Қазақстанда инвестициялар жыл сайын пайда табудың және қаражат жинаудың танымал тәсіліне айналуда - сарапшылар тұрақты түрде жарияланымдар мен талдауларларын жариялап, немесе өз аккаунттарын осы тақырыпқа толығымен арнайды.
Дегенмен де, бұл тақырып халық үшін әлі де түсініксіз, сондықтан Fingramota.kz түрлі салымдардың кемшіліктері мен артықшылықтарын саралап, инвестициялық алаяқтардың айла-амалдарына түсіп қалмау үшін пайдалы ұсынымдар беруді шешті.
Алдымен ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді инвестициялардың не екенін түсінейік. Ұзақ мерзімді инвестициялар — мерзімі бес немесе одан да көп жыл аралығындағы салымдар. Оларға акциялар, облигациялар, жылжымайтын мүлік жатады. Ұзақ мерзімді инвестициялау ұзақ уақыт шыдамдылықпен күтуге әзір және капиталын өсіру, жинақтау, зейнетақы және т. б. сияқты стратегиялық мақсаттар қоятындарға жарайды.
Қысқа мерзімді инвестициялар бір жылға немесе бірнеше жылға дейінгі кезеңге арналған. Олар жоғары өтімділікті қамтамасыз етеді: оларға үш айдан бір жылға дейінгі мерзімге жинақтаушы депозиттер, өтеу мерзімі қысқа корпоративтік немесе мемлекеттік облигациялар, вексельдер, тиімді бағаммен сату есебімен валюта сатып алу және т.б. жатады.
Дегенмен, сарапшылар инвестициялау нұсқаларының бірінде тоқтап қалмауға және мынадай схеманы қолданып көруге: 70-80% ұзақ мерзімді инвестициялауға, ал 20-30% қысқа мерзімді инвестицияларға қалдыруға кеңес береді. Бұл ретте, инвестиция түрін таңдаған кезде олардың әрқайсысының артықшылықтары, сондай-ақ кемшіліктері бар екенін түсіну керек.
Ұзақ мерзімді инвестициялардың артықшылықтары
Капитал күрделі пайыздар арқылы өседі, нәтижесінде кіріс қайта инвестицияланады және жаңа табыс әкеледі.
Тұрақтылық нарықтың құбылмалылығын реттейді - қысқа мерзімді ауытқулар сіз үшін маңызды емес және сіз нарықтағы өсу немесе құлдыраудың жалпы үрдісін зерттей отырып, жинақтау стратегияңызды әрқашан қайта қарай аласыз.
Салықтық жеңілдіктер, капиталдың өсуіне жеңілдіктер, төмен транзакциялық шығындар және қысқа мерзімді инвестицияларға қарағанда сауда-саттықтың аз болуы.
Психологиялық тыныштық — сізге нарықты үнемі қадағалап отырудың қажеті жоқ, жалпы үрдісті бақылап отыру жеткілікті. Нәтижесінде сіз ойланбаған және эмоционалды шешімдерді аз қабылдайсыз.
Ұзақ мерзімді инвестициялардың кемшіліктері
- Төмен өтімділік – активтерді тез сату немесе ақшаны шығынсыз алу қиын;
- Инфляция тәуекелдері – сіз қысқа мерзімді ауытқулардан қорғалған болсаңыз да, ақшаны немесе акцияларды ұзақ уақыт сақтау валюта құнының немесе компанияның беделінің төмендеуіне байланысты инвестицияларды құнсыздандыруы мүмкін.
- Ұзақ күту қажеттілігі – пайдасын бірден алу мүмкін емес, сондықтан көп шыдамдылық қажет, кейде өте көп шыдадылық қажет болады. Сізге тіпті бірнеше қызықты ұсыныстарды жіберіп алу қажет болуы мүмкін, себебі жайдан жай сіз ақша ала алмайсыз.
Ұзақ мерзімді инвестициялардың артықшылықтары
- Жоғары өтімділік және қаражатқа еркін қолжетімділік – сіз активтерді тез сатып, ақша ала аласыз.
- Жылдам пайда – сіз нарықтағы қысқа мерзімді өзгерістерді өзіңіз үшін үлкен пайдамен бірден пайдалана аласыз.
- Инфляция тәуекелі төмен – егер сіз ақшаны ұзақ уақыт сақтамасаңыз, онда олардың құнсыздануы сізге қауіп төндірмейді, себебі сіз салымдарға еркін қол жеткізе отырып, жағдайды өз пайдаңызға тез шешесіз.
- Икемділік – сіз өзіңіздің қаржылық стратегияңызды тез өзгерте аласыз және капиталды қалағаныңызша қайта бөле аласыз.
- Болжаудың қарапайымдылығы – қысқа мерзімде кірістілік пен қаржылық нәтижелерді болжау оңайырақ болады.
Қысқа мерзімді инвестициялардың кемшіліктері
- Ұзақ мерзімді салымдармен салыстырғанда төмен кірістілік. Соның салдарынан – күрделі пайыздар жоқ, себебі ақшаның ұзақ уақыт «жұмыс істеуге» уақыты жоқ.
- Нарықтың өсуін жіберіп алу тәуекелі – мұндай инвестициялар қаржылық операцияларды тез жасауға мүмкіндік беретіндіктен, сіз «ойыннан ерте шығып», тиімді мүмкіндіктерді жіберіп алуыңыз мүмкін.
- Жиі операциялар кезінде жоғары транзакциялық шығасылар – өкінішке орай, банктер барлығына комиссиялар мен салықтарды алады, әсіресе егер бұл өзінің пайыздар есептейтін салымдарға байланысты болса.
Нарыққа көп көңіл бөлуді және үнемі шешім қабылдауды талап ету, бұл өз кезегінде стресс пен эмоционалды күйзеліске әкелуі мүмкін.
Инвестициялау кезінде алаяқтардан қалай қорғануға болады
Өкінішке қарай, инвестициялар бұрыннан бері әр түрлі алаяқтардың — жалған брокерлердің, жалған қаржы ұйымдарының, қаржы пирамидаларының және т.б. сүйікті құралына айналды. Жыл сайын қазақстандықтар ондаған миллион теңгелерін жоғалтуда, себебі олар күнәмді адамдарға сенім артып, тез ақша табу жолында қауіпсіздік жайлы ұмытып кетті.
Сондықтан біз инвестициялаудағы алаяқтықтың негізгі белгілерін тағы бір рет еске салғымыз келеді:
лицензияның болмауы немесе жалған құжаттар – алаяқтар көбіне жалған сертификаттарды пайдаланады немесе басқа компанияның лицензиясын көрсетеді. Деректердің түпнұсқалығын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің сайттары арқылы тексеруге болады;
жоғары кепілдікпен пайда табуға уәде беру – инвестицияларда 100% кіріс кепілдігі жоқ, ал нарықтағы адал қатысушылар тәуекелдер туралы ескертіп отырады. Айына 20% таза пайда туралы хабарлау – алаяқтықтың айқын белгісі;
агрессивті және айла-шарғыға негізделген маркетинг – «Бірегей мүмкіндікті жіберіп алмаңыз, содан кейін өкінесіз» немесе «Тек бүгін ғана салымдар бойынша тиімді пайыздар» деген сияқты тіркестер – эмоцияға берілуге, асығыс шешім қабылдауға арналған тіркестер. Сенімді брокер, керісінше, сіздің шешімді асықпай қабылдауыңызға мүдделі, себебі бұл – кепілдік, болашақта түсетін пайда;
ақшаны шығарып алу проблемасы – егер ақшаны алу кешіктірілсе немесе 30% мөлшерінде «алу комиссиясын» төлеуді немесе шығарып алу үшін қосымша төлем жасауды талап етсе, бұл – алаяқтардың схемасы;
басқа БҚ-ны орнатуды талап ету – тіркеуге көмектесетін қашықтан қол жеткізу бағдарламаларын (AnyDesk, TeamViewer) жүктеп алуды өтіну — компьютеріңізді және банктік деректеріңізді бақылауға алу әрекеті. Сенімді брокерлер мен компанияларға бұлар қажет емес, олар сенімді және тексерілген платформаларда жұмыс істейді, себебі олар үшін ақшаның қауіпсіз жерде болуы мен беделі маңызды.
Қаржылық алаяқтардан қорғау үшін қандай қауіпсіздік қағидаларын сақтау керек:
Әрқашан компанияның заңдылығын тексеріңіз — брокердің, қордың немесе платформаның лицензиясы бар екеніне және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайты арқылы ресми тізілімге кіретініне көз жеткізіңіз. Сондай-ақ, СТН/БСН, заңды мекенжайын және тіркелген күнін тексеріңіз.
Инвестиция шарттарын зерттеңіз — сіз ақшаңызды неге салып жатқаныңызды және сіздің табысыңыз қалай қалыптасатынын нақты түсінуіңіз керек. Кез келген түсініксіз тұжырымдар мен нақты ақпараттың болмауына назар аударыңыз.
Нарықтан жоғары кепілдендірілген кірістілік туралы уәделерден сақ болыңыз — бұған 20%, 30%, 50% және т.б. кірістілік туралы барлық ұсыныстар жатады. Сонымен қатар, бірде-бір сенімді брокер немесе компания сізге тәуекелдерден қорғаудың 100% кепілдігін бермейді, себебі нарық, әсіресе қазір, өте тұрақсыз.
Тек сенімді ақша аудару арналарын пайдаланыңыз — жеке карталарға немесе компанияға тиесілі емес шоттарға ақша аудармаңыз. Түбіртектер мен аударым растауларын сақтаңыз.
Өзіңізге психологиялық қысым жасамаңыз — алаяқтар сіздің көңіл-күйіңіз арқылы жұмыс істейді, жасырын түрде қорқытады және айла-шарғы жасайды. Сіз біреудің қысым көрсетуі арқылы жұмыс істеп жатқаныңызды сезсеңіз, сәл кідіріп, ақпаратты тексеріңіз.
Шоттарыңызға кіру тәртібін үнемі сақтап отырыңыз - ешқашан логиндер, пароль, растау кодтарын тіпті «компания қызметкерлеріне» бермеңіз. Екі факторлы аутентификацияны орнатыңыз.
Тәуелсіз сайттар, форумдар және БАҚ арқылы брокер мен компанияның беделін тексеріңіз. Олардың реттеушінің «қара тізімдеріне» кірмейтінін тексеріңіз.
Салымдарды әртараптандырыңыз — барлық ақшаны бір жобаға, бұл сізге қаншалықты тиімді болып көрінсе де, түсініксіз жобаға салмаңыз.
Толығырақ "Бағалы қағаздар нарығы" бөлімінде оқыңыз
Жеке блог және әлеуметтік желілер: рұқсатсыз кіруден және деректеріңіздің қолды болуынан қалай қорға...
Ұзақ мерзімді vs қысқа мерзімді инвестициялар: қайсысын таңдау қажет?
Салық шегерімдері дегеніміз не және 2025 жылы оны қалай қолдануға болады
Тиынның да сұрауы бар: танымал жұлдыздардан кеңес
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Қазақстанда азаматтардың банкроттығы: ол қалай жұмыс істейді және қандай жаңалықтар енгізілді