Қазақстанның жеті өңірінің тұрғындары үшін қаржылық сауаттылық бойынша тренингтер өткізілді

time 27.10.2022
aye 11

Fingramota.kz  жобасыа аясында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) өкілдері Азия Кредиттік Қорымен бірлесіп Түркістан, Алматы, Жетісу, Абай, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының шалғай өңірлерінің тұрғындары үшін оқыту тренингтерінің сериясын аяқтады.

2022 жылғы қыркүйек және қазан айларында Есік, Үшарал, Жаркент, Аягөз, Ерейментау қалаларында және Кеген, Үржар, Қарқаралы ауылдарында өткен оқыту тренингтеріне 250-ден астам тыңдаушы, оның ішінде жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, үй шаруасындағы әйелдер, қарт азаматтар қатысты.

Агенттіктің Алматы, Талдықорған, Семей, Қарағанды және Көкшетау қалаларындағы өңірлік өкілдіктерінің басқармаларынан шақырылған спикерлер қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі қаржы реттеушісінің жүргізіп жатқан жұмысы туралы айтып берді. Олар алаяқтықтың кең таралған түрлері мен тәсілдері, қаржы пирамидаларының белгілері туралы хабарлады, оларды қалай тануға және өздерін және жақындарын қорғауға болатындығы туралы ұсынымдар берді. Сондай-ақ Агенттік өкілдері азаматтардың мерзімі өткен берешегін реттеу тақырыбы бойынша тыңдаушылардың сұрақтарына жауап берді.

Оқыту іс-шараларына БЖЗҚ өкілдері қатысып, Қазақстанның зейнетақы жүйесі туралы айтып берді және Азия Кредиттік Қорының қызметкерлері қатысып, қаржылық сауаттылық тақырыбында презентация жасады, атап айтқанда, бюджетті басқаруды және жинақтауды қалай үйренуге болатыны туралы айтып берді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Агенттік Азия Кредиттік Қорымен бірлесіп Тараз, Түркістан, Шардара, Жетісай қалаларында, сондай-ақ Сарыкемер, Құлан ауылдарында, Т. Рысқұлов атындағы ауылда қаржылық сауаттылық бойынша 7 тренинг өткізген болатын.

Оқыту іс-шараларының негізгі тақырыптары жауапты кредит беру, қаржылық жоспарлау және алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы тұру мәселелеріне қатысты болды.

Естеріңізге сала кетейік, егер сіз тыңдаушылар немесе дәріскерлер ретінде қаржылық сауаттылық бойынша оқыту іс-шараларына қатысқыңыз келсе, Агенттікке «1459» нөмірі бойынша Call-орталық арқылы немесе App Store мен Play Market-тен жүктеуге болатын «Fingramota Online» мобильді қосымшасы арқылы хабарласа аласыз. Сонымен бірге мобильді қосымшаның веб-нұсқасы да қолжетімді.

white-arrow Тізімге