Жаңа заң: негізгі ережелері туралы баяндаймыз

time 26.06.2024
aye 1412
Жаңа заң: негізгі ережелері туралы баяндаймыз

Биыл 19 маусымда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Fingramota.kz заңның негізгі нормалары туралы түсіндірме материалдар сериясын бастайды.

Барлығы неден басталды?

Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне азаматтардың шамадан тыс кредит алуын азайту жөнінде жүйелі шаралар қабылдау тапсырылды. Өткен жылғы 20 қазанда «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауаттылықты арттыру туралы» ашық Парламенттік тыңдаулар өтті, оның қорытындысы бойынша Агенттік және Парламент Мәжілісінің депутаттары кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі заң жобасын әзірлеуді бастады.

Заң шартты түрде үш блокқа бөлінді – бірінші кезекте проблемалық қарыз алушылармен жұмыс істеу шаралары: төлем мерзімі 90 күн өткеннен кейін сыйақы есептеуге тыйым салу, баспанасынан шығарудың орнына халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушыға өндіріп алу нәтижесінде банктің меншігіне өткен тұрғын үйді жалға беру.

Екінші блок – тұтынушылық кредит беруді шектеуге бағытталған шаралар: тұтынушылық қарыздың ең жоғары сомасын белгілеу, қарыз алушының төлем қабілеттілігін тиісті бағалау, онлайн-микрокредиттеу талаптарын қатаңдату.

Үшінші блокта – азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғау: клиентті биометриялық идентификаттаусыз онлайн қарыздар беруге тыйым салу, егер клиент алаяқтардың құрбаны болса, қаржы ұйымының жауапкершілігін бекіту.

Бүгінгі жарияланымда біз проблемалық қарыз алушылармен жұмыс істеуге, дәлірек айтсақ, банктерде, МҚҰ-да және коллекторлық агенттіктерде проблемалық қарыздары бар азаматтардың кредиттері бойынша қарыздардың одан әрі өсуіне жол бермеуге бағытталған бірінші блокты қарастырамыз. Сонымен қатар коллекторлар азаматтардың банктерден және МҚҰ-дан қарыздарын сатуды неге шектейтінін және банктерден және МҚҰ-дан сатып алынған проблемалық кредиттер бойынша коллекторлық агенттіктерде қандай жаңа міндеттер пайда болғанын қарастырамыз. Неліктен банк омбудсманының өкілеттігі кеңейтіліп, микроқаржы омбудсманы енгізілетіні туралы айтып береміз. Материалда әскери қызметшілер және кәмелеттік жасқа  толмаған балалары мен 1 және 2 топтағы мүгедектері бар отбасылар сияқты азаматтардың жекелеген санаттарын қорғауға назар аударамыз.

Проблемалық қарыз алушылармен жұмыс

Банктік қарыз шартына немесе микрокредит беру шартына қол қою арқылы клиент өзіне қатаң сақталуы тиіс белгілі бір талаптарды алады. Ең алдымен, бұл – кредитті уақтылы және толық көлемде өтеу үшін төлемдер жасау. Бұл талапты бұзу төлемді кешіктіру деп аталады және түрлі салдарға әкеп соғады.

Төлемдердің кешіктірілуі түрлі себептерге байланысты болуы мүмкін және клиент әрқашан кінәлі бола бермейді. Банкоматтардың, мобильдік қосымшаның немесе банкаралық аударымдардың техникалық іркілістері орын алуы мүмкін. Әдетте, мұндай кешіктірулер ұзаққа созылмайды, орташа есеппен 1-ден 30 күнге дейін созылады. Бірақ кредит бойынша кешіктіру мерзімі 30 күннен асатын болса, бұл – шарттық қатынастардың бұзылуы және қарыз алушы туралы мәліметтерді өндіріп алу бөліміне беруге әкеп соғады. 90 күнге немесе одан да көп ұзақ мерзімге кешіктіру – істі сотқа беру және қарыздың толық сомасын мәжбүрлеп өндіріп алу үшін негіз болып табылады.

Төлемді кешіктіру басталған кезде кредитор бұл туралы қарыз алушыға шартта көрсетілген телефон нөміріне қоңырау шалу немесе SMS-хабарлама/PUSH-хабарлама жіберу арқылы міндетті түрде хабарлайды. Сонымен бірге қызметкерлері кредит бойынша төлемді өтеу үшін кепілгерлерге жүгіне алады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктер мен микроқаржы ұйымдарының клиенттерін қорғау мақсатында 2020 жылдан бастап 90 күн өткеннен кейін айыпақы мен комиссияларды есептеуге тыйым салды.  2022 жылы норма 90 күннен аса кешіктірілген қарыздар бойынша сыйақы есептеуге тыйым салуға қолданылды. Бірақ бұл жаңалық енгізілген сәттен бастап жасалған жаңа кредиттік шарттарға ғана қатысты болды.

Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы 19 маусымда қол қойған Заң осы жылғы 20 тамыздан бастап бұрын жасалған және бүгінгі күні қолданыстағы шарттарға кешіктіру мерзімі 90 күннен асқан қарыздар бойынша сыйақы есептеуге тыйым салатын норманы қосымша күшейтеді. Осылайша, проблемалық қарыз алушының кредит бойынша борышы өспейді.

Сонымен бірге жаңа заң кредиттер бойынша төлеу мерзімін өткізген қарыз алушыларға жаңа қарыздар беруден бас тартылатын норманы бекітеді. Алайда, бұл тыйым қолданыстағы берешекті жақсарту шарттарымен қайта қаржыландыру үшін қарызды өтеу жағдайларына қолданылмайды.

Толығырақ "Кредиттер" бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге