Алданбауға тырысыңыз: маркетологтар мен алаяқтар сіздің эмоцияларыңызда қалай ойнайды

time 19.03.2026

Қазіргі ақпараттық кеңістікте адам күн сайын көптеген жарнамалық ұсыныстарға, қаржылық қызметтерге және инвестициялық мүмкіндіктерге тап болады. Интернеттегі баннерлер, мессенджерлердегі хабарламалар, әлеуметтік желілердегі жарнамалар – мұның бәрі «бүгін ғана» қолжетімді пайда, жылдам табыс немесе бірегей шарттарды уәде етеді. 

Бір қарағанда, мұндай ұсыныстар өте тартымды көрінуі мүмкін. Алайда, олардың артында көбінесе адамның эмоцияларына әсер етуге бағытталған психологиялық әдістер бар. Бұл әдістерді тауарлар мен қызметтерді насихаттайтын маркетологтар да, қаржылық алаяқтар да белсенді қолданады. 

Айырмашылық тек мақсатта: маркетинг сатып алуға итермелеуге тырысады, ал алаяқтар сіздің ақшаңызды немесе дербес деректеріңізді иемденуге тырысады. Толығырақ Fingramota.kz.-пен бірге қарастырайық.

Неліктен эмоциялар қаржылық шешімдерге әсер етеді

Қаржылық шешімдер ұтымды қабылдануы керек, бірақ іс жүзінде адамдар көп жағдайда эмоциялардың әсерінен импульсивті әрекет етеді. Мысалы, адам интернеттегі жарнаманы көреді: «Небәрі бір айда 30% табыс табыңыз. Орындардың саны шектеулі». Шарттарын түсінбестен және компанияны тексермей, ол «тиімді мүмкіндікті» жіберіп алудан қорқып, ақша аударуы мүмкін. Кейінірек бұл алаяқтық схема болғаны анықталады.

 Мұндай жағдайлар үнемі болып тұрады. Сондықтан алаяқтар мен агрессивті маркетинг адамның бойында күшті эмоциялар, яғни қорқыныш, ашкөздік, жеделдік немесе сенім тудыруға тырысады. Эмоциялар басым болған кезде, ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау қабілеті айтарлықтай төмендейді.

Алаяқтар мен агрессивті маркетинг қандай эмоцияларды жиі пайдаланады

  1. Қорқыныш. 

Ең көп таралған психологиялық әдістердің бірі – адамның бойында  мазасыздық пен жеделдік сезімін қалыптастыру. Мысалы, адамға қоңырау шалып, өздерін банк қызметкерлері деп таныстырады. Оған оның шоты бойынша күдікті операция жасалып жатқандығы және шұғыл түрде «ақшаны қорғау» қажет екендігі туралы хабарланды. Қысымды күшейту үшін алаяқтар «Сіздің шотыңызды бұзуға тырысуда», «Егер қазір деректерді растамасаңыз, қаражат есептен шығарылуы мүмкін», «Ақшаны қауіпсіз шотқа шұғыл түрде аудару керек» деген тіркестерді қолдана алады.

Күйзелісті сезініп, қаражатын жоғалтудан қорқып, адам ақпаратты тексеріп үлгермей, алаяқтардың нұсқауларын орындауы ықтимал.

  1. Жеңіл пайда табу ниеті. 

Алаяқтар жиі тамырын басатын тағы бір эмоция – жедел ақша табу ниеті. Мысалы, әлеуметтік желілерде инвестициялық жобаның «Бар болғаны 50 000 теңге инвестициялаңыз және айына 500 000 теңге кіріс алыңыз», «Тәуекелсіз кепілдік берілген пайда» немесе «Инвесторлардың шектеулі тобына қолжетімді құпия инвестициялық стратегия» деген сияқты жарнамасы пайда болады.

Мұндай уәделер өте тартымды көрінеді. Алайда, іс жүзінде жоғары кірістілік әрқашан жоғары тәуекелмен байланысты. Кепілдік берілген пайда уәде етілген жерде, бұл әрдайым алаяқтық схеманың белгісі болып табылады.

Мұндай жағдайларда адам тез кіріске үміттеніп, ақша аударады. Бірақ біраз уақыттан кейін сайт жұмысын тоқтатады, ал жобаны ұйымдастырушылар жоқ болып кетеді.

  1. Шұғыл болудың әсері. 

Жасанды қысым жасау – тағы бір танымал психологиялық әдіс. Мысалы, интернет-дүкеннің веб-сайтында адам «Жеңілдік тек 2 сағат қана қолданылады», «Небәрі  3 зат қалды» немесе «Науқан бүгін аяқталады» деген хабарламаларды көреді.

Мұндай тұжырымдар адамды тез шешім қабылдауға мәжбүр етеді. Нәтижесінде сатып алу бағасын салыстырмай немесе сатушының сенімділігін тексермей импульсивті түрде жүзеге асырылады.

Алаяқтар бұл әдісті белсенді қолданады, себебі адамның ойлануға уақыты қаншалықты аз болса, алдау белгілерін байқамау ықтималдығы соғұрлым жоғары болады.

  1. Әлеуметтік тұрғыдан қысым

Кейде адамға «бәрі бұл таңдауды жасағанын» көрсеткен кезде әлеуметтік дәлел деп аталатын әсерді қолданылады. Мысалы: «Қазірдің өзінде 10 000-нан астам адам инвестициялады», «Жылдың ең танымал инвестициялық жобасы» немесе «Мыңдаған клиент қазірдің өзінде ақша табуда».

Мұндай тұжырымдар сенімділік сезімін тудырады. Адам былайша ойлауы мүмкін: егер осыншама адам қатысып жатқан болса, демек ұсыныс қауіпсіз. Іс жүзінде мұндай ақпарат көп жағдайда дұрыс емес болады және тек танымалдылықтың алдамшы көрінісін жасау үшін қолданылады.  

Өзіңізді эмоционалды айла-шарғыдан қалай қорғай аласыз 

Қаржылық шығындар тәуекелін төмендету үшін бірнеше қарапайым қағиданы сақтаған маңызды.  

  1. Үзіліс жасап тұрыңыз. Егер сізді шешім қабылдауға асықтыратын болса немесе күшті эмоцияларыңызды оятуға тырысатын болса, кідіріп, үзіліс алған дұрыс. Көп жағдайда нағыз сенімді ұсыныстар жылдам арада шешім қабылдауды талап етпейді.  

  2. Ақпаратты тексеріп отырыңыз. Егер сізге банктің немесе басқа ұйымның атынан жалған қоңырау соғып тұрса, әңгімені аяқтап, өз бетіңізбен компания сайтында көрсетілген ресми нөмір бойынша қайта қоңырау соғу керек.

  3. Конфиденциалды ақпаратты ешкімге бермеңіз.  Банк картасының PIN-кодын, CVV-кодын, құпиясөздерді және растау SMS-кодтарын үшінші тұлғаларға хабарлауға болмайды. Банк және қаржы ұйымдарының қызметкерлері мұндай ақпаратты ешқашан сұратпайды. 

  4. Уәде беру шынайылығын бағалаңыз. Егер ұсыныспен аса жоғары кіріске, кепілдік берілген пайдаға немесе тәуекелсіз жылдам ақшаға уәде беретін болса – бұл сақ болудың маңызды себебі.  

  5. Қаржы өнімдерінің талаптарын зерделеңіз. Шартқа қол қоюдың немесе ақша аударудың алдында барлық талаптармен, ықтимал тәуекелдермен және компания беделімен мұқият танысып шыққан маңызды.  

Есте сақтаған маңызды!

Эмоциялар адамды асығыс қаржылық шешімдер қабылдауға мәжбүр етуі мүмкін. Сондықтан алаяқтар мен жосықсыз компаниялар көбінесе қорқыныш, ашкөздік немесе жеделдік сезімін тудыруға тырысады.

Егер ұсыныс аса тиімді болып көрінсе немесе дереу жауап беруді қажет етсе – кідіріп, ақпаратты тексеріп, содан кейін ғана шешім қабылдаған дұрыс.

white-arrow Тізімге