Қысқаша қорытынды: қаржы реттеушісі 2020 жылғы қарашада қаржылық қызметтерді тұтынушылардың қандай өтініштерін қарады

time 8.01.2021
aye 1724
Қысқаша қорытынды: қаржы реттеушісі 2020 жылғы қарашада қаржылық қызметтерді тұтынушылардың қандай өтініштерін қарады

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2020 жылғы қарашада қаржы секторына жасалған шолуды жариялады.

 

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау

 

2020 жылдың соңында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша қызметі қарыз алушылардың көмек көрсету туралы өтініштерін қарауға және олардың борыш жүктемесін азайту жөнінде шаралар қабылдауға бағытталды, оның ішінде Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасының шеңберінде.

 

Агенттік қараша айында жеке және заңды тұлғалардың қаржы ұйымдарының, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың, сондай-ақ коллекторлық агенттіктердің қызметіне байланысты 1458 өтінішін қарады, бұл өткен аймен салыстырғанда 7,3%-ға (немесе 115 өтінішке) аз.

 

Түскен өтініштер көлемінің төмендеуі банк секторы бойынша (12%-ға) байқалды, өтініштердің саны сақтандыру секторы бойынша (37%-ға), микроқаржы және өзге сектор бойынша (тиісінше 2,4%-ға және 9%-ға) ұлғайды. Өтініштердің үлкен үлесі банк секторына (банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар), ол өтініштердің жалпы санының 72,4%-ын құрайды. Банк секторындағы өтініштердің өзекті мәселелері: қарыздарды қайта құрылымдау/қайта қаржыландыру, оның ішінде Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасының шеңберінде және берешекті кешіру; банктік шарттың талаптарын ҚР заңнамасының талаптарына сәйкес келу тұрғысынан тексеру; екінші деңгейдегі банктердің басқа банктердің шоттарындағы ақшаны акцептелмеген тәртіппен өндіруі; банктік қарыз шартын жасау, орындау және тоқтату тәртібінің бұзылуы болып табылады

 

Сақтандыру секторында - сақтандыру төлемін жүзеге асырмау, сақтандыру шарты талаптарының Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігіне тексеру; микроқаржы секторында – микроқаржы ұйымының қызметіне тексеру жүргізу туралы; микрокредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін төмендету; микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді түсіндіру. Сондай-ақ, қаржы реттеушісіне коллекторлық агенттіктердің қызметі бойынша, негізінен, коллекторлық агенттіктер қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне байланысты өтініштер келіп түсті.  

 

Қолданылған ықпал ету шаралары және санкциялар

 

2020 жылғы қарашада екінші деңгейдегі банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, сондай-ақ микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың және коллекторлық агенттіктердің қызметінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының анықталған бұзушылықтары бойынша Агенттік 20 қадағалап ден қою ұсынымдық шарасын, 20 жазбаша ұйғарым қолданды және жалпы сомасы 25 040,7 мың теңгеге 18 әкімшілік айыппұл салды, оның ішінде екінші деңгейдегі банктерге қатысты жалпы сомасы 8,1 мың теңгеге 1 әкімшілік айыппұл, 18 қадағалап ден қою ұсынымдық шарасы; сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына қатысты 277,8 мың теңге сомаға 1 әкімшілік айыппұл, 2 қадағалап ден қою ұсынымдық шарасы;  микроқаржылық қызметті  жүзеге асыратын ұйымдарға қатысты жалпы сомасы 24 754,8 мың теңгеге 16 әкімшілік айыппұл, 18 жазбаша ұйғарым;  коллекторлық агенттіктерге – 2 жазбаша ұйғарым қолданылды.

 

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарының негізгі бұзушылықтары мыналарға қатысты болды: инкассалық өкім арқылы ұсынылған нұсқаулардың орындалмауы, банктік қарыздар мен клиенттердің шоттарына қызмет көрсету, ішкі қағидалар, рәсімдер, процестердің сақталмауы; көлік құралына келтірілген зиян мөлшерін, сақтандыру төлемін төлемеуді анықтау; сақтандыру төлемін жүзеге асырмау; микрокредит ұсыну  шарттарында жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерін көрсетпеу және жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерінен асып кету, микрокредит беру туралы шарттың белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі, кредиттік бюроға «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделмеген қызметті жүзеге асыратын дәйексіз  ақпарат ұсыну; борышкерді қарыздың мөлшері, сипаты және берешектің туындау негіздеріне қатысты адастыруға әкелетін жосықсыз әрекеттерді жүзеге асыру.

 

Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздар) қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру барысы туралы

 

Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыруды 18 банк пен 3 ипотекалық ұйым жүзеге асырады. Бағдарламаның 2004-2009 жылдар аралығында ипотекалық қарыз алған қарыз алушылардың жалғыз тұрғын үйін сақтауға бағытталған бірінші бөлігінің шеңберінде банктер 01.12.2020ж. қайта қаржыландыру үшін 180,3 млрд теңге сомаға 28 665  өтінімді мақұлдады, 167,5 млрд теңге сомаға  27 638 қарыз қайта қаржыландырылды, оның ішінде ағымдағы жылдың басынан бері 9,2 млрд теңге сомаға 988 қарыз қайта қаржыландырылды. Бағдарламаның жеке тұлғаларға 01.01.2016 жылға дейін берілген шетел валютасындағы ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруды көздейтін екінші бөлігі  шеңберінде банктер 01.12.2020ж. қайта қаржыландыруға 84,2 млрд теңге сомаға 9 346 өтінімді мақұлдады, 74,6 млрд теңге сомаға 8 854 шетел валютасындағы ипотекалық қарыз қайта қаржыландырылды, оның ішінде ағымдағы жылдың басынан бері 9,1 млрд теңге сомаға 1 349 қарыз қайта қаржыландырылды. Банктер 2020 жылғы 15 желтоқсанға дейін «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабы негізінде қарыз алушылардың өтінішінсіз ипотекалық валюталық қарыздарды Бағдарлама бойынша Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамымен (1 АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) біржақты айырбастау бойынша жұмыстарды аяқтады. Банктер Бағдарламаның үшінші бөлігі шеңберінде қарыздары бұрын ХӘОТ санаты бойынша Бағдарлама шеңберінде қайта қаржыландырылған ипотекалық қарыз алушыларға қарыз алушының берешегін азайту және жеңілдік берілген төлем кестелерін белгілеу түрінде қосымша көмек көрсету, сондай-ақ банктің балансындағы қарыз алушының жалғыз баспанасын оның меншігіне қайтару бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл жұмысты банктер 2021 жылғы 1 шілдеге дейін аяқтайтын болады.

 

Бұдан басқа, 2020 жылғы 21 қыркүйекте Ұлттық Банк Басқармасының № 114 қаулысымен Бағдарламаға мынадай мүмкіндік көзделетін түзетулер енгізілді:  еңбекке жарамсыздыққа әкелетін және ипотекалық кредитті өтеуге кірістерден айыратын әлеуметтік мәні бар аурулардың ауыр түрлерімен (аурудың 5 түрі енгізілген) ауыратын азаматтардың қарыздарын қайта қаржыландыру; Бағдарламаның ХӘОТ үшін көзделген жеңілдік талаптарын сонымен бірге қарыз алушының жұбайы (зайыбы) немесе жақын туысы болып табылатын, ХӘОТ мәртебесі бар қоса қарыз алушы, кепіл беруші, кепілгер қарыздарына қолдану; Бағдарламаға таратылатын «Астана Банкі» АҚ-та және «Qazaq Banki» АҚ-та ипотекалық валюталық қарыздары бар қарыз алушыларды, сондай-ақ жалғыз баспанасы «Астана Банкі» АҚ-тың және «БТА Банк» АҚ-тың және т.б. балансында тұрған азаматтарды енгізу. Алдын ала бағалау бойынша түзетулер Бағдарламаның жалпы сомасы 47 млрд теңгеге шамамен 5 мың қарыз алушы қосымша қамтылуына мүмкіндік береді.

 

Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру

 

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» ЗТБ және қаржы нарығының мүдделі қатысушыларымен бірлесіп, Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020– 2024 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар шеңберіндегі жұмысты жалғастыруда. Жүйелік негізде ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізіледі, оның шеңберінде қараша айында Ұлттық Банктің, Қазақстан қор биржасының, «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ сарапшылары, 14 республикалық және өңірлік БАҚ өкілдері қатысқан «Қаржы туралы қысқаша: өзіміздің қаржылық сауаттылығымызды бірге арттырамыз» тақырыбына қаржылық сауаттылық бойынша вебинар форматында БАҚ өкілдеріне арналған мамандандырылған тренинг өткізілді.

 

2020 жылдың қараша айында 100 қазақстандық отбасы үшін «Отбасылық қаржы» тренингі өтті. Тренингтің негізгі тақырыптары қаржылық жоспарлау, отбасылық бюджет пен жинақтарды сақтау және көбейту болды.

 

Қазақстандықтар «Fingramota Online» мобильді қосымшасын белсенді пайдалануды жалғастыруда. 2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Агенттікке мобильді қосымша арқылы азаматтардан мынадай тақырыптар бойынша 1558 сұрақ түсті: банктік кредиттер мен шағын қарыздар бойынша төлемдердің мерзімін ұзарту, карточкаларды бұғаттан шешу, коллекторлық агенттіктермен өзара іс-қимыл, қаржылық алаяқтық жағдайларын анықтау және басқалар.

 

Халықпен жедел өзара іс-қимыл жасау мақсатында Агенттік жанында жедел желі жұмыс істейді. 2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жедел желі жұмысы шеңберінде қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, кредиттер бойынша мерзімін ұзарту, карантин кезеңінде қашықтан банктік қызмет көрсету мәселелері бойынша 22,9 мыңнан астам азаматтардың қоңыраулары қабылданды және өңделді.

 

Агенттік балалар мен жастардың қаржылық сауаттылығына ерекше назар аударады. 2020 жылдың қазан айынан бастап орта және жоғары мектеп жасындағы балаларға арналған «OYLA» жастар журналында Агенттіктің арнайы жолағы шығады. Қараша айында шыққан арнайы жолақтың тақырыбы: «Қаржылық қызметтер және олардың ерекшеліктері». Агенттік өкілдерінің ақпараттық және консультациялық қолдау кезінде  «Дружные ребята» газетіндегі Fingramota.kz қосымшасындағы жарияланымдар негізінде  бастауыш мектеп жасындағы балаларға арналған «Веселые уроки финансовой грамотности» деген атпен кітап шықты. Қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша жастарға арналған жобаларға белсенді түрде қолдау көрсетілді, атап айтқанда «Enactus Kazakhstan» жастар қозғалысы ұйымдастырған «Қаржылық жоспарлаудың негіздері мен қаржы өнімдерінің ерекшеліктері» тақырыбы бойынша онлайн-лекциялар, сондай-ақ студенттерге арналған вебинар: «Қаржылық өсу драйвері ретіндегі қаржылық инклюзия». Каспий қоғамдық университетінің шақыртуы бойынша 2020 жылғы 23 қарашада Fingramota.kz жобасының өкілдері студенттер үшін «Қаржылық алаяқтық және қаржы пирамидасы» тақырыбы бойынша лекция өтті.

 

 Агенттік қаржылық қолжетімділікті және қаржылық инклюзияны арттыру бойынша жұмыстар жүргізуде. Іс-шаралар жоспарын іске асыру үшін мүмкіндігі шектеулі адамдар (МША) үшін қаржылық қолжетімділікті және қаржылық қызметтердің сапасын арттыру жөніндегі жұмыс тобы туралы бұйрыққа қол қойылды. МША үшін қаржылық қолжетімділікті арттыру мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізу мәніне тұрақты негізде талдау жүргізеді. Бұдан басқа қоғамдық бірлестіктермен бірлесе отырып қаржы ұйымдары МША қызмет көрсету мәніне бірлескен тексеру жүргізеді. 2020 жылдың басынан бері қаржы ұйымдарымен проблемалы мәселелерді шешкен кезде МША 7 өкіліне нақты қолдау көрсетілді. Тұжырымдаманы іске асыру бойынша іс-шаралар шеңберінде қарашада қаржылық сауаттылық деңгейіне әлеуметтанушылық зерттеу іске қосылды.

 

Сондай-ақ Агенттік қаржылық алаяқтыққа және қаржы пирамидасына қарсы іс-қимыл мәселесі бойынша белсенді түрде жұмыс жүргізуде. Қаржы реттеушісі қаржы пирамидаларының алдын алу және уақтылы анықтау мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандум әзірледі, ол мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар арасында жасалып қол қойылды.

 

Осы бағыт бойынша жұмыс байланыстың барлық қолжетімді заманауи арнасын пайдалана отырып жалғастырылатын болады.

white-arrow Тізімге