М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған Fingramota.kz жобасы аясында «Қаржылық қауіпсіздік: жастар таңдауы» атты форум өтті. Іс-шара студенттерді, оқытушыларды, қаржы нарығының сарапшыларын, киберполиция өкілдерін және қоғамдық бастамалар мүшелерін бір алаңға жинады.
Қатысушылар жеке қаржыны сауатты басқару, несие мен микрокредиттерге жауапкершілікпен қарау, пайдалы қаржылық әдеттер қалыптастыру, сондай-ақ жастарды дропперлікке байланысты алаяқтық схемаларға тарту тәуекелдері мәселелерін талқылады.
Форумды М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті ректорының міндетін атқарушы Ғани Бесбаев ашты. Ол өз сөзінде цифрлық экономиканың қарқынды дамуы жағдайында қаржылық сауаттылық пен цифрлық қауіпсіздік заманауи адамның ең маңызды дағдыларының біріне айналып отырғанын атап өтті.
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Fingramota.kz жобасының өкілі Ғаділбек Әкім қаржылық сауаттылық бүгінде тек жеке бюджетті басқару мен банк өнімдерін пайдаланумен шектелмейтінін айтты. Оның сөзінше, интернет-алаяқтықтың көбеюі жағдайында қаржылық сауаттылық әр азаматтың жеке қауіпсіздігінің маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр.
«Мирас» университетінің ректоры Нұркен Халықберген студенттерге дұрыс қаржылық әдеттер мен жинақ мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы туралы айтып берді. Ол қаржылық жоспарлау және жеке қаражатты тиімді басқару бойынша практикалық ұсыныстарымен бөлісті.
Онлайн Казфинанс МҚҰ-ның өңірлік сату жөніндегі басшысы Еркебұлан Сауранбаев несие алуға жауапкершілікпен қарау қажеттігіне тоқталды. Ол қарыз рәсімдеу алдында өз қаржылық мүмкіндіктері мен ықтимал тәуекелдерді жан-жақты бағалау маңызды екенін атап өтті.
Қазақстан Республикасының микроқаржы омбудсманы Назгүл Естеусізова қатысушыларды микронесиелер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы берешекке қатысты ең жиі кездесетін мәселелермен таныстырды. Ол уақытылы кеңес алу және қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру борыштық қиындықтардың алдын алуға және қаржылық шешімдерді байыппен қабылдауға көмектесетінін айтты.
Студенттердің ерекше қызығушылығын Шымкент қаласы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Шыңғыс Жайлаубектің баяндамасы тудырды. Ол интернет-алаяқтықтың заманауи схемалары туралы айтып, дропперлік мәселесіне кеңінен тоқталды. Спикер алаяқтардың жастарды «оңай табыс» деген желеумен заңсыз қаржылық операцияларға қалай тартатынын және оның қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін түсіндірді.
Форумды «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасының өкілдері қорытындылады. Олар қатысушыларға жоба аясында азаматтарға көрсетілетін қолдау шаралары, қарыз жүктемесі, қаржылық жоспарлау және қаржылық тұрақтылықты арттыру мәселелері бойынша кеңес алу мүмкіндіктері туралы ақпарат берді. Сонымен қатар жауапты қаржылық мінез-құлықты қалыптастыруға көмектесетін білім беру бағдарламалары мен практикалық құралдарға ерекше назар аударылды.
Форум қорытындысы бойынша Fingramota.kz жобасының өкілдері «Ата-әже (әке-ана), кодты ешкімге айтпаңыз!» атты бейнероликтер байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Алаяқтықтың алдын алу және қаржылық сауаттылықты арттыру тақырыбындағы үздік жұмыстар жобаның Instagram желісіндегі @Fingramota.kz ресми парақшасында жарияланды.
«Қара үшбұрыш»: алаяқтар адамдарды бейтаныс адамдарға қалай төлетеді және неге кез келген адам құрба...
Автосақтандыру: 2026 жылдан бастап жүргізушілер үшін не өзгереді
Ипотеканы зейнетақы жинақтарынан өтейміз: жаңа тәртіп және сіздің мүмкіндіктеріңіз
Қазақстандағы төлемдер мен аударымдар: жүйе қалай жұмыс істейді және қазір қандай өзгерістер жүріп ж...
Салық шегерімдері дегеніміз не және 2025 жылы оны қалай қолдануға болады
Қате ақша аударымы, не істеу керек: қадамдық нұсқаулық