Алаяқ туроператорлар: алаяқтардың құрбаны болмаудың жолы

time 9.06.2025

Жаз – демалыс маусымы. Осы уақытта мыңдаған адам турларды агенттіктер арқылы брондайды. Туроператорларға деген жоғары сұранысты алаяқтар да пайдаланып, өздерін маман ретінде көрсетіп, сенгіш азаматтардан миллиондаған теңгені алдап алады. Мұндай жағдай сіздің де басыңыздан өтпеуі үшін Fingramota.kz шынайы туроператорды жалғанынан қалай ажыратуға болатынын және алаяқтықтан қалай қорғану керектігін айтып береді.

Неліктен сақ болу маңызды

«Мен алаяқтардың арбауына түспеймін» деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда жаңалықтар лентасына көз жүгіртсеңіз, демалысты асыға күткен кез келген адамның мұндай жағдайға тап болуы мүмкін екенін түсінесіз. Мысалы, мамыр айының соңында Қостанайда турагентке қатысты алаяқтық ісі қарала бастады. Ол Түркия, Таиланд, Вьетнам, Мысыр және басқа да танымал бағыттарға турлар «сатқан», бірақ шын мәнінде ештеңе брондамаған. Жалпы залал көлемі шамамен 55 миллион теңгені құрайды. Кейбір туристер алданып қалғанын ұшар күні ғана білген, ақшасыз да, демалыссыз да қалған. Бірқатары турға кететін шығынды жабу үшін несие де рәсімдеген. Бұл істе Қостанай облысының тұрғындарымен қатар Ресей азаматтары да жапа шеккен.

Тағы бір мысал – Орал қаласынан. Онда бір әйел кемінде 70 қазақстандықты алдап, оларға Малайзия, Бали және Шри-Ланка бағыттарына тиімді турлар ұсынған. Әдеттегідей, адамдар алаяқтық туралы ұшар күні ғана білген. Алаяқ әйел ұшып шығу Алматыдан болады деген, ал басқа қалалардан келгендер үлкен қалада тығырыққа тіреліп қалған. Алаяқ байланысқа шықпаған, кейде жауап берсе де уақыт созып, ақшаны қайтармаған. Кейін әлеуметтік желілерге Түркия мен Малайзиядан түрлі фото-видеолар жариялап жүргені анықталған. Алдын ала мәлімет бойынша, келтірілген залал көлемі 30 миллион теңгеден асады.

Павлодардағы тағы бір жағдай: алаяқ Instagram арқылы Таиландқа арзан турларды жарнамалаған. Сенімге кіргеннен кейін клиенттен 250 мың теңге аванс сұраған, кейінірек «сақтандыруға» деп тағы 250 мың теңге талап еткен. Қаржы қайтаруды сұрағанда, байланысқа шықпай қойған.

Алаяқтар қалай әрекет етеді

Әдетте, алаяқтар өздерін:

турфирма ретінде көрсетеді – жалған сайт немесе әлеуметтік желідегі парақша ашады, тіпті танымал агенттіктердің логотиптерін көшіреді;

жеке менеджер ретінде таныстырады – «арзан бағамен» тур ұсынғанымен, ешқандай ресми келісімшарт жасамайды;

жалған кеңесші ретінде әрекет етеді – мессенджерлер арқылы жаппай хабарлама жіберіп, ерекше жеңілдіктер мен шұғыл рәсімдеуді уәде етеді.

Мұндай алаяқтарды мынадай белгілерінен тануға болады:

  • толық алдын ала төлем немесе ірі аванс талап етуі;

  • төлемді компания шоты емес, жеке тұлғаның картасына аударуды сұрауы;

  • барлық мәліметтер, сома, тараптардың жауапкершілігі мен форс-мажор жағдайлары көрсетілген ресми келісімшарттың болмауы;

  • шындыққа сай келмейтін төмен баға.

Туроператорды қалай тексеруге болады

Өзіңізді алаяқтардан қорғаудың ең тиімді жолы – туроператорды мұқият тексеру.

1. Лицензияның бар-жоғын анықтаңыз – мұны eGov.kz порталынан, Туризм индустриясы комитетінің сайтынан немесе «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының Fondkamkor.kz сайтынан көруге болады.

2.Компания туралы пікірлерді оқыңыз – тек ресми сайттағы пікірлерге сенбеңіз: олар сатып алынған немесе жалған болуы мүмкін. Тәуелсіз платформаларға жүгініп, әсіресе ақшаны қайтаруға қатысты шағымдарды мұқият оқыңыз. Мүмкін болса, пікір қалдырған адаммен тікелей байланысып, не нәрсе күмән тудырғанын нақтылаңыз.

3. Келісімшарт талап етіңіз – сенімді туроператорлар әрқашан ресми келісімшарт жасайды. Онда турдың уақыты, бағыты, қонақ үй мен рейс туралы ақпарат, тараптардың құқықтары мен міндеттері нақты жазылады. Келісімшартсыз шағымдану қиын болады.

4. Байланыс ақпаратына назар аударыңыз – сенімді агенттіктердің нақты кеңсесі, байланыс нөмірі, ресми сайты болады. Егер компания тек мессенджер арқылы жұмыс істесе және жеке картаға төлем сұраса – бұл алаяқтардың белгісі.

Турды қауіпсіз рәсімдеу үшін

  • Ақшаны бірден аударуға асықпаңыз – алдымен компанияны тексеріңіз.

  • Жеке тұлғаның картасына ешқашан төлем жасамаңыз – тек компанияның ресми есепшотына төлеңіз.

  • Барлық хат-хабарды, чектерді, скриншоттарды сақтаңыз – мессенджерлерде хабарламаларды жою оңай. Бұл ақпарат полицияға немесе сотқа жүгінгенде қажет болады.

  • Келісімшартты мұқият оқып шығыңыз – қайтару шарттары, айыппұлдар, сақтандыру секілді маңызды тармақтарға назар аударыңыз.

  • «Тек бүгін ғана!», «Ертең кеш болады!», «Науқанмен ең арзан тур!» деген сияқты агрессивті жарнамаға сенбеңіз.

Алаяқтыққа тап болсаңыз не істеу керек

Полицияға арыз жазыңыз.

eGov немесе e-Otinish арқылы Туризм индустриясы комитетіне және Тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне шағым түсіріңіз. Сонымен қатар, Қазақстанның туристік агенттіктер қауымдастығына да жүгінуге болады.

Заңгермен кеңесіңіз – қажет болса, сотқа талап арыз беруіңіз мүмкін.

Қорытынды:Демалыс – тынығатын уақыт. Бірақ оның өмір бойғы өкінішке айналмауы үшін қауіпсіздігіңізді алдын ала ойлаңыз. Бұл жолда сізге қырағылық, мұқият тексеру және құжаттарды рәсімдеу көмектеседі. Ақшаңызды, жүйкеңізді және уақытыңызды сақтап, жақсы демалыс өткізіңіз!

Өзіңізді және қаржыңызды қорғаңыз, Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

white-arrow Тізімге