Fingramota.kz сіздердің назарларыңызға ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің кері байланыс арналары - «Fingramota Online» мобильдік қосымшасы арқылы және Call-орталықтың 1459 нөмірі бойынша келіп түскен азаматтардың өзекті сауалдарына жауаптар ұсынады.
«Fingramota Online» мобильдік қосымшасы Агенттікте халықтың қаржы реттеушісімен жедел өзара іс-қимылын және кері байланысын нығайту мақсатында жұмыс істейді. Аталған қосымшада 14 тақырыптық бөлім ұсынылған, онда реттеушіге қаржы өнімдері мен көрсетілетін қызметтер, алаяқтық жағдайларында қаржы ұйымдарымен, МҚҰ, коллекторлық агенттіктермен өзара іс-әрекеттесу жөнінде сұрақтар қоюға болады. Қосымша іске қосылған сәттен бастап «Fingramota Online» арқылы пайдаланушылардан 10 мың сұрақ қабылданып, өңделді.
Қаржы реттеушісінің қызметі жөнінде ақпараттың қолжетімділігі мен толықтығын арттыру үшін Агенттікте call-орталық жұмыс істейді, ол арқылы бүгінде азаматтардан 52,8 мыңнан астам қоңырау түсті. Call-орталықтың жұмыс уақыты: жұмыс күндері сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін, түскі үзіліс сағат 13.00- ден 14.30-ға дейін.
Сұрақ: Банктер мен МҚҰ су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға қандай да бір көмек көрсетіп жатыр ма?
Жауап: Иә, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен және микроқаржы ұйымдарымен бірлесіп зардап шеккен азаматтарды, шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау бойынша мынадай іс-шараларды іске асыруда:
- жергілікті атқарушы органдардың тізімдеріне сәйкес су тасқынынан зардап шеккендер санатына жатқызылған барлық азаматтарға кредиттер бойынша төлемдерді автоматты түрде кейінге қалдыру 2024 жылғы 1 сәуір мен 30 маусым аралығында 3 ай мерзімге беріледі;
- зардап шеккен азаматтардың кредиттері бойынша су тасқыны салдарының ықпалынан туындаған, төлемдерді кешіктіргені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмейді;
- су тасқыны шаруашылық қызметтің бұзылуына әкеп соққан барлық зардап шеккен жеке кәсіпкерлерге, сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілеріне олардың берген өтініштері ескеріле отырып, кредиттері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі берілетін болады.
Банктер мен МҚҰ қарыз алушылардың мүлкі мен жеке шаруашылығына, кірістері мен қаржылық жағдайына келтірілген залалдың әсерін бағалау үшін әрбір зардап шеккен қарыз алушының жағдайына жеке талдау жүргізеді, соның негізінде кредиттер бойынша дербес қолдаудың қосымша шаралары айқындалатын болады.
Зардап шеккен азаматтар мен кәсіпкерлерді қарыз алушыларға көмек көрсету шаралары туралы хабардар ету мақсатында кредиттік ұйымдардың ресми сайттары мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарында тиісті өтініштерді берудің нақты алгоритмдері және кредиттерді қайта құрылымдау тәртібі жарияланады.
Сұрақ: Банк қызметкерлері менде кредит бойынша төлемді кешіктіргенім үшін күніне 7-8 реттен артық қоңырау шалады. Бұл қаншалықты заңды, банк менеджерлері күніне қанша рет қоңырау шала алады?
Жауап: Банктің төлеу кешіктірілген берешегі бар қарыз алушымен немесе оның өкілімен, банктік қарыз шарты шеңберінде кредитормен міндеттемелермен байланысты үшінші тұлғамен өзара іс-қимылы былайша жүзеге асырылады:
- жұмыс күндері сағат 8.00-ден 21.00-ге дейінгі кезеңде қарыз алушының тұрғылықты жері немесе орналасқан жері не қарыз алушының тіркелген жері не банктің (филиалдың) үй-жайында аптасына үш реттен артық емес және егер өзге уақыт, кезеңділік және күн (демалыс және (немесе) мереке күндері) қарыз алушымен келісілмеген болса, онда жұмыс күні бір реттен артық емес);
- жұмыс күндері сағат 8.00-ден 21.00-ге дейінгі кезеңде үш реттен артық емес және банктің бастамасы бойынша телефон сөйлесулері арқылы демалыс және мереке күндері сағат 9.00-ден 19.00-ге дейінгі кезеңде екі реттен артық емес.
Сұрақ: Менің шотыма тыйым салынды, бұл туралы жеке сот орындаушысы хабарлады. Банк бұл тыйым салуды уақытша алып тастай ала ма?
Жауап: Банктік шоттағы ақшаға тыйым салу осы құқыққа ие уәкілетті мемлекеттік органдардың, лауазымды адамдардың немесе сот орындаушыларының тиісті шешімдерінің негізінде жүргізіледі. Осы шешімдер жойылғаннан кейін ғана уәкілетті мемлекеттік органдар немесе лауазымды адамдар банктік шот бойынша шығыс операцияларын қайта бастай алады. Сондықтан екінші деңгейдегі банктер осы шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы немесе аталған шешімнің күшін жою туралы шешім қабылдаған лауазымды адамның қаулысы қабылданғанға дейін шоттарды (тыйым салуды) өз бетінше алып тастауға құқылы емес.
Сіз ЖСО-ға тиісті жазбаша өтініштермен не жеке сот орындаушыларының аймақтық немесе республикалық палатасына жүгінуіңіз керек. ЖСО әрекеттерімен келіспеген жағдайда сіз жауапкерлердің орналасқан жері бойынша сотқа дербес жүгінуге құқылысыз.
Сұрақ: Менде микрокредит бар, ол бойынша мерзімі өткен берешек қалыптасты. Мен МҚҰ-ға көмек алу үшін тікелей хабарласуым керек пе? Мұндай жағдайда атқарылатын іс-қимыл алгоритмін айтып бересіз бе.
Жауап: 2021 жылғы 1 қазаннан бастап азаматтардың мерзімі өткен берешегін реттеудің бірыңғай міндетті тәртібін енгізу бөлігінде банктер және банк қызметі, сондай-ақ микроқаржылық қызмет туралы заңдарға түзетулер күшіне енді. Мерзімі өткен берешегі бар жеке тұлға-қарыз алушылар өз кредиттерін құқықтық аясында олардың өтініштерін міндетті түрде қарайтын кредиторлармен тікелей қайта құрылымдау жөніндегі мәселелерді шеше алады.
Іс-қимыл алгоритмі мынадай болып келеді. Осы реттеу тетігіне сәйкес МҚҰ қарыз алушыны төлем мерзімі кешіктірлген сәттен бастап төлем мерзімінің кешіктірлгені туралы 20 күн ішінде хабардар етуге міндетті. Хабарламада кредиторлар, сондай-ақ азаматтарды орын алған төлем мерзімінің кешіктірілуінің нақты мөлшерін көрсете отырып, төлемдер енгізу қажеттігі туралы хабардар етуге, олардың МҚҰ-ға жүгіну құқығы және микрокредиттер бойынша өз міндеттемелерін орындамаудың салдары туралы айтуға тиіс.
Қарыз алушылар, өз кезегінде, мерзімін өткізіп алу басталған күннен бастап 30 күн ішінде жазбаша өтінішпен немесе кредиттік шартта жазылған өзге де тәсілмен микрокредиттерді қайта құрылымдау үшін кредиттік ұйымға жүгінуге тиіс. Өтініште мерзімін өткізіп алу не себепті туындағанын көрсету, ықтимал қайта құрылымдаудың өз нұсқаларын ұсыну және кірісінің төмендегенін және өз міндеттемелері бойынша төлем жасаудың мүмкін еместігін куәландыратын растайтын құжаттарды ұсыну қажет.
Қарыз алушының өтінішін микроқаржы ұйымы міндетті түрде қабылдауы, тіркеуі, есепке алуы және қарауы тиіс. Толық емес мәліметтерді ұсынған кезде қарыз алушы оларды МҚҰ-дан хабарлама алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде ұсынады.
Құжаттардың толық пакетін алғаннан кейін кредитор өтінішті қарайды, бұл ретте қарыз алушының ағымдағы қаржылық жағдайы (төлем қабілеттілігі) әлеуметтік жағдайы, микрокредит бойынша міндеттемелердің адал орындалуы сияқты факторларды ескере отырып қарайды.
Кредитор өз жауабын күнтізбелік 15 күн ішінде беруі керек. Бұл келісім, содан кейін ол қарыз алушы ұсынған шарттың талаптарына енгізілген өзгерістерді қабылдай алады. Немесе микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгерту бойынша ұсыныстар. Немесе уәжді себеп негіздемелерін көрсете отырып бас тарту.
Қарыз алушы немесе кредитор ұсынған қайта құрылымдау талаптары: сыйақы мөлшерлемесін не сыйақы мәнін төмендету, төлемді кейінге қалдыру, өтеу әдісін өзгерту, қарыз мерзімін ұлғайту, сыйақының мерзімі өткен негізгі борышын кешіру, айыпақыны (айыппұлды) жою түрінде болуы мүмкін.
Белгілі бір шешімді МҚҰ дербес түрде, қаржы реттеушісінің қатысуынсыз, жеке тәртіппен, туындаған өмірлік жағдайға және қарыз алушының қаржылық жағдайына қарай қабылдайды.
Шарттың талаптарына өзгерістер енгізу МҚҰ осындай шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде жүзеге асырылады.
Егер қарыз алушы микроқарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша кредитормен келісімге келе алмаса, оның ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқығы бар. Бұл ретте қарыз алушы МҚҰ-ға жүгінгені және өзара тиімді шешімге қол жеткізбегені туралы дәлелдерді ұсынуға тиіс. Агенттік өтініш берушінің өтініші негізінде өз өкілеттігінің шеңберінде кредиторға қатысты құжаттамалық тексеруге бастамашы болады және тексеру іс-шаралары аяқталғаннан кейін мәселені жан-жақты қарауына және қабылдаған шешіміне қатысты кредиттік ұйымның іс-әрекеттерін бағалауды ұсынады.
Еске саламыз, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушы ретінде өз құқықтарыңызды қорғау үшін, сіз Агенттікке ресми өтінішпен, жазбаша: А15С9Т5, Алматы қ., Көктем-3 шағын ауданы, 21-үй мекенжайы бойынша, сондай-ақ Egov.kz электрондық үкімет порталы немесе аумақтық тиесілігі бойынша – Өңірлік өкілдер басқармасы арқылы жазбаша жүгінуіңізге болады.
Агенттікте 2023 жылдан бастап Қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді, онда азаматтар ақпараттық-анықтамалық сипатта консультациялар алып, қаржы реттеушісінің қызметіне қатысты мәселелерді жедел түрде шеше алады.
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Әлем жұлдыздары үнемділік пен ақша жинау туралы
Жинақтауға арналған сақтандыру – оны қалай пайдалануға болады
Фишингтік сайттарды қалайша тануға болады: негізгі проблемалары және пайдалы ұсынымдар