Fingramota.kz азаматтарды білім беру орталықтары ретінде жасырынып, инвестициялау бойынша оқытудан өтуді ұсынатын қаржы пирамидаларының қызметі жөнінде ескертеді.
Оқимын десең қаржы құй
Көп жағдайларда қаржы пирамидалары заңмен тыйым салынбаған өзге қызмет түрлерін бүркемеленеді. «Әуесқойлар клубы», желілік маркетинг, тұтынушылар кооперативтері, краудфандинг платформалары – бұл алаяқтық схемаларды жасыру түрлерінің азғана ғана бөлігі. Сондай-ақ, инвестициялық компаниялардың атын бүркемеленіп, өте тиімді талаптармен Forex-ке немесе әлемдік нарықтардағы бағалы қағаздарға ақша құюды ұсыну кеңінен таралған.
Әдетте, мұндай ұйымдар Қазақстанда тіркелмеген. Керісінше, көптеген алаяқтық схемалар өздерінің шетелдік «шығу тегін» басымдығы ретінде алға тартады.
Дегенмен де, ерте ме кеш пе бұл жария болып, қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қылмыстық іс қозғалады. ҚР Бас прокуратурасының деректері бойынша соңғы бес жыл ішінде мұндай 619 факті орын алған, ал тек өткен бір жыл ішінде ғана олардың саны 181 болды.
Соңғы уақытта қосымша біліктілік пен білім алу кеңінен таралуда. Осының аясында өздерін блокчейн-технологиялар және орталықтандырылмаған қаржы бойынша оқыту орталықтары ретінде таныстыратын ұйымдар өз қызметін белсенді жарнамалауда.
Олар қаржылық технологиялар мен құралдарға инвестициялау бойынша оқыту бағдарламаларын негізінен тегін жүргізеді. Оқу аяқталғаннан кейін клиентке өз қаражатын оқыту орталығы әзірлеген трейдингтік алаңға орналастыру ұсынылады.
Ескертеміз! Қазақстанда MarketPeak ұйымы өз қызметтерін белсенді түрде ілгерілетіп, әлеуметтік желілер арқылы жарнамалайды. Компания БАӘ-де тіркелген, бұл ретте қаржылық реттеушінің сайтында осы компанияға лицензия беру туралы ақпарат жоқ. Осылайша, оның ҚР аумағында қаржылық қызметке лицензиясы немесе өзге де рұқсат құжаттары жоқ, қаржы ұйымы болып табылмайды, бөлімшелері бола алмайды және олар арқылы ақша тартуды жүзеге асыра алмайды, сондай-ақ қаржылық қызметтер көрсетуге, оның ішінде Қазақстанның бағалы қағаздар нарығында жұмыс істеуге құқығы жоқ.
Тегін оқытуды өткізгеннен кейін Marketplace компаниясы азаматтарға инвестицияны нарықтық құралдарға емес, өзінің трейдингтік платформасына салуды ұсынады. Назар аударыңыз! Бұл ретте кірістілік өте жоғары болып белгіленеді – айына 20%-дан 30%-ға дейін, оның ішінде шетел валютасымен.
Алайда, компанияға берілетін қаражатты қайтару ештеңемен кепілдендірілмеген, кез келген инвестициялар қамтамасыз етілмеген!
Әдемі көріністің артында қаржылық проблемалар орын алады
Алаяқтық схемаларды ұйымдастырушылар жарнама мақсаттарында және көп инвесторлар тарту үшін салымшыларының «табысқа жету» тарихын жариялайды. Олар әлеуметтік желілерде және тіпті БАҚ-та белсенді жарнама жасайды. Бұл ретте, олар ақша қаражатын төлеу, қымбат сыйлықтар беру және сый-құрмет көрсету фактілерін көрсетеді, оң пікірлерді жариялайды.
Әдетте, табысқа жету тарихы туралы айтылған адамдардың ұйымдастырушылармен бірге екендігін түсінген жөн.
Көп жағдайда салымшылар уәде етілген кірістілікті ғана емес, салынған қаражатты да жоғалтады. Алаяқтар ең алдымен аздаған сыйақы төлейтін (ол жаңадан келген салымшылардың ғана есебінен қалыптастырылады) және бұдан әрі сіз көп қаражат салған сайын, барынша көп пайыз ұсынатын жағдайлар туындайды. Кейбір салымшылар шынымен тез байып кетеміз деп сенеді және барлық қаражатын салып қана қоймайды, мүлкін сатады және тіпті кредит те алып жатады.
Қатысушылардың белгілі бір саны мен қомақты сома жиналғанда, ұйымдастырушы барлық ақшаны алып, жоғалып кетеді. Нәтижесінде, салымшылар сыйақысыз қалып, өзінің қаражатынан да айрылып жатады. Әдетте, алаяқ ұйымның активтері не мүлкі болмағандықтан қаражаттың бір бөлігін қайтару мүмкін емес.
Лицензия болмаса – қорғау да болмайды!
Айтарлықтай табысқа кенелуге уәде берумен ақша тартатын, ал қолында ҚР қаржы реттеушісінің лицензиясы және нақты активтері жоқ компаниялар –алаяқтық компаниялар болып табылады.
Сонымен қатар шетелдік компаниялармен өзара қарым-қатынас тәуекелді болып табылады. Өйткені олар Қазақстанның заңнамасын басшылыққа алмайды және проблемалар туындаған жағдайда, салымшы өзін және халықаралық құқық шеңберінде қорғауға мәжбүр болады. Бұл жағдайда тәуекел екі есе: салымшы активтер құнының төмендеуіне байланысты қаражатты жоғалтуы мүмкін, сондай-ақ ұйымдастырушы ақшаны алып жоқ болып кеткен кезде тікелей алаяқтықтың құрбаны болуы мүмкін.
Қорытындылай келе, біз азаматтарымызды нарықтық емес жоғары кірістілікті ұсынатын күмәнді жобаларға, әсіресе шетелдік платформаларға қаражат салудан сақтандырамыз. Тегін оқыту, әрине, жақсы. Бірақ оған салынған ақшаға оқыту орталығы, сауда алаңы жауап бермейді, оған инвестордың өзі жауап береді.
Ақшаңызға қауіп төндірмес бұрын мыналарды тексеріп алыңыз:
1. Компанияның беделін және ол ұсынатын ақпараттың дұрыстығын зерттеңіз. Депозиттер тартуға құқығы бар барлық қаржы ұйымдарында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген қаржылық реттеушінің лицензиясы болуы керек.
Егер сізде қаржы пирамидасымен байланысқа шыққаныңыз туралы күдік пайда болса, тұрғылықты жеріңіз бойынша құқық қорғау органдарына (ҚР Ішкі істер министрлігі) және қаржы реттеушісіне дереу жүгіну қажет. Сіздің өңіріңіздегі Агенттікпен байланысу деректерін https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/contacts?lang=ru арқылы таба аласыз.
Егер ұйым резидент болып табылмаса және сіз оған ақылы қаржылық қызметтерді алуға ниет білдірсеңіз, онда бұл компания міндетті түрде қаржылық қызметті жүзеге асыруға рұқсаттардың болуы туралы ақпаратты көрсетуі және реттеушінің интернет-ресурсына тиісті сілтемені ұсынуға тиіс.
Қаржы реттеушілерінің тізімін мына жерден таба аласыз: https://www.bis.org/regauth.htm
Сіз халықаралық компанияны веб-сайттан тексере аласыз: https://www.dfsa.ae/public-register/firms
Халықаралық қаржы ұйымдарының тізімі де бар.
2. Компанияның иелері мен басшылығы туралы ақпаратты зерделеңіз, сонымен бірге оның қай жерде тіркелгенін біліңіз. Егер басшылық туралы ақпарат құпия сақталса, ал компанияның өзі белгілі бір оффшорлық аймақта тіркелген болса, онда қызметтерін сатып алмаңыз, сонымен қатар мұндай ұйымға ақшаңызды салудың қажеті жоқ. Компанияларды оффшорлық аймақтарға тіркеу рәсімі барынша жеңілдетілген, ал нақты құрылым иесінің атын немесе бұл құрылымның артында кім тұрғанын анықтау өте күрделі. Сондықтан ұйымның лицензиясын Агенттіктің сайтында міндетті түрде тексеріңіз.
3. Егер инвестициялардың табыстылығына жоғары кепілдік беріп, уәде етілсе, сақ болыңыз. Алаяқтар психологияны жақсы біледі және адамның тез және оңай баюға болады деген қарапайым ниетімен ойнайды. Сондықтан пирамидалар жылдық 50, 100 және 200% кірістілікке оңай уәде береді, өйткені бұл уәделер орындалмайды.
Егер компания қызметінің ерекшелігі түсініксіз болса, инвестициялаудан аулақ болу керек. Ақшаны қайтарудың нақты тетігінің жоқ екені де сақ болуды талап етеді. Мысалы, егер қаражатты сізге белгілі бір сомаға жеткеннен кейін ғана қайтарады деп жазылса. Сіздің салынған қаражатты басқаруға және қажет болған жағдайда оларды алуға мүмкіндігіңіз болуға тиіс. Мұндай мәселелер, әдетте, шартта сипатталады. Құжатқа қол қоймас бұрын оны мұқият зерделеп, түсініксіз жағдайлар туындаған кезде мамандармен кеңесу керек.
Шақыру жарнамасы – бұл жоғары пайызбен салым салуға себеп емес, уәделердің орындалуына күмәндануға себеп екені есіңізде болсын .
4. Жаңа салымшыларды тартқаныңыз үшін сыйақы ұсына ма?
Бас тартыңыз – бұл Сізді қаржы пирамидасына тартудың нақты белгісі.
5. Компания корпоративтік іс-шараларға, түрлі жүлделердің, сыйлықтардың, жолдамалардың ұтыс ойындарына қатысуға шақыра ма? Бас тартыңыз!
Бұл пирамидаға жаңа салымшыларды тартудың ең танымал әдістерінің бірі. Осылайша, бір жағынан, «табысты және пайдалы компанияның» бейнесі қалыптасады.
6. Компанияның ақшаны қалай қабылдайтынына назар аударыңызшы. Көптеген күмәнді компаниялар қолма-қол ақша қабылдайды немесе компанияның банктердегі арнайы есеп айырысу шоттарын және өз қызметінің сенімді бухгалтерлік есептілігін қолданбай, интернет-төлемдер мен аударымдардың түрлі жүйелерін пайдаланады.
Егер Сізде кез келген ұйымның қызметіне қатысты сұрақтар немесе күмән туындаған жағдайда, егер Сіз компанияда қаржы пирамидасының белгілері бар деп есептесеңіз – Агенттікке Fingramota Online мобильдік қосымшасы арқылы «Қаржы пирамидалары және қаржылық алаяқтық» бөлімінде хабарласа аласыз.
Қосымшаны мына сілтемелер арқылы жүктеуге болады :
App Store-да: https://apps.apple.com/kz/app/fingramota-online/id1134502211
Play Market-те: https://play.google.com/store/apps/details?id=kz.nationalbank.appeals
Мобильдік қосымшаның веб-нұсқасы да қол жетімді: http://online.fingramota.kz/ru
Сақ болыңыз, алаяқтардың арандатуына бой алдырмаңыз және www.fingramota.kz-дан пайдалы ақпаратты көбірек біліңіз!
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма
Жинақтауға арналған сақтандыру – оны қалай пайдалануға болады
Zakon.kz порталы Интернет және қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша конференцияны ұйымдастырды...
Қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі сараптамалық кеңес құрылды
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт