WhatsApp-ғы жаңа қатер және одан қалайша қорғану қажет. ҚНРДА қазақстандықтарды ескертеді

time 14.01.2026
aye 1405
WhatsApp-ғы жаңа қатер және одан қалайша қорғану қажет. ҚНРДА қазақстандықтарды  ескертеді

Мессенджерлер күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналды: олар арқылы біз жақындарымызбен сөйлесеміз, жұмыс мәселелерін шешеміз, сервистерден хабарламалар аламыз. Мұны алаяқтар да белсенді қолданады. Бүгінгі таңда қаржылық және киберқылмыстардың көпшілігі WhatsApp, Telegram немесе басқа мессенджерлердегі хабарламадан басталады.

Заманауи схемалар күрделі жүйелерді бұзуды қажет етпейді — қаскүнемдер адамның сенімін, асығыс әрекеттері  мен қорқыныш сезімін қолдану арқылы оған тікелей әсер етеді. 

Ақшаңызды және деректеріңізді қалай қорғауға болатыны жөнінде Fingramota.kz-пен бірге қарастырып көрелік!

Аккаунтты бұзбай кіру: GhostPairing схемасы

Жаңа және қауіпті схемалардың бірі GhostPairing деп аталады — ол құпиясөзді және SIM-картаны бұзбай WhatsApp-ғы аккаунтқа «тыныш» қосылу.

Адамға WhatsApp хабарламасы түрінде жасырылған хабарлама келеді. Сілтеме жалған веб-сайтқа апарады, ол сырттай қарағанда шынайы сайттан ерекшеленбейді. «Контентке қол жеткізу» үшін пайдаланушыдан телефон нөмірі мен растау кодын енгізу сұратылады. Осыдан кейін алаяқ өз құрылғысын байланыстырушы ретінде қосады — және аккаунтқа: хат алмасу, контактілерге, медиафайлдарға және тіпті сіздің атыңыздан хабарлама жазу мүмкіндігіне толық қол жеткізе алады. Бұл ретте, телефонның өзі қалыпты жұмысын жалғастырады және адам ұзақ уақыт бойы бұзу туралы хабардар болмауы мүмкін.

Қауіп неде? Бұл схема құпия сөздерді бұзуды, SIM- карталарды  ауыстыруды немесе күрделі техникалық әрекеттерді қажет етпейді. Қаскүнемдер WhatsApp-тың заңды функциясын қолданады, яғни қосымша құрылғыларды байланыстыру. Жалғыз сенімді әдіс — WhatsApp-қа кіріп, «Байланысты құрылғылар» бөлімін тексеру. Егер онда белгісіз қосылу болса, онда аккаунт зиянкестердің бақылауында деген сөз. Мұндай құрылғыны дереу жою керек.

Классика, ол әлі де жұмыс істейді: растау кодтары

Алаяқтықтың кеңінен таралған схемаларының бірі — растау кодын беру туралы өтініш. Қаскүнемдер «Мен сіздің нөміріңізді кездейсоқ көрсеттім», «Бұл қауіпсіздікті тексеру», «Маған код келді, қайта жіберіңізші» деген әр түрлі сылтаулармен жазулары мүмкін. Мұндай хабарламалар зиянсыз болып көрінеді, бірақ ол аккаунтыңызды бұзу әрекеттері болуы мүмкін.

Бұл код сіздің аккаунтыңызға кіру немесе маңызды әрекеттерді растау үшін қолданылады. Сіз оны бөтен адамға берсеңіз болды — аккаунтқа кіруге рұқсат жоғалуы мүмкін, ал жеке деректер мен қаражатқа қауіп төнуі мүмкін.

Мынаны есте сақтаңыз: бірде-бір сервис, банк немесе қолдау көрсету қызметінің қызметкері чаттарда, мессенджерлерде немесе телефон арқылы растау кодтарын сұрамайды. Егер сіз өзіңіз сұрамаған кодты алсаңыз, бұл – дабыл қағуға негіз. Оны ешкімге хабарламаңыз және дереу аккаунттарыңыздың қауіпсіздігін тексеріңіз.

Таныстарыңыздан хабар келсе, аккаунттарыңыз бұзылған

Алаяқтар көбіне мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұзып, құрбанының барлық таныстарына хабарлар жібереді. Көбіне бұл қысқа және үрейлі тіркестер: «Видеодағы сен бе?», «Шұғыл көмек қажет», «Кешке дейін қарызға ақша бере тұршы». Хабар таныс адамнан келгендіктен, көптеген адам автоматты түрде сеніп, ойланбастан жауап береді. Мұны қаскүнемдер пайдаланады: асығыстыққа салады, эмоцияларға қысым жасайды және келген ақпаратты тексермейтініңізге сенеді.

Сілтемелерге кірмес бұрын немесе ақша аудармас бұрын, сол адаммен басқа жолмен байланысып, оның хабар жібергеніне көз жеткізіңіз.

«Қауіпсіз шот» және мессенджерлер арқылы қысым

Адамға өздерін банктің, полицияның немесе мемлекеттік органдардың қызметкерлері деп таныстыра отырып жазады немесе қоңырау шалады. Олар кредит рәсімдеу немесе күдікті операция жүргізу әрекетінің орын алғанын хабарлайды және шұғыл әрекет етуді: «қаражатты қорғау үшін» ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етеді. Бұл ең қауіпті алаяқтық схемалардың бірі, себебі адамның өзі жинақтарын сақтап қалатынына сенімді болып, ақша қаскүнемдерге өзі аударады.

Есте сақтаңыз: «қауіпсіз» немесе «резервтік» шоттар болмайды; қауіпсіздік мәселелері ешқашан мессенджерлер арқылы немесе бейне қоңыраулар арқылы шешілмейді; егер сізді қорқытып, асықтырса, тұтқаны қойып, ресми нөмір бойынша банкке қоңырау шалыңыз.

Алаяқтықтың мессенджерлер арқылы кең тараған тағы бірнеше схемасы

«Сіздің аккаунтыңыз жойылады»

Кең тараған схемалардың бірі – WhatsApp, Telegram немесе Instagram әкімшілігінің хабарлары. Мәтінде аккаунт ережелерді бұзғаны, оның жойылатыны немесе уақытша шектелетіні және «жеке басты растау» үшін сілтемеге шұғыл түрде өту керектігі айтылады. Шын мәнінде, сілтеме жалған сайтқа әкеледі, онда телефон нөмірі мен растау кодын енгізуді сұрайды. Осыдан кейін алаяқтар аккаунтқа қол жеткізе алады.

Өзіңізді қалай қорғауға болады? Ресми қызметтер жеке хабар жіберу арқылы бұғаттау туралы ескертпейді және үшінші тарап сайттарына код енгізуді талап етпейді. Кез келген осындай хабарлама алған болсаңыз, сілтемені бірден жабыңыз.

«Үйде отырып жұмыс істеу» және оңай табыс табу

Мессенджерлер арқылы «қарапайым қосымша жұмыс» жиі ұсынылады: бейнежазбаға лүпіл басу, пікір жазу, тауарларға баға қою немесе сыйақы үшін «тапсырмаларды» орындау. Алдымен олар сенім тудыру үшін аз мөлшерде ақша аударуы мүмкін. Содан кейін «аккаунтты іске қосу», «келесі деңгейге кіру» немесе «депозит салу» сұралады. Осыдан кейін ақшаңыз қолды болады, ал байланыс жоғалады.

Өзіңізді қалай қорғауға болады? Заңды жұмыс берушілер жұмысқа кіру үшін ақы төлеуді талап етпейді және жалға алуды кездейсоқ чаттар мен жеке хабарлар арқылы жүргізбейді.

«Жеткізу қызметінен» келіп түсетін хабарлар

Алаяқтар «Сәлемдеме кешігіп жатыр», «Тапсырысты жеткізу мүмкін болмады», «Жеткізу мекенжайын растаңыз» деген сияқты мәтіндермен жаппай хабарлама жібереді. Хабарламада әдетте жеткізу қызметінің немесе дүкеннің веб-сайтына ұқсас жалған бетке апаратын сілтеме болады.

Мұндай сайтта «шағын баж салығын төлеу, «жеткізу үшін ақы төлеу» немесе растау үшін банк картасының мәліметтерін енгізу сұралады. Нәтижесінде алаяқтар карта деректемелеріне қол жеткізеді немесе бірден ақшаны шығарып алады.

Есте сақтау маңызды: жеткізу қызметі мен дүкендер SMS немесе мессенджер сілтемелері арқылы карта деректерін сұрамайды. Күмәндансаңыз – қызметтің ресми сайтына өзіңіз кіріңіз немесе қосымша арқылы ақпаратты тексеріңіз. 

Жаңа форматтағы «Жақыныңыз қиын жағдайға тап болды» деген алаяқтық

Бұрын мұндай алаяқтық схемалар телефон арқылы жиі жүретін, ал қазір мұндай хабарламалар мессенджерлерде де қолданылады. Қаскүнемдер ұлының, қызының немесе басқа туысының атынан: «Анашым, шұғыл көмек керек, мен ауруханада жатырмын», «Әке, мен қиын жағдайға тап болдым, қоңырау шалмаңыз» деп жазады. Басты мақсат – адамды үрейлендіру арқылы және эмоцияны қолдана отырып, мүмкіндігінше тез және артық сұрақсыз ақша аударуға мәжбүрлеу.

Өзіңізді қалай қорғауға болады? Ақпаратты әрқашан қоңырау шалу немесе басқа байланыс әдісімен екі рет тексеріңіз. Тіпті тез арада жақын адамыңызбен қысқа ғана сөйлесіп білу алаяқтардың схемасын бұзады және туысыңызда бәрі жақсы екеніне көз жеткізуге мүмкіндік береді.

Жалған техникалық қолдау мен «вирустар»

Алаяқтар мессенджерлер арқылы «Телефоныңыз зақымдалған», «Деректердің таралып кеткені анықталды», «Дереу қорғаңыз» сияқты адамды ойландыратын хабарламалар таратады. Әдетте, хабарламада қосымша немесе қашықтан қол жеткізу бағдарламасын орнату ұсынылады. Орнатқаннан кейін қаскүнемдер құрылғыны толық басқара алады және сіздің банктік қосымшаларыңыз бен жеке деректеріңізге қол жеткізеді.

Өзіңізді қалай қорғауға болады?  Ешқашан бейтаныс адамдардың өтініші бойынша бағдарламаларды немесе қосымшаларды орнатпаңыз. Нағыз техникалық қолдау пайдаланушылармен мессенджерлер арқылы байланыспайды. Қандай да бір күмән туындаған жағдайда, тексерілген байланыс деректері арқылы тікелей ресми қызметке жүгініңіз.

Үйлер, мектептер мен ұйымдардың жалған чаттары  

Алаяқтар үй тұрғындарының, мектеп оқушылары ата-аналарының немесе компания қызметкерлерінің жалған чаттарын жасайды. Мұндай топтарда олар «жөндеуге», «сыйлыққа», «шұғыл қажеттіліктерге» немесе басқа да дұрыс мақсаттарға қаражат жинауды ұйымдастыра алады. Адамдар ақшаны ортақ іске көмектесіп жатырмыз деген оймен аударады, бірақ іс жүзінде қаражат қаскүнемдерге кетеді.

Өзіңізді қалай қорғауға болады?  Әрқашан ақша жинауға бастамашы болып отырған адам мен оның байланыс деректерін тексеріңіз, ақпаратты ресми арналар, таныстарыңыз немесе басшыларыңыз арқылы растаңыз және ешбір жағдайда асығыс ақша аудармаңыз, өйткені алаяқтар адамдардың дереу эмоцияларға берілуін күтеді.

Толығырақ "Абайлаңыз, алаяқтар" бөлімінен оқыңыздар!

white-arrow Тізімге