Бірнеше сұраққа жауап бере отырып, 100 мың теңге алыңыз. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Қазақстанның екі танымал банкінің атынан ұтыс ойыны бар пікіртерімге сілтемелер «кезіп жүр». Ақшалай сыйақы алған және пікіртерімдердің астында көрсетілген пайдаланушылардың риза болған пікірлері қызығушылықты арттырып, оған қатысуға ынталандырады.
Алайда, пікіртерімнен өткен адамның алаяқтардың құрбаны болу қаупі бар. Fingramota.kz құйтырқы жағдайдың неде екені туралы айтып береді.
Алаяқтық пікіртерімдер қандай болады?
Әдетте алаяқтар мұндай фишингтік беттердің дизайны мен мазмұнына ерекше мән бермейді. Олар асығыс жасалған сияқты, ақпараты қайталанады, тек ұйымның атауы ғана ерекшеленеді, біздің мысалда – ақша пікіртерімдері жүргізілетін банк, сонымен қатар олардың брендінің түсі мен логотипі қолданылады.
Мұқият пайдаланушылар сауалнамалардың банктердің ресми интернет-ресурстарында өткізілмейтінін, доменнің түсініксіз сандар мен әріптерден тұратынын байқайды.
Сондай-ақ, бірден көзге түсетін нәрсе – бұл банктердің құрылған күніне арналған мерейтой күндері-мыс, оның құрметіне ұтыс ойындары өткізіледі, бұл да жалған ақпарат.
Пайдаланушылардың, көп жағдайда шетелдік азаматтардың риза болған пікірлері сәттілік құсын қолына қондырғысы келетіндерді ойландыруы керек. Алайда, мұндай жалған пікіртерімдер болса, дәлірек айтсақ, егер ұсыныс болса, онда сұраныс та бар деген сөз.
Егер Сіз барлық сұрақтарға жауап берсеңіз не болады?
Алаяқтық сайттарда ұсынылатын сұрақтар әдетте оңай. Бұл алдағысы келетін пайдаланушыларды тарту үшін жасалады.
Экранда ақша қобдишалары пайда болады, олардың бірінде қастерлі ақшалай сыйлық жасырылған. Ұтыс ойнын ұйымдастырушылар тек үш әрекет берілетіні туралы ескертеді. Әрине, олардың біреуі міндетті түрде сәтті болады, содан кейін экранда ақша және Сіздің 100 мың теңге ұтып алғаныңыз туралы жазба пайда болады.
Алайда, ақшалай сыйлығыңызды алу үшін бірқатар талаптарды орындау қажет – бұл әлеуметтік желілердегі және мессенджерлердегі 20 досыңызға немесе бес топқа сілтеме жіберу, сондай-ақ тіркеуді аяқтау үшін электрондық пошта мекенжайын енгізу. Кейбір фишингтік беттерде кейде өзіңіздің басқа да жеке деректеріңізді енгізу талап етіледі. Айта кету керек, мұндай сайттар Сіздің IP-мекенжайыңызды сақтайды - бұл Сіздің құрылғыңыздың да, желі түйінінің де бірегей желілік адресі. Әдетте ол ешқашан қайталанбайтын сандар жиынтығынан тұрады. Алаяқтар IP-мекенжайды пайдалана отырып, Сіздің қай елден екеніңізді, қай қалада тұратыныңызды, провайдеріңіздің кім екенін анықтай алады және егер оның жүйесін бұза алатын болса, онда Сіздің электрондық әмияндарыңызға, мобильді банк қосымшаларына, әлеуметтік желілерге, электрондық поштаға логиндер мен парольдерге қол жеткізе алады. Сыртқы IP-мекенжай арқылы білікті киберқылмыскерлер Сіздің гаджетіңізге интернеттен қосыла алады не жиі кіретін кейбір сайттарыңызды фишингтік көшірмелерге ауыстыру арқылы Желіге кіру өлшемдерін өзгерте алады. Жалпы, қаскүнемдер Сіз туралы мүмкіндігінше көп ақпарат алу үшін интернеттегі әрекеттеріңізді бақылай алады.
Егер фишингтік бетте, мәселен, өз мобильді нөміріңізді енгізсеңіз, онда бұл ақпаратты кейіннен телефон алаяқтары оңай пайдалана алады. Өздерін банктің немесе қандай да бір беделді ұйымның менеджері ретінде таныстырып, әлеуметтік инженерия әдістерін епті пайдаланған олар Сізді шатастырып, конфиденциалды деректеріңізді жеке әңгіме барысында біліп алуға тырысады.
Пайдаланушылардың кейбір пікіртерімдерінде жеңімпаздың картасына сыйақы салу үшін картаңыздың деректерін енгізуді сұрайды. Алайда ол деректерді бере отырып, Сіз барлық қаражатыңыздан айырылуыңыз мүмкін. Картаңызға қол жеткізген алаяқтар онлайн-банкинг жүйесінде барлық ақшаны оп-оңай аударып жібереді не атыңызға кредит ресімдей салады.
Мұндай алаяқтық пікіртерімдер кімдерге арналған?
Әдетте мұндай анық алдауға қашықтан отырып-ақ конфиденциалды деректерді иелене немесе қаражатты алдау арқылы алатын алаяқтар жайында түсінігі жоқ егде жастағы адамдар, зейнеткерлер, сондай-ақ мектеп оқушылары түсіп қалады.
Олар ақшаны оңай әрі жеңіл табуға болатынына сенеді, алаяқтардың арбауына бір рет түскен олар жаңа айла-шарғыға баруы мүмкін. Балалар – кибералаяқтар үшін жеңіл олжа, солар арқылы алаяқтар ата-аналарының жеке ақпаратын және карточкалық шоттарының деректерін алуға тырысады.
Сондықтан да балаларыңызға, ата-аналарыңызға, ата-әжелеріңізге қаржылық алаяқтықтың кеңінен тараған тәсілдері туралы айту, Желіде құрылған тұзақтарға түспеу жолдарын түсіндірген маңызды.
Өзіңізді және жақындарыңызды алаяқтықтан қалай қорғауға болады?
Егер Сіз немесе Сіздің жақындарыңыз сауалнаманы соңына дейін өткізіп, фишинг сайтында сұралған ақпаратты қалдырса не істеу керек?
Алаяқтардың Сізді алдап, конфиденциалды деректеріңізді иемденуіне жол бермеу үшін кибергигиенаны сақтау қажет.
Тағы бір маңызды мәселе – әртүрлі ақшалай төлемдермен, ұтыс ойындарымен, жүлдесі бар пікіртерімдермен байланысты кез келген ақпаратты сыни тұрғыдан бағалаңыз және бос қызығушылық болса да, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз.
Ата-аналарыңызға және балаларыңызға алаяқтықтың осы әдісі туралы айтып беріңіз, Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!
Фишингтік сайттарды қалайша тануға болады: негізгі проблемалары және пайдалы ұсынымдар
Жылдам, ыңғайлы және пайдалы: неліктен автокөлік иелері Еурохаттамаға назар аударуы керек
Жаңадан бастағандарға арналған инвестициялық қосымша қалай жұмыс істейді?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма