ғана емес, сонымен бірге сол профиль байланыстырылған электрондық поштасына да қолжетімділігін жоғалтады. Жасөспірімдер үшін бұл жиі үлкен трагедияға айналады. Цифрлық әлемде аккаунт — жай ойын емес. Бұл айлар мен жылдар бойғы уақыт, байланыс және ақша.

Сондықтан бала аккаунтын қайтару үшін кез келген әрекетке баруға дайын болуы мүмкін. Бұл жерде оның жеке қауіпсіздігі де, себебі бейтаныс адамдар әртүрлі нұсқаулар беруі мүмкін, сондай-ақ ата-ананың қаражаты да қауіпке ұшырайды. Кей жағдайларда балалар ата-анасының банк картасы мен шот деректерін сүйікті ойынына қайта кіру үшін беріп қойған.

Ең өкініштісі — көп жағдайда аккаунтты қайтару мүмкін болмайды.

Қауіп тек ойыншының өзімен шектелмейді. Алаяқтар достардың атынан хабарлама жіберіп, оларды да алдауы мүмкін. Кейде баланың мейірімділігі мен көмектесуге деген ниеті өзіне қарсы жұмыс істейді. Сондықтан мұнда қауіп екі есе жоғары, ал сақтық деңгейі де соған сай болуы керек.

Әлеуметтік желілер: баланың қызығушылығы оған қарсы жұмыс істегенде

Ересектер көбіне қорқыныш арқылы алданса, балалар — қызығушылық арқылы.

«Бұл суреттегі сен бе?», «Сен туралы видео шықты», «Сен видеодасың»

Осындай хабарламалар мессенджерлерде күн сайын кездеседі. Әсіресе жазда, балалар жаңа адамдармен жиі танысып, белсенді түрде қосымша контактілер қосқанда.

Жалған сілтемелер фейк авторизация беттеріне апарады. Сырттай олар шынайы сервистерден айнымайды. Бала логин мен құпиясөзін енгізеді де, аккаунты алаяқтардың қолына өтеді.

Одан кейін екінші толқын басталады: оның атынан достарына ақша сұрау, конкурсқа дауыс беру немесе сілтеме ашу туралы хабарламалар жіберіледі. Хабарлама «өз адамынан» келгендіктен, оған сенім де жоғары болады.

Толығырақ "Абайлаңыз алаяқтар" бөлімінде оқыңыз

white-arrow Тізімге