«Квику» микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды

time 5.08.2022
aye 5369
«Квику» микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Нұр-Сұлтан қаласындағы өңірлік өкілдері басқармасы бастығының 05.08.2022 жылғы № 118 бұйрығына сәйкес «Квику»  микроқаржы ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – МҚҰ) микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясынан айырылды.

Лицензиядан айыру үшін «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 2-тармағының 2) және 4) тармақшаларына сәйкес мыналар негіз болды:

–  қызметін Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын, сондай-ақ уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерін жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) бұза отырып жүзеге асыру;

– «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделмеген қызмет түрлерін жүзеге асыру.

МҚҰ қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде есептеу тәртіптерін және қарыз алушының борыш жүктемесі коэффициентінің және жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мәндерін сақтамауынан, сондай-ақ қарыз алушылардан «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделмеген өзге де төлемдерді алудан көрінетін бұзушылықтарға жол берген.

Жіберілген бұзушылықтар қарыз алушылардың борыш жүктемесінің негізсіз ұлғаюына әкелген МҚҰ тарапынан жүйелі түрде асыра пайдаланулар орын алғанын көрсетеді.

«Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-тармағының талаптарына сәйкес МҚҰ Агенттік микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензиядан айыру туралы шешім қабылдаған күнінен бастап күнтізбелік  отыз күн ішінде өзінің атауынан  аталған заңды тұлғаның микрокредиттер беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратынын білдіретін «микроқаржы ұйымы» деген сөздерді, одан туындайтын сөздерді немесе  аббревиатураларды алып тастау арқылы қайта тіркеу рәсімін өткізуге не қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдауға тиіс.

МҚҰ-ны лицензиясынан айыру қарыз алушыларды ұйым алдындағы өз міндеттемелерін уақтылы және толық көлемде орындау міндетінен босатпайды.

Микрокредит беру туралы шарттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар МҚҰ клиенттері микрокредит беру туралы жасалған шарттардың талаптарына сәйкес МҚҰ алдындағы міндеттемелерді орындамағаны үшін жауапты болады.

Толығырақ: https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/press/news/details/409390?lang=kk

white-arrow Тізімге