Кері байланыс: тамызда жиі қойылған сұрақтарға жауаптар

time 2.09.2021
aye 3632
Кері байланыс: тамызда жиі қойылған сұрақтарға жауаптар

«Fingramota Online» мобильдік қосымшасының пайдаланушылар арасында танымалдығы арта бастады. Мұнда 14 тақырыптық бөлім бар, олардың көмегімен тиісті сұрақтарды қойып, құзырлы әрі оралымды түсіндірулер алуға болады. 2020 жылғы 25 маусымнан, яғни мобильдік қосымша жұмыс істей бастаған сәттен бастап 5 мыңнан аса өтініш келіп түсті. Ағымдағы айдың басынан бері осы мессенджердің көмегімен пайдаланушылардың 100-ден аса сұрағы өңделді.  

Тамызда азаматтар Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасының іске асырылу барысымен, коллекторлық агенттіктермен өзара іс-қимыл жасаумен, пайдаланушының конфиденциалды деректерін қорғаумен және қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимылмен байланысты сұрақтарды жиі қойды. 

Сұрақ: Қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша қосымша көмек алуы үшін ХӘОТ өкілдері банкке өтінішті қай мерзімге дейін беруі қажет?

Жауап: Саламатсыз ба! 2020 жылы COVID-19 пандемиясына және қатаң карантиндік шектеулердің енгізілуіне, сондай-ақ ағымдағы жылғы күрделі эпидемиологиялық ахуалға байланысты ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы 2021 жылғы 16 шілдеде ипотекалық қарыз алушыларға қосымша қаржылай көмек көрсету мерзімін 2021 жылғы 1 қарашаға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.

Ипотекалық қарыз алушыларды барынша көбірек қамту және олардың банктерге құжаттар топтамасын дайындауына уақыт беру үшін қарыз алушылардың Бағдарлама бойынша қосымша көмек алуға өтініш жасау мерзімі 2021 жылғы 1 қазанға дейін ұзартылды.   

Тиісінше, егер сіздің өтінішіңіз банкке көрсетілген мерзімге дейін келіп түссе, ол қаралып, өтінішіңіз бойынша қарыздар бойынша қаржылай көмек көрсету туралы қажетті шешім қабылданатын болады.

Сұрақ: Мен туысымның қарызы бойынша кепілгер болып табыламын. Осыған байланысты кепілдік заңға сәйкес қай кезде тоқтатылады және борышкер өз борышын басқа тұлғаға аудара ала ма деген сұрақтар туындайды.

Жауап: Саламатсыз ба! Банктер туралы заңның 35-бабына сәйкес кредиттердің қайтарымдылығы айыпақымен, кепілзатпен, кепілдікпен, кепілгерлікпен және заңнамада немесе шартта көзделген басқа да тәсілдермен қамтамасыз етілуі мүмкін.

ҚР Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – ҚР АК) 329-бабының 1-тармағында кепiлдiк бойынша кепiлдiк берушi, заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, басқа жақтың (борышқордың) несие берушiсi алдында осы жақтың мiндеттемесiнiң орындалуына толық немесе борышқормен ортақтасып iшiнара жауап беруге мiндеттенетінi көзделген.

Бұл ретте бiрлесiп кепiлдiк берген адамдар, егер кепiлдiк шартында өзгеше белгiленбесе, кредитор алдында ортақтасып жауап бередi.

ҚР АК 336-бабына сәйкес кепiлдiк және кепiлгерлік өздерi қамтамасыз еткен мiндеттеменiң тоқтатылуымен бiрге, егер шартта кепiлдiкті тоқтатудың өзге де жағдайлары көзделмесе, сондай-ақ осы мiндеттеме кепiл мен кепiлгердің жауапкершiлiгiн соңғылардың келiсiмiнсiз арттыруға немесе өзге де теріс салдарларға алып келмейтіндей болып өзгерген жағдайда тоқтатылады.

Кепiлдiк және кепiл болушылық, егер кепiлдiк берушi немесе кепiл болушы несие берушiге жаңа борышқор үшiн жауап беруге келiсiм бермесе, кепiлдiкпен немесе кепiл болушылықпен қамтамасыз етiлген мiндеттеме жөнiндегi борышты басқа жаққа ауыстырумен тоқтатылады.

Кепiлдiк және кепiл болушылық, егер олар өздерi қамтамасыз еткен мiндеттеменi орындау мерзiмiнiң басталуына қарай борышқор немесе кепiлдiк берушi мен кепiл болушы ұсынған тиiстi дәрежедегi орындауды қабылдаудан кредитор бас тартса тоқтатылады.

ҚР АК 348-бабының 1-тармағына сәйкес борышқордың өз борышын басқа адамға ауыстыруына тек кредитордың келiсiмiмен ғана жол берiледi. Осылайша, кредитор қарыз алушының борышын басқа тұлғаға ауыстыру мәселелері бойынша шешімді өзінің ішкі рәсімдеріне сәйкес дербес қабылдайды.

Сұрақ: Интернетте өздерін жарнамалайтын күмәнді ұйымдар көбейіп кетті, бұл қаржы пирамидалары болуы мүмкін. Алаяқтарды қалай ажыратуға болады? Оларға тән, назар аударуды қажет ететін  ерекше белгілері бар ма?

Жауап: Саламатсыз ба! Заманауи қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар өз қызметін түрлі қызмет түрлерімен, әсіресе, интернетте бүркемеленіп, шебер жасыра біледі. Сондықтан қаржы пирамидасын тану үшін оның белгілерін білу қажет.

Олардың негізгілері мыналар:

  • уәкілетті органның қаржы нарығында ақша қаражатын тарту бойынша қызметті жүзеге асыруға лицензиясының және/немесе ұйым қызметінің нақты анықтамасының болмауы;
  • ағымдағы нарықтық деңгейден бірнеше рет асатын жоғары және аса жоғары кірістілікке уәде беру;
  • жаңа қатысушыларды тартқаны үшін қаражат төлеу;
  • «инвестициялық» жобаларға салған кезде табыс алуға кепілдік беру;
  • БАҚ-та, интернетте жаппай жарнамалау;
  • құрылтайшылар, құрылтай құжаттары, қаржылық көрсеткіштер және қызмет нәтижелері туралы ақпараттың болмауы; есептіліктің болмауы; активтер мен инвестициялау бағыттары құрылымының анық болмауы;
  • меншікті негізгі құрал-жабдықтың, басқа да қымбат активтердің болмауы және т. б.

Егер ақша салуға шақыратын компанияда жоғарыда сипатталған белгілердің кем дегенде бірнешеуі болса, оның сенімділігі күмән туындатуы қажет.

Осындай ұйымның жарнамасын көрсеңіз, дереу құқық қорғау органдарына – тұрғылықты жеріңіз бойынша ҚР Ішкі істер министрлігіне, сондай-ақ ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне және ҚР Қаржы мониторингі агенттігіне хабарласыңыз.

Қазақстанда қаржы пирамидасын құрғаны және (немесе) оның қызметіне басшылық жасағаны үшін (ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабына сәйкес)  қылмыстық жауапкершілік, қаржы (инвестициялық) пирамидасы қызметінің жарнамасын жасағаны, таратқаны және орналастырғаны үшін («Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексінің 150-бабына сәйкес) әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Сұрақ:  Микроқаржы компаниясы салымдар қабылдауға құқылы ма?

Жауап: Саламатсыз ба! Жоқ, Қазақстанда салымдарды тартуға екінші деңгейдегі банктер мен «Қазпошта» АҚ ғана құқылы. Дәл осы ұйымдардың азаматтардан салымдар қабылдауға ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген лицензиясы бар. Лицензияның бар болуын қаржы реттеушісінің сайтында тексеруге болады. 

Сұрақ:   Брокердің нағыз брокер не алаяқ екендігін қалай тексеруге болады? 

  Жауап: Саламатсыз ба! Брокер өз клиентінің есебінен және мүддесінде бағалы қағаздармен мәмілелерді уәкілетті органның – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы негізінде және брокер мен клиент арасында брокерлік қызметтер көрсету туралы тиісті шарт жасалған жағдайда ғана жасауға құқылы. Сондықтан Агенттіктің сайтында осы брокердің бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар-жоғын тексеру қажет. Осы брокердің қаржы реттеушісінің интернет-ресурсында көрсетілген деректемелері лицензияда көрсетілген деректемелерге сәйкес келуі тиіс.

Сұрақ:   Банк қандай жағдайларда және қандай негіздерде жеке тұлғаның төлем карточкасын пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыруға – тауарларға ақы төлеуге де, ақшаны алуға да тыйым салуды енгізе алады?

Жауап: Саламатсыз ба! Бұл жағдайлар Төлем карточкаларын шығару қағидаларының 80-тармағында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 205 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілетін операцияларға қызмет көрсету жөніндегі қызметке қойылатын талаптарда жазылған. 

Осылайша, эмитент банк төлем карточкасын, егер:

  • төлем карточкасының иесі банк менеджеріне төлем карточкасының жоғалғаны, ұрланғаны немесе заңсыз пайдаланылғаны туралы хабарласа;
  • «пластик» ұстаушы төлем карточкасын беру туралы шартты орындамаса;
  • тараптар арасындағы шартта көзделген төлем карточкасын пайдаланудың ішкі құжаты сақталмаса бұғаттай алады.

Төлем карточкасын бұғаттау талаптары оны шығару туралы шартта келісіледі. Сондықтан, шартқа қол қоймас бұрын, онымен мұқият танысуыңыз керек.

Сұрақ: Егер мен алаяқтарға картаның деректерін хабарласам, не істеуім керек?  

Жауап: Саламатсыз ба! Егер алаяқтар алдау жолымен Сіздің төлем картаңыздың деректерін және/немесе SMS арқылы келетін кодтарды алып алса, сіз эмитент банкке мүмкіндігінше тезірек хабарласып, карточканы және онымен байланысты шотты бұғаттап тастауыңыз керек. Сондай-ақ алаяқтық туралы өтінішпен құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.

Жеке деректерді ешқандай жағдайда үшінші тұлғаларға беруге болмайтындығы туралы ақпаратты банк шарт жасасу кезінде де, ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін растау кодтарын жіберу кезінде де үнемі клиенттердің есіне салып отыратынын атап өтеміз.

Банк (немесе басқа қаржы ұйымы, сондай-ақ микроқаржы ұйымы) шарттың және қауіпсіздік хаттамасының талаптарын сақтамаған жағдайда, ҚНРДА-ға жүгінуге болады.

Сондықтан өзіңізді және қаржыңызды қорғау үшін негізгі қауіпсіздік ережелерін есте сақтау қажет:

1) Ешбір жағдайда ешкімге өзіңіздің дербес деректеріңізді, оның ішінде жеке басты куәландыратын құжаттардың көшірмелерін жібермеңіз;

  1. Ешқашан төлем картасының деректемелерін: 16-таңбалы нөмірді, ұстаушының атын, қолданылу мерзімін, CVV/CVC-кодты бермеңіз және жарияламаңыз (оның ішінде әлеуметтік желілерде);
  2. Операцияларды авторизациялау және растау үшін ешкімге, оның ішінде банк қызметкерлеріне SMS-кодтарды хабарламаңыз;
  3. Өзіңіздің банктік картаңызды үшінші тұлғаларға, тіпті туыстарыңызға, оның ішінде кафе мен мейрамханаларда төлем жүргізу үшін бермеңіз;
  4. Карта жоғалған жағдайда оны дереу жабыңыз немесе банктің жедел желісіне қоңырау шалып, барлық операцияларды тоқтата тұрыңыз;
  5. Банк қызметкерлері карта бойынша деректерді немесе алынған SMS-терді ұсыну талабымен клиентке ешқашан бірінші болып қоңырау шалмайды. Осы мәселелер бойынша кез келген байланысты тек клиент бастайды;
  6. Банкоматты пайдалану кезінде құрылғының жалпы аумағынан шығып кететін күдікті заттардың бар-жоғын қарап шығыңыз. Құрылғының қауіпсіздігіне көз жеткізгеннен кейін де, ПИН-кодты әрдайым сандарды бөтен адамның көзіне көрінбейтін етіп қалқалап тұрып енгізу ұсынылады;
  7. Егер сіз Интернет арқылы банктік картаны пайдаланып төлемдер мен сатып алулар жасасаңыз, күдікті поштаны ашпаңыз және белгісіз сілтемелерге өтпеңіз. Олардың құрамында алаяқтарға компьютерден ақпаратты қашықтан бере алатын вирус болуы мүмкін;
  8. Шоттың барлық өзгерістерін және жасалған транзакцияларды жедел қадағалау үшін SMS немесе push-хабарламаларды қосыңыз. Осылайша, сіз өз картаңыз бойынша күдікті операцияларды жедел қадағалай аласыз.

Есіңізде болсын! Банк өкілдері сізге шоттардың және банк карталарының деректемелерін, ПИН-кодтарды, CVV-кодтарды және басқа да құпия ақпаратты хабарлауды сұрамайды. Егер сізден осындай ақпарат сұралса, бұл туралы банктің жедел желісі арқылы хабарлаңыз.

Сұрақ : Бір коллекторлық ұйымның қызметкері мазамды алады, бірақ менде қарыз жоқ. Мен бұл қоңыраулардың тоқтағанын қалаймын. Мен өз құқығымды қорғау үшін қайда жүгіне аламын?

 Жауап: Саламатсыз ба! Сіз Агенттікке:

✅ А15С9Т5, Алматы қаласы, Көктем-3 шағын ауданы, 21-үй мекенжайы бойынша курьер арқылы жазбаша түрде;

info@finreg.kz электрондық поштасы арқылы;

✅ egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы;

📶 аумақтық тиістілігі бойынша Агенттіктің Өңірлік өкілдер басқармалары арқылы жүгіне аласыз.

Жүгінген кезде өтінішке қатысты өз деректеріңізді және толық ақпаратты, сондай-ақ коллекторлық ұйымның атауын, егер сізге қоңырау шалған қызметкер өзін таныстырса, онда оның аты мен телефон нөмірін көрсетіңіз. Өтініш заңнамада белгіленген мерзімде қаралатын болады.

Сіз Қазақстанның ұлттық коллекторлар палатасының https://stop-collector.kz/ сайтында өтінім қалдыра аласыз  , +7 707 573 0000  телефон нөмірі бойынша немесе +7 776 508 33 00 телефон нөмірі бойынша Қазақстан коллекторлардың қауымдастығына хабарласа аласыз.

Агенттікте 2021 жылғы 24 мамырдан бастап +7 (727) 237 1000 нөмірі бойынша Call-орталық жұмыс істейтінін еске саламыз, ол арқылы өтініш берушілер Агенттікке қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, банк, сақтандыру, зейнетақы салаларындағы, бағалы қағаздар нарығы саласындағы қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіру мәселелері, сондай-ақ микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктердің қызметіне байланысты мәселелер бойынша консультациялар алу үшін жүгіне алады. Сондай-ақ азаматтар бұрын берілген өтініштердің мәртебесін нақтылау және Агенттік басшылығының қабылдауына жазылу үшін Call-орталыққа жүгіне алады. Call-орталықтың жұмыс уақыты: жұмыс күндері сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін. Сенбі, жексенбі және мереке күндері қоңырауларды қабылдау жүзеге асырылмайды. Халыққа түсіндірме мемлекеттік және орыс тілдерінде беріледі.

 

white-arrow Тізімге