Қаржылық сауаттылық: бірге арттырайық!

time 8.01.2021

Қаржы әлемі күн сайын өзгеріп отыр. Ақшаны ұтымды пайдаланып, сол әлемде жол табу үшін өзіңіздің қаржылық сауаттылығыңыздың деңгейін үнемі арттырып отыру қажет, сондай-ақ ақпараттық технологиялар саласы мен құқық аясындағы біліміңізді көтеруіңіз қажет. 


Алдымен «қаржылық сауаттылық» ұғымы нені білдіретінін анықтап алайық. Бұл бағалы қағаздар нарығының, валюта нарығының немесе экономикадағы күрделі процестердің барлық қыр-сыры мен ерекшеліктерін атүсті білу емес. 

Қаржылық сауаттылық – ең алдымен өз ақшаңызды сауатты пайдалана білу. Қаржылық сауаттылық азаматтардың әл-ауқатын және өмір сүру деңгейін жақсартуға әкеледі, тұтынушыларға арналған ақпаратқа қолжетімділікті арттырады, сондай-ақ халықтың қаржылық қызметтерді көбірек қамтуын және оларға қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

Қазіргі қаржылық қызметтердің серпінді дамуы, түрлі өнімдердің онлайн-форматқа айналуы және жаңа цифрлық технологиялар, күрделі әрі тәуекелді қаржы құралдарына деген сұраныстың артуы жағдайында халықтың қаржылық сауаттылығы мәселесі оның өзектілігін арттыруды талап етеді. Халықтың қаржылық білімін арттыру қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің негізгі элементі, халық пен бизнестің қаржылық қызметтерге үздіксіз қол жеткізу, қаржылық тұрақтылықты және қоғамның әл-ауқатын қамтамасыз етудің талабы болып табылады.

Қаржылық сауаттылық деп мына құрауыштардың жиынтығы түсініледі:

- қаржылық қызметтерді және құралдарын пайдалана білу;

- меншікті қаржы құралдарын басқару дағдылары;

- халықтың қаржы жүйесі, оның жұмыс істеу қағидаттары, сондай-ақ қаржылық қызметтер саласында тұтынушылардың құқықтарын қорғау  туралы хабардар болу деңгейі.

Осылайша халықтың қаржылық сауаттылық деңгейінің жоғары болуы азаматтардың өмір сүру деңгейінің артуына, еліміздің экономикасына жеке инвесторлар қаражатының келуіне, қаржы нарықтарында бәсекелестіктің дамуына, қаржылық тұрақтылықтың нығаюына және қоғам әл-ауқатының артуына ықпал етеді.

Қаржылық сауаттылықты шартты түрде үш «кит» деп аталатын үш санатқа бөлуге болады.

1. Бірінші – бұл қаржы ұйымдарының мобильдік қосымшаларын, интернет-банкингті пайдалану үшін, кибералаяқтарға қарсы іс-қимыл және т.с.с. үшін қажетті техникалық білім.

2. Екінші – заң тұрғысынан сауаттылық. Қаржылық қызметтерді тұтынушы ретіндегі өз құқықтарыңды білу, қаржы ұйымдарымен жасалған шарттарды оқи және түсіне білу, заңнаманы білу сізді болашақтағы көптеген кездейсоқ жағдайлардан сақтандырады.

3. Соңғысы, негіздерді негізі – бұл қаржылық жоспарлау. Үшінші «кит» – жеке қаржыны жүргізе білу, жеке немесе отбасылық бюджетті басқару бойынша дұрыс және сараланған шешім қабылдай білу.

Осы санаттардың әрқайсысын толығырақ талдайық. 

Техникалық сауаттылық

Гигиенаның қарапайым қағидалары сияқты, цифрлық ақша саласында да киберқауіпсіздіктің өзіндік базалық ұғымдары бар, оларды онлайн режимде сатып алуды және банктік аударымдар жасауды қалайтын әрбір адам білуге тиіс.

Гаджеттердің көмегімен әртүрлі қаржылық операцияларды жүргізетін пайдаланушылардың саны жыл сайын өсуде. Біздің өмірімізге ендеп кірген заманауи технологиялардың барынша қолайлы болуымен қатар виртуалды қылмыскерлер де жиі шабуыл жасай бастады, олар сенгіш пайдаланушылардан ақша алып қою тәсілдерін үнемі жетілдіріп отырады.

Құқықтық сауаттылық

Кез келген құжатқа қол қоя отырып, онда жазылғанның барлығымен толығымен келісесіз. Шартқа қол қоя отырып, барлық міндеттемені өзіңізге толығымен аласыз. Ақша мәселесінде мұқият болмау алдын ала болжауға келмейтін әрі жағымсыз салдарға әкелуі ықтимал. Мұндай мәселеде ешқашан асықпаған дұрыс. Кез келген шартты мұқият оқып, барлық талаптармен танысу, шартта сіздің қаржылық қызметтерді тұтынушы ретінде құқықтарыңыз бен мүдделеріңіздің қаншалықты қорғалғанын, шартта қандай міндеттемелер жазылғанын, қандай тәуекелдер бар екенін талдау қажет.

1. Егер шартқа қол қоярда күмәндансаңыз, онда істі кәсіби маманға сеніп тапсырыңыз. Құжатты сауатты заңгерге көрсетіңіз.

2. Сіздің қаржы қызметтерін тұтынушы ретіндегі құқықтарыңыз заңмен реттелетінін біліңіз. Егер қаржы ұйымы уәкілетті органның бақылауында болса, оның ҚР Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және дамыту агенттігі берген лицензиясы болады, онда сіз қаржы реттеушісіне жүгіне аласыз. Әрбір өтініш бойынша құжаттамалық тексеру жүргізіледі.

3. Соңғы заң жобаларын біліп жүру үшін қаржылық және заң тақырыбындағы жаңалықтар мен материалдарды жиі оқыңыз. Нұсқа ретінде мобильді телефоныңызға «Fingramota Online» қосымшасын жүктеп алуыңызға болады, қосымшада үнемі жаңартылып отыратын жаңалықтар топтамасы бар және push-хабарлама  орнатылады. «Fingramota Online» пайдаланушыларына қаржы реттеушісінің қызметі туралы, қаржы нарығындағы ахуал туралы, Қазақстанның қаржы заңнамасындағы заңнамалық  бастамалар мен өзгерістер туралы жедел ақпарат бірінші болып қолжетімді болады. Қосымшаны App Store-да: https://apps.apple.com/kz/app/fingramota-online/id1134502211; Play Marketте: https://play.google.com/store/apps/details?id=kz.nationalbank.appeals сілтемелері бойынша жүктеп алуға болады.

Қаржылық жоспарлау

Қаржылық жоспарлау – адамның адаспауына және мақсатына жетуіне көмектесетін өте күшті құрал. Егер Сіз өзіңіздің қаржылық жағдайыңызды жақсартқыңыз келсе, мысалы, жаңа үй, автокөлік сатып алуға немесе балалардың білім алуына ақша жинау мақсатында армандап жүрген тілектеріңізді жүзеге асырғыңыз келсе, болашаққа жоспар жасаудан бастауыңыз керек. Мұндай жоспарлар межелі жерге жеткізетін карта сияқты. Қаржылық жоспарлаумен айналыса отырып, Сіз өзіңіздің қаржылық жағдайыңыздың толық көрінісін көре аласыз және шығындар мен кірістердің қандай баптарын түзету қажет екенін мұқият бағалай аласыз.

Қаржылық мақсаттарға жету жолында парасатты болу керек, аяқ астынан жоспарсыз ақша жұмсауға немесе кредит ала салуға болмайды. Әсіресе, шектеу шаралары кезеңінде сақ болған жөн, өйткені пандемия қашан аяқталатынын ешкім білмейді, кредит пен басқа да қарыздардан бас тартқан дұрыс. Ақшаны үнемі үнемдеуді ұмытпаңыз, әркімнің өз қаржылық қауіпсіздік жастықшасы – қол сұғылмайтын қоры болуы керек.

Fingramota.kz-тен бірнеше пайдалы ұсыным:

1. Аса мұқтаждық болып жатпаса, тұтынушылық кредиттерді алмаңыз. Бұл шынымен қажет заттар болса ғана тәуекелге бел бууға болады. (Мысалы, балаларды қашықтықтан оқытуға арналған компьютер, машинаға арналған қысқы шиналар және т.б.). Басқа жағдайларда жеке бюджетке қосымша жүктемеден бас тартқан дұрыс.

2. Қаржылық қызметті таңдау кезінде нарықты мұқият зерттеп, мониторинг жасаңыз, өзіңіз үшін ең тиімді талаптарды іздеңіз.

3. Резерв жасаңыз. Бюджетті жүргізу, кірістер мен шығыстарды есепке алу, жинақтау Сізге ұқыпты болуға, банктердің немесе басқа қарыз берушілердің көмегіне жүгінбеуге себін тигізеді.

4. Қаржыңызды күмәнді ұйымдарға сеніп тапсырмаңыз. Сіз қаржы алаяқтары мен қаржы пирамидаларының тұзағына түсіп қалуыңыз мүмкін.

5. Инвестициялауды үйреніңіз. Ақшаны үнемдеңіз, Сіз қаражатты көбейте білуіңіз керек. Шын мәнінде қаржылық тұрғыдан тәуелсіз адам болу үшін инвестициялау өнерін үйрену қажет. Әртараптандыру бұл мәселеде де маңызды – қарапайым сөзбен айтқанда, «жұмыртқаның бәрін бір себетте» сақтамаңыз. «Теңге тиыннан құралады» деп бекер айтылмаған. Ақша Сізге қызмет етуі керек. 

Есіңізде болсын, қаржылық сауаттылық – бұл Сіздің қаржылық мақсаттарға жетуіңіздің кілті! Fingramota.kz-пен қаржылық сауатыңызды шыңдаңыз!

white-arrow Тізімге