Елдегі қайғылы оқиғалар нәтижесінде зардап шеккен қарыз алушыларға қолдау көрсету шараларына қатысты

time 20.01.2022
aye 5573
Елдегі қайғылы оқиғалар нәтижесінде зардап шеккен қарыз алушыларға қолдау көрсету шараларына қатысты

2022 жылғы 20 қаңтарда ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ-де «Қаржы секторы еліміздегі қайғылы оқиғалар нәтижесінде зардап шеккен қарыз алушыларға қолдау көрсетеді» деген тақырыпта баспасөз-брифингі өтті.

Брифингте жаппай тәртіпсіздіктер барысында зардап шеккен ШОБ субъектілеріне және азаматтарға көрсетілетін қолдау шараларына қатысты баяндамалармен Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры  Александр Терентьев және оның орынбасары Ернар Оразбаев сөз сөйледі.

Александр Терентьев өз баяндамасында көптеген микро және шағын бизнес субъектілеріне айтарлықтай материалдық шығын келтірілгенін, енді бүлінген мүлікті жөндеу және бизнестің қалыпты жұмысын қайта қалпына келтіру үшін уақыт қажет екенін атап өтті.

Осыған байланысты биыл жылдың басында Агенттік шұғыл түрде банктермен және микроқаржы ұйымдарымен жұмыс жүргізді және барлық кредиторлар үшін бірдей қарыздар мен микрокредиттердің барлық түрлері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру тәртібін қабылдады.

Белгіленген тәртіп шеңберінде барлық зардап шеккен заңды және жеке тұлғаларға төтенше жағдай енгізілген күннен бастап 3 айға төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі.

Қарыздар мен микрокредиттер бойынша төлем кейінге қалдырылған кезеңде барлық банктер мен МҚҰ айыпақылар, айыппұлдар және өсімпұлдар сомаларын есептемейді, сондай-ақ мерзімі өткен пайыздық сыйақыны капиталдандыруға жол берілмейді. Бұдан басқа, кредиттерді өтеу мерзімін өткізіп алу және төлем мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігін алу қарыз алушының кредиттік тарихын нашарлатуға және ол туралы кредиттік бюроларға теріс ақпарат беруге негіз болып табылмайды. Сонымен қатар төлемді кейінге қалдыру кезеңінде кредиторлар қарыз алушылар бойынша талап-арыз жұмысын жүргізуді, оның ішінде оларға мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттілігі туралы хабарлауды жүзеге асыра алмайды.

Төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін алу үшін қарыз алушы кез келген қолжетімді байланыс тәсілімен немесе кредитордың бөлімшесіне өзі  бару арқылы еркін нысанда өтініш жазуы қажет. Бұл 2020-2021 жылдардағы пандемия кезеңінде берілген төлемдерді кейінге қалдыру үшін қолданылған өте икемді тәртіп.

Александр Терентьев өтініш 3 ай ішінде, яғни ағымдағы жылғы 5 сәуірге дейін берілуі мүмкін екенін атап өтті.

Тәртіпсіздіктер кезінде ең көп зардап шеккен қарыз алушылар үшін өз бизнесін толық қалпына келтіру үшін ұзақ уақыт қажет болуы мүмкін. Сондықтан, кредитор мен қарыз алушының келісімі бойынша төлем мерзімін 3 айға кейінге қалдырудың орнына төлемді кейінге қалдырудың басқа ұзағырақ мерзімі белгіленуі мүмкін.

Қазір қарыз алушылар үшін төлемдерді кейінге қалдыру мерзімі аяқталғаннан кейін кредитті өтеу тәртібі маңызды мәселе болып табылады. Ол қарыз мерзімінің соңына дейін бұрынғы кейінге қалдырылған төлемдерді тең бөлу не кредит бойынша ағымдағы төлемдердің мөлшерін сақтау үшін қарыз мерзімін ұлғайту түрінде болуы мүмкін. Кредиттік ұйымның қарыз алушымен келісімі бойынша өзге кесте белгіленуі мүмкін.

Төтенше жағдай енгізілгеннен бастап Агенттік банктер мен МҚҰ-ның жеке және заңды тұлғаларға төлемді кейінге қалдыруға мүмкіндік беру үшін белгіленген талаптарды сақтауына күшейтілген бақылау жүргізеді.

Кредитордың негізсіз бас тартуын алған жағдайда, қарыз алушылар Агенттікке жүгінуге құқылы. Агенттік әрбір өтініш бойынша қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін дереу қадағалап ден қою шараларын қабылдайтын болады.

white-arrow Тізімге