Қазақстанда азаматтардың банкроттығы: ол қалай жұмыс істейді және қандай жаңалықтар енгізілді

time 27.02.2025
aye 648
Қазақстанда азаматтардың банкроттығы: ол қалай жұмыс істейді және қандай жаңалықтар енгізілді

2023 жылғы 3 наурыздан бастап Қазақстанда азаматтарға ресми түрде өздерін банкрот деп тану мүмкіндігін беретін «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданылады. Аталған заң азаматтарға борыш жүктемесін төмендетуге мүмкіндік беріп, олардың төлем қабілеттілігі мәселесін реттеудегі маңызды қадам болды. 

Заңнамаға қандай өзгерістер енгізілгені, банкроттық рәсімі қалай өтіп жатқаны және азаматтарға нелерді білу маңызды екені жөнінде  Fingramota.kz-ке  Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Меруерт Сисембаева айтып берді.


Заңда банкроттықтың қандай түрлері қарастырылған және оған қандай өзгерістер енгізілді?

Азаматтардың банкроттығы туралы заң үш негізгі рәсімді көздейді: соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.

Соттан тыс банкроттық, егер борыш сомасы 1600 АЕК-тен аспаса
(2025 жылы — 6,3 млн теңге) қолданылады.

Егер бұрын қарыз алушы-жеке тұлға банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдында берешегі болған кезінде банкроттық рәсімін қарастыра алған болса, бүгінгі күні бұл процесс айтарлықтай жеңілдетілген. Ендігі жерде азаматтар тек банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы қарыздары бойынша ғана емес, сондай-ақ бүгінгі күнге  қаржы ұйымдары болып табылмайтын, алайда банктік қарыздар мен микроқаржы ұйымдарынан алынған қарыздар бойынша талап қоюға құқығы бар мекемелер алдындағы қарыздары бойынша өтініш бере алады. Өтінішті ХҚО, eGov порталы немесе e-Salyq Azamat мобильдік қосымшасы арқылы беруге болады.

Басты жаңалық «Qoldau» платформасында «Tazalau» автоматтандырылған жүйесін енгізу болды. Бұл жүйе өтініш берушінің өлшемшарттарға сәйкестігін адамның қатысуынсыз тексеруге мүмкіндік береді.

Соттан тыс банкроттық кезінде не өзгерді? 

   •   енді қарызды өтеу әрекеттері туралы құжаттарды ұсыну талап етілмейді, себебі барлық ақпарат кредиттік бюролардың базасынан автоматты түрде жүктеледі;

   •   1 АЕК-тен аз төлемдер енді қарызды өтеу ретінде есепке алынбайды (яғни, азғантай сомалар үшін рәсімді қолданудан бас тартылмайды);

   •   соттан тыс банкроттыққа жататын кредиторлардың тізбесі кеңейтілді (таратылған және тізілімнен шығарылған ұйымдар енгізілген).

 Заң күшіне енген сәттен бастап соттан тыс банкроттықты 21 000-нан астам азамат пайдаланды, 50,4 млрд теңге сомаға қарыздар есептен шығарылды.


Толығырақ «Несиелер» бөлімінде оқыңыз

white-arrow Тізімге