Республиканың қаржы ұйымдары Covid-19-ға байланысты жұмыс режимін өзгертеді

time 19.01.2021
aye 1378
Республиканың қаржы ұйымдары Covid-19-ға байланысты жұмыс режимін өзгертеді

Ұлттық Банк пен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2021 жылғы 19 қаңтарда қаржы нарығы субъектілерінің жұмыс режимін өзгерту туралы бірлескен бұйрық шығарды. Мәселен, еліміздің «қызыл», «сары» және «жасыл» аймақтарындағы ұйымдардағы қызметкерлер саны бойынша шектеу белгіленеді.

Бұйрық екінші деңгейдегі банктерге, бейрезидент-банктердің филиалдарына, айырбастау пункттеріне, ипотекалық ұйымдарға, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына, сақтандыру брокерлеріне, МҚҰ-ға, кредиттік серіктестіктер мен ломбардтарға, төлем ұйымдары мен коллекторлық агенттіктерге қатысты. Құжат Қазақстан Республикасы азаматтарының өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында қабылданды.

Бұйрықта көрсетілген субъектілерге қызметтерді барынша онлайн-режимде көрсетуді қамтамасыз ету тапсырылды. «Қызыл» аймаққа жататын өңірлердегі қаржы ұйымдары қашықтан жұмыс істеу нысанына қызметкерлерінің кемінде 60%-н ауыстыруға тиіс. Өндірістік қажеттілік болған кезде қашықтан жұмыс істеу нысанына қызметкерлерінің кемінде 40%-ы ауыса алатын бөлімшелерге бұл талап қолданылмайды. Олар санитарлық-дезинфекциялау режимінің шараларын қатаң сақтауға тиіс.

«Сары» және «жасыл» аймақтар – өндірістік қажеттілігі қашықтан жұмыс істеу нысанына қызметкерлерінің кемінде 30%-ы ауысуы мүмкін болатын филиалдарды қоспағанда, қызметкерлердің кемінде 50%-ын қашықтан жұмыс істеу нысанына ауыстырсын.

«Екінші деңгейдегі банктер клиенттердің операцияларын өңдеуді жүзеге асыратын қызметтердің жұмысын ұйымдастыруды және банкоматтардың, терминалдардың, интернет-банкингтің, мобильдік банкингтің және клиенттердің банктік шоттарын қашықтан басқарудың басқа жүйелерінің, инкассаторлық қызметтің, call-қызметтің, төлем карталарын жеткізу қызметінің, сондай-ақ олардың қалауы бойынша басқа қызметтердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етсін. Банктер және қызметінің айрықша түрі банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау болып табылатын заңды  тұлғалар экономиканың субъектілерін және халықты қолма-қол ақшамен қамтамасыз ету бойынша, оның ішінде банкоматтарды қолма-қол ақшамен толықтыру және олардың үздіксіз жұмыс істеуі бойынша үзіліссіз қызметті жүзеге асыруды қамтамасыз етсін», - деп айтылған бұйрықта.

Ұлттық Банк пен Агенттіктің бірлескен бұйрығы 2021 жылғы 19 қаңтардан бастап күшіне енеді және Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысында көзделген шектеу шаралары мен іс-шараларының күші жойылғанға дейін қолданылады.

 

 

white-arrow Тізімге