Алаяқтар өздерін әр қалай таныстыруы мүмкін

time 30.04.2021

Қазіргі заманғы алаяқтар ресми тұлғалар, компаниялардың немесе тіпті үкіметтік ұйымдардың өкілдері түрінде бүркемелену үшін технологияларды жиі пайдалануда. 
Олардың арбауына түсіп қалмас үшін не істеу керек – Fingramota.kz-пен бірге талқылап көрелік. 

Алаяқтықтың заманауи үрдістері 

Интернет-алаяқтықтың тәсілдері өте көп. Қылмыскерлер әлеуметтік инженерия әдістерін де, ақша алуға не дербес деректерді алуға бағытталған технологиялық қулықтарда да пайдалануда. Ақша қаражатын ұрлау үшін олар ең алдымен аккаунттар мен шоттарға қол жеткізгісі келеді.

Мысалы, алаяқтар көбіне өздерінің нақты телефон нөмірлерін жасыратын арнайы бағдарламалық қамтылымды пайдаланады. Сондықтан да телефоныңызда сізге таныс банктің телефон нөмірі көрінгенмен, ол сөзсіз сенім білдіру керек деген сөз емес. 

Fingramota.kz сіздің шотыңызға немесе банктік картаңызға қатысты проблема туындаған жағдайда, банк қызметкерлері өздері бірінші болып ешқашан хабарласпайтынын және сізден ешбір ақпарат сұрамайтынын тағы да еске салады.

Автоматтандырылған банк жүйелерінен келетін SMS-тің өзінде: «Кодтарды ешкімге, тіпті банк қызметкерлеріне бермеңіз» деп көрсетілген. Латынша аты-жөніңізді, картаңыздың қолданыс мерзімін, CVC/CVV-кодтарды (картаның сырт бетіндегі үш таңбалы кодтар), құпия сөзді және ақша қаражатының қалдығын, сондай-ақ SMS-хабарлармен келетін кодтарды беруге болмайды. 

Нөмір ғана бүркемеленбеуі мүмкін. Алаяқтар танымал сайттың, тіпті банк сайтының көшірмесін жасауы мүмкін. Ол қорғаныс хаттамасының жоқтығымен және атауымен ерекшеленеді. Мұндай сайт пайдаланушылардың жеке деректерін, әсіресе олардың банктік карталарының деректерін немесе жеке кабинеттерінің парольдерін алу үшін ғана жасалады.


Тағы да «батпан құйрық» жөнінде 

Алаяқтар адамдарға бір нәрсе ұсынған кезде, әсіресе тегін болған кезде олар өздерінің жеке деректерімен бөлісуге дайын екенін байқады. Мысалы, алаяқтар толассыз қоңырау шалады немесе абоненттік нөмірлерге компанияның байланыс операторымен бірге өткізген науқаны, оның нәтижелері бойынша Сіздің абоненттік нөміріңіз жеңімпаз болып табылғаны туралы СМС-хабарлар жібереді. Ұтысыңызды басқа қаладан алып кетуді немесе оның құнын пластик картаға аударуды ұсынады.

Ең қызығы осы жерден басталады! Ұтыс құнын аудару үшін артқы жағындағы кодпен бірге, картаңыздың толық деректері керек. Ал оларды ешкімге хабарламау керектігі есімізде. Бұл ретте қаскүнемдер психологиялық қысым көрсетіп, егер жүлдені 15 минут ішінде алмасаңыз, онда Сіздің жаңа айфоныңыз немесе оның құндық баламасы басқа «жеңімпазға» кетеді деп айтады.

Екінші нұсқасы – жүлдені алу үшін Сізге жөнелту ақысын не ҚҚС, не табыс салығын төлеу керек. Қандай болғанда да мұны дереу және дәл қазір Сізге көрсетілген шотқа жіберу керек.

Ақшаны алғаннан кейін алаяқ Сіздің нөміріңізді қара тізімге енгізетіні және Сіздің ешқандай сыйлық ала алмайтыныңызды айтудың керегі бар ма? Сонымен қатар, сіз өз атыңыздан және төлем мақсатын көрсетпей аударым жасайсыз, мұндай аударым сөзсіз ерікті болып саналады. Сондықтан қаскүнемдерді ұстау және жазалау қиындай түседі.

Мысал: сізге жүлде ұтып алғаныңыз туралы өзіңіздің банкіңіздің атынан-мыс СМС келеді де, оны алу үшін сілтеме арқылы өтуге кеңес беріледі. Өткеннен кейін сіздің банктің парақшасына өте ұқсас парақша ашылады да, жүлдені алу үшін мәліметтеріңізді енгізу ұсынылады. Мұндай сайтқа мәліметтеріңізді енгізу алаяқтарға өз логиніңіз бен құпия сөзіңізді сыйға берумен тең.

ІІМ деректеріне сүйенсек, Павлодар қаласының тұрғыны осындай схемамен әрекет еткен. Ол өзін «Самсунг электроникс» ЖШС қызметкері ретінде таныстырып, бағалы жүлде ұтысы туралы хабарлаған. Содан кейін ол 10 000 теңгеден бастап 50 000 теңгеге дейінгі мөлшердегі ҚҚС (жүлдені жеткізу) төлеуді талап еткен. Қазіргі уақытта қылмыскер тұтқындалды. Тергеу барысында оның осыған ұқсас 44 қылмысқа қатысы анықталды.

2021 жылғы үш айда ішкі істер органы интернет-алаяқтықтың 6824 фактісін тіркеген. 

2021 жылғы наурызда құқық қорғаушылар WhatsApp мессенджерінде «Касса от ставки» атты чатты анықтады, онда спорт оқиғаларына тиімді бәс тігу арқылы 50% табысқа кенелу ұсынылды. Чат әкімшісі (Тараз қаласының тұрғыны) анықталды, тұтқындалды. 30 мың теңдеген бастап 100 мың теңгеге дейінгі сомада ақша салған 14 азамат алданған.

Алаяқтар ресми тұлғалардың кейпін танытады

Алаяқтар жалған құжаттар және түрлі хабарландырулар жасау үшін бағдарламалық қамсыздандыруды жиі пайдалануда. Егер сіздің ақпарат қандай да бір жолмен қылмыскерлердің қолына түсетін болса, олар жалған хатты, мысалы салық комитетінен немесе прокуратурадан жіберілетін хатты жасап, оны сізге электрондық пошта немесе мессенджерлер арқылы жібере алады. Берілген хатта сіздің мерзімі өткен салықтық берешегіңіз немесе маңызды құқық бұзушылығыңыз бар екендігі көрсетіледі. Осыдан кейін алаяқ сізге жеке қоңырау шалып, қорқытып, бопсалап және «жақсылықпен келісуді» ұсынатын болады. Мысалы, сізге қандай да бір әмиянға белгілі бір соманы аудару қажет болады, содан кейін істің жүргізілуі тоқтатылады-мыс.

Айта кетейік, пара беру қылмыстық іс болып табылады. Сондықтан, ешқашан оның көмегімен мәселелерді шешуге болмайды. Сонымен қатар, алаяқтарға аударым, егер бар болса, нақты айыппұлдан арылуға көмектеспейді. Кейде алаяқ сіздің берешегіңіз туралы біліп, сізден ақша алып, содан кейін жоғалып кетеді. Айыппұл немесе берешек сол күйінде қалады.

Алаяқтардың көптеген түрі мен әдістері бар!

Алаяқтықтың өте күрделі әдісі – құқық қорғау органдары болып қоңырау шалу. Мысалы, алаяқтар қазір өздерін сіздің танысыңыздың, досыңыздың немесе туысқаныңыздың ісімен айналысатын заң қызметкерлері болып таныстырады. Оның үлкен проблемалары бар-мыс: ол ауыр қылмыс жасады. Мысалы, ол адамды қағып кетті немесе біреуді ұрды, немесе террористік ұйымға мүше, немесе ауыр есірткі таратты деп хабарлайды. Кез-келген жағдайда қылмыс қорқынышты көрінуі керек, ал салдары қайтымсыз болуы керек. Қандай да бір ақшалай сома мәселені шеше алады. Бір жағынан, әсер ету үшін жеткілікті қомақты сома да, екінші жағынан, оны тез төлеуге болмайтындай да көп те емес.

Негізінен, мұндай алдаудың құрбандары – жақын адамына көмектесу үшін соңғы ақшасын беруге дайын қарт адамдар. Қосымша стресс факторы ретінде әдетте, абоненттің қоңырау қабылдай алмауы болып табылады –алаяқтар мұны да біле алады. Осы сәтте сұрақ қоя бастаған дұрыс. Күдікті қай полиция бөлімшесінде? Оған қандай бапқа қатысты айып тағылған? Әрекет қашан жасалды? Адвокаттың көмегі бар ма және ол адвокаттың аты- жөні кім? Сонымен қатар, ҚР ІІМ жедел желісіне және өзіңіздің аудандық полиция бөліміне қоңырау шалу керек. Ешқандай жағдайда дүрбелеңге түспеу керек. Оның үстіне ақшаны бейтаныс біреуге бермеу. оның шотына аудармау керек.

Сақ болыңыз, телефон алаяқтарының арандатуына бой алдырмаңыз және пайдалы ақпаратты www.fingramota.kz -тен көбірек біліңіз!

white-arrow Тізімге