Сақтықта қорлық жоқ: алаяқтардың арбауына түспеу жолдары

time 19.05.2022
aye 6620
Сақтықта қорлық жоқ: алаяқтардың арбауына түспеу жолдары

Бас прокуратураның деректері бойынша, соңғы бес жылда Қазақстанда тіркелген интернет-алаяқтық саны он еседен аса өскен: 2017 жылғы 2 мыңнан 2021 жылы 21 мыңға дейін. Әр түрлі жобаларға тиімді ақша салу, азаматтардың жеке деректерінің жария етілуіне байланысты банктік шоттардан қаражатты ұрлау және т.б. сылтаумен жасалған желідегі алаяқтық схемалар жиі кездеседі. Сонымен бірге телефон алаяқтары да жандана бастады.

Fingramota.kz сіз және сіздің жақындарыңыз алаяқтардың қулығына түспеуі үшін сізді қаржылық алаяқтық кейстерімен таныстыруды жалғастырады.

Соңғы уақытта интернет кеңістігінде бүркеме қазақстандық банктердің, телекоммуникациялық, мұнай-газ және мыс өндіретін компаниялардың сайттарына сілтемелер белсенді түрде таралуда: «Бүгін 70 000 теңге инвестициялап, апта сайын 150 000 теңге алыңыз», «Қазақстан тұрғындары үшін қосымша табыс, инвестициялап, 600 000 теңгеден табыңыз», «Компаниялардың Қазақстан тұрғындары үшін тиімді акциялар», «Осы жұмыс алгоритмімен жұмыс істеген 4 ай ішінде 10 пайдаланушының 8-і жылжымайтын мүлікке ақша жинаған....» және басқалар. Алаяқтар халықты тартып, олардың сеніміне ие болу үшін экономиканың түрлі секторларындағы табысты қазақстандық кәсіпорындардың брендтерін бүркемелеп, танымал блогерлердің, атақты адамдардың есімдері мен фотосуреттерін пайдалануда.

Алаяқтардың ең көп белсенділігі әлеуметтік желілерде байқалады, онда посттар таратылады және жарнамасы бар жалған сайттарға сілтемелер орналастырылады. Мұндай сайттардың мақсаты – әр түрлі инвестициялық құралдардың көмегімен тез және көп ақша тапқысы келетін адамдарды барынша көбірек тарту. Алаяқтар әлеуетті клиенттерге түрлі түсті есептер мен графиктерді ұсына отырып, инвестициялық қызмет сияқты етіп көрсетеді. Бірақ соңында салымшылардың қаражатын алып, жоқ болады, инвестор-сымақтар уәде етілген табыстан ғана емес, өздерінің бастапқы капиталынсыз қалады.

Жалған бейілділік бағдарламалары және «қызметке орналастыру» туралы хабарландырулар  

Белгілі компаниялардың маркетологтары көбіне байланыс жасау кезінде бейілділік бағдарламасын пайдаланады және өз өнімдері мен қызметтерінің тиімділігін бағалау үшін тұтынушылар арасында сауалнама жүргізеді. Бұл қызмет қаржы алаяқтарын да қызықтырды.

Соңғы кездері алаяқтар мессенджер арқылы мынадай хабарламаларды жаппай таратуда: «Баршаңызға сәлем! Мен сізді әйгілі *** компаниясының бейілділік бағдарламасына жазғым келеді, онда сіз бонус жинап, оларды қонақүйлерде тегін тұру үшін жұмсай аласыз. Бұл үшін маған: 1. Поштаңызды, 2. Үйіңіздің мекенжайын + қалаңызды, 3. Ұялы телефоныңыздың нөмірін жіберуді өтінемін». Әрі қарай, алаяқтар әрбір жіберілген хабарлама үшін қосымша балл берілетіні туралы дәлел келтіре отырып, сізден сілтемені 20 досыңызға, туыстарыңызға немесе әлеуметтік желілердегі және мессенджерлердегі бес топқа жіберуіңізді сұрайды. Осылайша, алаяқтар сіздің деректеріңізді ары қарай пайдалану үшін, мысалы, телефон алаяқтарына беру үшін анықтап алады.

Телефон алаяқтары өздерін әр қалай таныстырады

Сіздің дербес деректеріңізді, оның ішінде байланыс деректеріңізді алғаннан кейін телефон алаяқтары іске кіріседі. Телефонмен жасалатын алаяқтықтың кеңінен тараған схемасы – банктер мен басқа да қаржы ұйымдары байланыс орталықтарының қызметкерлері немесе операторларынан түсетін қоңыраулар.

Әдетте қаскүнемдер қоңырау соғу үшін қазақстандық қаржы институттарының абоненттік нөмірлерін қайталауға мүмкіндік беретін SIP-телефония сияқты бағдарламалық қамтылымдарды пайдаланады. Әңгіме барысында банктердің жалған қызметкерлері сізге сіздің картаңыздан әлдекімнің қаражатты есептен шығаруға әрекет жасап жатқандығы туралы ескертуге тырысады немесе алаяқтардың сіздің атыңызға кредиттер ресімдеп жатқаны туралы «аңызды» пайдаланады. Олардың осындай әрекеттерін тоқтату үшін ағымдағы шоттағы барлық ақшалай қаражаттың дереу резервтік не сақтандыру шотына аудару қажет. Алаяқтар мәселені тез арада шешу үшін тіпті сіздің гаджетіңізге қашықтан қосылу бойынша өз қызметтерін ұсынуы да мүмкін.

Қаскүнемдер адамдардың психологиясын жақсы біледі: кәсіби терминдерді қолданып, тез әрі сенімді сөйлейді, кейде қысым жасайды, шешім қабылдауға асықтырады, қорқытады, көбіне қызу жұмыс істеп жатқан офис не полиция бөлімшесінің әсерін беретін дыбыстарды қосып қояды және басқа да тәсілдерді қолданады.

Толығырақ  "Абайлаңыз, алаяқтар" бөлімінен оқыңыздар

 

white-arrow Тізімге