2022 жылғы 16 мамырда Қазақстанда жеңілдікпен автокредиттеу бағдарламасы басталды. Мемлекет азаматтарға автокөлікті жылдық 4%-бен және бастапқы жарнасыз сатып алуға мүмкіндік берді. Бағдарлама операторы болып «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ белгіленді.
Бағдарламаға қатысу үшін сіз:
1. Автоорталыққа жүгініп, отандық өндірістің автокөлігін таңдауыңыз қажет;
2. Автосалонда сізге чек береді. Шоттың қолданыс мерзімі 5 банктік күннен аспауға тиіс екеніне назар аударыңыз;
3. Осы шотпен және жеке басын куәландыратын құжатпен екінші деңгейдегі банкке (ЕДБ) жүгіну қажет;
4. Өтінімді қабылдаған бойда банк сізді электрондық кезекке қояды;
5. Әрі қарай сіз скоринг рәсімінен өтесіз, әр банкте ол әр түрлі. Егер банк қандай да бір себептермен мақұлдаса, сізге белгілі бір жарамдылық мерзімі бар кепілдік хат беріледі. Мәртебесін қаржы институтының сайтынан қадағалауға болады;
6. Мақұлдағаннан кейін және банктен кепілдік алғаннан кейін, сіз автоорталыққа барып, автокөлікті рәсімдей аласыз;
7. Маңызды! Егер сіз кепілдік хатты алған сәттен бастап оның белгілі бір мерзімінде банктік қарыз шартын ресімдемеген болсаңыз, онда сіз автоматты түрде кезектен шығарыласыз.
Бюджеттік автомобильдер қандай талаптармен беріледі?
Жеңілдікті автокредиттеу бағдарламасының (бұдан әрі – Бағдарлама) қолданыс мерзімі – 30 жыл, қаржыландыру сомасы 100 млрд теңгені құрайды, олар бағдарламаның қолданыс кезеңінде қайтарымды-револьверлік негізде пайдаланылатын болады.
Бағдарлама бойынша отандық өндірістегі Hyundai, Kia, Chevrolet, JAC, Lada сияқты жаңа жеңіл автокөліктерді кредитке алуға болады.
Маңызды өлшемшарттардың бірі – таңдалған автокөліктің құны. Көліктің бағасы 15 млн теңгеден аспауға тиіс. Бұл ретте автокредиттің ең жоғары сомасы 10 млн теңгені құрайды. Кредиттеу мерзімі – 7 жылға дейін. Қарыз теңгемен беріледі. ЕДБ әлеуетті автокөлік иелерінің төлем қабілеттілігін тексереді. Оларда қарызды беру мәртебесі мен мерзімін қадағалайтын автоматтандырылған жүйе көзделеді. Бұл бағдарламаның міндетті шарттарының бірі болып табылатын қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажет.
Жеңілдікті автокредиттеу бойынша шектеу бар: сол бір қарыз алушыны екі жыл ішінде бір реттен артық қаржыландыруға тыйым салынады.
Қандай банктерге жүгінуге болады?
Бағдарлама операторы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қазіргі уақытта төрт серіктес банкпен шарттық қатынастар орнатты. Олар «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Fortebank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Еуразиялық банк» АҚ. Бұл банктер азаматтардың өтінімдерін қабылдап жатыр. Қалған қаржы институттарында әлі де келіссөздер жүргізіліп, техникалық мәселелер пысықталуда.
Тағы бір маңызды талап. Бағдарламада ЕДБ қарыз шартын ресімдеу кезінде, әдетте, сақтандыру ұйымымен автомобиль көлігін ерікті сақтандыру шартын жасасу көзделеді. Осыған байланысты, сақтандыру шарттары мен тәртібі тараптардың, яғни сақтандырушы мен сақтанушының (қарыз алушының) келісімімен айқындалады.
Қарыз алушы үшін не «тиімді» не «тиімсіз»?
Біріншіден, автомобильді өз талғамыңыз бен таңдаған түсіңізге сәйкес алуға құқылысыз, алайда таңдаған көлігіңіз отандық өндірушінікі болуға тиіс.
Назарға алыңыз: Егер таңдалған тиісті жиынтықтағы автомобиль моделі мен түсі автосалонда болса, онда қарыз алушыға төлем шоты беріледі. Егер автосалонда таңдалған автомобиль болмаса, онда қарыз алушы оның автосалонға келіп түсуін үш айдан тоғыз айға дейін күтуіне тура келеді.
Екіншіден, банкке өтінім бергеннен кейін, егер таңдаған автомобиліңіздің маркасы мен моделін өзгерткіңіз келсе, оны өзгерте алмайсыз.
Үшіншіден, кезегіңізді өзгертіп немесе кезектегі орныңызды басқа адамның атына қайта тіркей алмайсыз.
Төртіншіден, егер қатысудан бас тартсаңыз, электрондық кезектен автоматты түрде шығып қаласыз және сіздің орныңызға кезекке басқа тұрғысы келетін адамдар қосылады.
Бесіншіден, жеңілдікті автокредиттеуге екі жылда бір рет қана қатыса аласыз. Сондықтан, бағдарламаға қатысуға келісім бермес бұрын, алдымен оның «тиімді» және «тиімсіз» жақтарын зерделеп, содан кейін ғана шешім қабылдаңыз.
Қандай артықшылықтар бар деген сұрақ туындауы мүмкін. Егер нарықтағы ұсыныстарды салыстыратын болсақ, банктер беретін стандартты, коммерциялық автокредиттер кезінде сыйақы мөлшерлемесі жылдық 20%-дан асуы мүмкін, онда міндетті түрде бастапқы жарна төлейсіз, ол шамамен 20%-ды құрайды. Жеңілдікті автокредит оның номиналды мөлшерлемесі мен жарнасының болмауын ескерсек, қолжетімді және тиімді ұсыныстардың бірі болып табылады. Оның артықшылығы автомобильді ресми кірісі жақсы және кредиттік тарихы жағымды кез келген азаматтың сатып алуында болып табылады.
Неге ерекше назар аудару қажет?
Автомобильді таңдағаннан кейін, машина түрін өтінімде көрсетпес бұрын, менеджерден таңдаған көлігіңіздің салонда бар-жоғын нақтылап алыңыз. Қосымша шығындардың туындауы мүмкін екенін де естен шығармаңыз. Мысалы, бұл шығын аксессуар түрінде көлікке орнатылған, алайда сізге қажет емес қосымша жабдық үшін төленетін төлем болуы мүмкін. Мұндай аксессуардың бағасы 700 мың теңге басталып, одан қымбат болуы мүмкін. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта олар орнатылмаған көлікті табу және таңдау мүмкін емес.
Сондай-ақ қарыз шартында кредитке сатып алынатын автомобильді сақтандыру туралы шарт (автокаско) көзделуі мүмкін екенін есте ұстаған жөн. Бұл ретте, Банктер және банк қызметі туралы заңның 34-бабы 11-тармағына сәйкес банктің қарыз алушыға сақтандыру ұйымын таңдауда шек қоюына құқығы жоқ екенін және өз қалауыңыз бойынша кез келген сақтандыру ұйымымен сақтандыру шартын жасасуға құқыңыз бар екенін есте сақтаңыз.
Сақтандыру сомасы, сақтандыру сыйлықақысы, оны төлеу тәртібі, сақтандыру жағдайы, франшиза тәрізді ережелеріне ерекше назар аудара отырып, сақтандыру ұйымы ұсынатын сақтандыру шартының талаптарын зерделеңіз. Автокаско ерікті сақтандыру класына жатады, бұл дегеніңіз сақтандыру шарты талаптарының тараптардың (сақтандыру ұйымы мен сақтанушының) келісімі негізінде айқындалатынын білдіреді. Демек, сіздің сақтандырушыға сақтандыру кезеңі (бірден кредиттің тұтастай мерзіміне не жыл сайын ұзарту арқылы бір жылға), сақтандыру сыйлықақысын төлеу тәртібі (біржолғы төлем не бөліп төлеу арқылы) және т.б. сияқты сақтандыру шартының талаптарын ұсынуға құқығыңыз бар. Бұл ретте, сақтандыру ұйымы сіз ұсынатын талаптармен келіспеген жағдайда, сіз басқа сақтандыру ұйымына жүгінуге құқылысыз.
Банк сізге автокредит беруден бас тартпау үшін нені ескеру керек?
Бағдарламаға қатысатын қарыз алушы мыналарды сақтауы қажет:
Өз кірісін растау немесе басқа сөзбен айтқанда бұл «төлем қабілеті» деп аталады.
Банкте соңғы 6 айда зейнетақы аударымдарының болуын тексереді. Бұл ретте қарыз алушының жалақысы автокөлік құнына қарай кредитті өтеу үшін жеткілікті болуы керек.
Ресми жалақы жеткіліксіз болатын болса, тиісінше, сізге жеңілдікпен автокредит берілмеуі әбден мүмкін.
Мысал келтірейік сіз 6 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келесіз және айына 400 мың теңге табасыз, алайда ресми түрде жұмысқа орналасқандардың тізімінде жоқсыз. Бірақ сіздің бағдарламаға қатысу үшін пайдалануыңызға болатын қосымша қаражатыңыз бар. Сонымен бірге сіздің кредиттік тарихыңыз жақсы. Сіз банкке өтінім бердіңіз, алайда банк оны қанағаттандырудан бас тартты. Не үшін? Себебі аталған қарызды алу үшін ресми кіріс расталмаған.
Мына жағдайларда әлеуетті қарыз алушыға қарыз берілмейді:
Оның зейнетақы аударымдары болмаса және ол бейресми түрде жұмыс істейтін болса;
Оның жалақысы автокредитті өтеуге жетпейтін болса;
Борыш жүктемесі жоғары болатын жағдайда (ағымдағы уақытта өтелмеген кредиттері бар);
Кредиттік тарихы нашар болған жағдайда (мерзімді кешіктірген, берешегі бар).
Әр ЕДБ-нің скоринг жүйесі әр түрлі және бір банк сізге қарыз беруден бас тартса, сіз екіншісіне жүгіне аласыз. Бастысы, егер оны сауатты пайдаланса, автокредиттің жақсы қаржы құралы екенін естен шығармаңыз. Сіздің жинаған ақшаңыз болатын болса және сіз өзіңіздің қаржылық қауіпсіздік жастықшаңызды тұрақты түрде толтырып отыратын болсаңыз, жеңілдікті автокредиттеу бағдарламасы бойынша «темір тұлпар» сатып алу тиімді. Бұл болашақта жұмыссыз қалу, сырқаттану және т.б. сияқты әртүрлі форс-мажор жағдайларының себебінен қиын қаржылық жағдайға тап болмау үшін қажет.
Автокөлік қиындықтар мен сіз өтей алмайтын шығындар көзі болмауы керек, ол сізге пайда әкелуі тиіс. Сондықтан кредит ресімдеуден бұрын барлық тәуекелді саралап, өзіңіздің табыстарыңызға баға беріңіз, ай сайын белгілі бір соманы бюджетіңізге зияны тимейтіндей етіп төлеуге дайынсыз ба, соны анықтап алыңыз.
Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!
Фишингтік сайттарды қалайша тануға болады: негізгі проблемалары және пайдалы ұсынымдар
Жылдам, ыңғайлы және пайдалы: неліктен автокөлік иелері Еурохаттамаға назар аударуы керек
Жаңадан бастағандарға арналған инвестициялық қосымша қалай жұмыс істейді?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма