Fingramota.kz сіздердің назарларыңызға қазақстандықтардың алаяқтықтан және қаржы пирамидаларынан қорғануға байланысты өзекті сұрақтарына жауаптар ұсынады.
Азаматтар ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен мынадай кері байланыс арналары арқылы консультациялар алуларына болады – бұл «𝑭𝒊𝒏𝒈𝒓𝒂𝒎𝒐𝒕𝒂 𝑶𝒏𝒍𝒊𝒏𝒆» мобильдік қосымшасы және «1459» нөмірі бойынша Call-орталық.
Мобильдік қосымша халықтың қаржы реттеушісімен жедел өзара іс-қимыл жасауы және кері байланысын нығайту мақсатында жұмыс істейді. Онда 14 тақырыптық бөлім ұсынылған, аталған бөлімдерде реттеушіге қаржы өнімдері мен көрсетілетін қызметтер, қаржы ұйымдарымен, МҚҰ, коллекторлық агенттіктермен өзара іс-қимыл, алаяқтық жағдайлары жөнінде сұрақтар қоюға болатын. «𝑭𝒊𝒏𝒈𝒓𝒂𝒎𝒐𝒕𝒂 𝑶𝒏𝒍𝒊𝒏𝒆» жұмыс істеген сәттен бастап ол арқылы пайдаланушылардан 10,1 мыңнан астам сұрақтар қабылданып, өңделді.
Қаржы реттеушісінің қызметінің қолжетімділігін арттыру және ол жөнінде толық ақпарат алу үшін Агенттікте call-орталық жұмыс істейді, ол арқылы бүгінде азаматтардан 59,1 мыңнан астам қоңырау түсті. Азаматтар
ҚНРДА-ға қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар ретінде олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, қаржы нарығына қатысушылармен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша консультациялар алу үшін ғана емес, сондай-ақ бұрын жіберілген өтініштердің мәртебесін нақтылау үшін де жүгінеді. Call-орталықтың жұмыс уақыты: жұмыс күндері сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін, түскі үзіліс сағат 13.00- ден 14.30-ға дейін.
Сұрақ: Жұмыс іздеп отырып, интернеттегі жарнаманы көрдім, онда пайдалы жобаға инвестиция салу ұсынылған. Оның мәні неде екенін түсінбедім, бірақ сипаттамаға сүйенсек, нәтижесінде қысқа мерзімде пайданы екі есе немесе тіпті үш есе арттыруға болады. Бұл қаржы пирамидасы болуы мүмкін бе?
Жауап: Қазіргі уақытта қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар өз қызметін әр түрлі қызмет салалары ретінде, әсіресе Желіде шебер жасырады. Сондықтан қаржы пирамидасын тану үшін оның белгілерін білу қажет.
Қаржы пирамидасының негізгі белгілері:
- қаржы нарығында ақша қаражатын тарту жөніндегі қызметті жүзеге асыру және/немесе ұйымның қызметін дәл айқындау үшін берілген уәкілетті органның лицензиясының болмауы;
- ағымдағы нарық деңгейінен бірнеше есе жоғары және өте жоғары кірістілік туралы уәде беру;
- жаңа қатысушыларды тартқаны үшін қаражат төлеу;
- «инвестициялық» жобаларға инвестиция салу кезінде кірістілік алуға кепілдік беру;
- БАҚ-та, интернетте жаппай жарнама жасау;
- құрылтайшылар, құрылтай құжаттары, қаржылық көрсеткіштер және қызмет нәтижелері туралы ақпараттың болмауы; есептіліктің болмауы; активтер құрылымын және инвестициялау бағыттарын жасыру;
- меншікті негізгі құралдардың, басқа да қымбат активтердің және басқалардың болмауы.
Егер ақша салуға шақыратын компанияда жоғарыда сипатталған белгілердің кем дегенде бірнешеуі болса, оның сенімділігіне күмән келтірген жөн.
Мұндай ұйымның жарнамасын көргеннен кейін дереу құқық қорғау органдарына – тұрғылықты жеріңіз бойынша ҚР Ішкі істер министрлігіне, сондай-ақ ҚР Қаржы мониторингі агенттігіне хабарласыңыз.
Қазақстанда қаржы пирамидасын құру және (немесе) оның қызметіне басшылық жасағаны үшін – қылмыстық (ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабына сәйкес); қаржы (инвестициялық) пирамида қызметінің жарнамасын шығарғаны, таратқаны және орналастырғаны үшін («Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 150-бабына сәйкес) әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Сұрақ: Брокердің шын немесе алаяқ екенін қалай танып, білуге болады?
Жауап: Брокер бағалы қағаздармен мәмілелерді өз клиентінің есебінен және оның мүддесі үшін уәкілетті орган – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы негізінде ғана және брокер мен клиент арасында брокерлік қызметтер көрсету туралы тиісті шарт жасалған жағдайда ғана жасауға құқылы.
Сондықтан Агенттіктің сайтында осы брокердің бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар-жоғын тексеру қажет. Қаржы реттеушісінің интернет-ресурсында көрсетілген осы брокердің деректемелері лицензияда көрсетілген деректемелермен сәйкес келуге тиіс.
Сұрақ: Егер мен алаяқтарға байқаусызда картаның деректерін айтып қойсам, не істеу керек?
Жауап: Алаяқтар сіздің төлем картаңыздың деректеріне және/немесе SMS арқылы келетін кодтарға алдау арқылы қол жеткізген жағдайда, сізге барынша тез уақытта эмитент банкке хабарласып, карточканы және оған байланыстырылған шотты бұғаттау қажет. Сондай-ақ, алаяқтық туралы өтінішпен құқық қорғау органдарына жүгіну керек.
Дербес деректерді ешбір жағдайда үшінші тұлғаларға беруге болмайтыны туралы ақпаратты банктің клиенттерге шарт жасау кезінде, сондай-ақ ақша аударымдарын жасау үшін растау кодтарын жіберген кезде үнемі еске салып отыратынын атап өтеміз.
ҚНРДА-ға банк (немесе өзге де қаржы ұйымы, сондай-ақ микроқаржы ұйымы) шарттың және қауіпсіздік хаттамасының талаптарын орындамайтын жағдайда жүгінуге болады.
Сондықтан өзіңіз бен өз қаражатыңызды қорғау үшін мынадай негізгі қағидаларды естен шығармаған жөн:
Есіңізде болсын! Банк өкілдері сізден шоттардың және банк карталарының деректемелерін, ПИН-кодтарды, CVV-кодтарды және басқа да конфиденциалды ақпаратты хабарлауды сұрамайды. Егер сізден осындай ақпарат сұралса, бұл туралы банктің жедел желісі арқылы хабарлаңыз.
Сондай-ақ қарыздар беруге дербес тыйым салу («Стоп кредит» немесе «6 айға банктік қарыздар, микрокредиттер алудан ерікті бас тарту») сияқты алаяқтардан қорғану тетігі туралы білген жөн. Бұл адамның банктерден, микроқаржы ұйымдарынан (МҚҰ) жаңа кредиттер алудан ерікті бас тартуы.
Мұндай тыйым салуды тек қарыз алушының өзі белгілей алады. Аталған опцияны пайдаланған кезде қарыз алушының кредиттік тарихында оның кредиттер алудан уақытша бас тартқаны жөнінде белгі пайда болады. Кредиттік ұйым кредиттік бюролардан деректерді сұрақтан кезде шектеу жөнінде осындай белгіні көреді және автоматты түрде клиентке қарыз бермеу туралы шешім қабылдайды.
Бұл ретте шектеу ломбардтарға, сондай-ақ өз клиенттерінің кредиттік тарихына баға бермейтін ұйымдарға қолданылмайды. Банктік қарыздар, микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тартуға egov.kz сайтында және е-GOV mobile қосымшасында қол жеткізуге болады.
Абай болыңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Әлем жұлдыздары үнемділік пен ақша жинау туралы
Жинақтауға арналған сақтандыру – оны қалай пайдалануға болады
Жаңа қағидалар: коллекторлар бұдан былай борышкерлермен қалай жұмыс істейді