2023 жылғы 3 наурыздан бастап Қазақстанда азаматтарға ресми түрде өздерін банкрот деп тану мүмкіндігін беретін «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданылады. Аталған заң азаматтарға борыш жүктемесін төмендетуге мүмкіндік беріп, олардың төлем қабілеттілігі мәселесін реттеудегі маңызды қадам болды.
Заңнамаға қандай өзгерістер енгізілгені, банкроттық рәсімі қалай өтіп жатқаны және азаматтарға нелерді білу маңызды екені жөнінде Fingramota.kz-ке Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Меруерт Сисембаева айтып берді.
Заңда банкроттықтың қандай түрлері қарастырылған және оған қандай өзгерістер енгізілді?
Азаматтардың банкроттығы туралы заң үш негізгі рәсімді көздейді: соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.
Соттан тыс банкроттық, егер борыш сомасы 1600 АЕК-тен аспаса
(2025 жылы — 6,3 млн теңге) қолданылады.
Егер бұрын қарыз алушы-жеке тұлға банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдында берешегі болған кезінде банкроттық рәсімін қарастыра алған болса, бүгінгі күні бұл процесс айтарлықтай жеңілдетілген. Ендігі жерде азаматтар тек банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы қарыздары бойынша ғана емес, сондай-ақ бүгінгі күнге қаржы ұйымдары болып табылмайтын, алайда банктік қарыздар мен микроқаржы ұйымдарынан алынған қарыздар бойынша талап қоюға құқығы бар мекемелер алдындағы қарыздары бойынша өтініш бере алады. Өтінішті ХҚО, eGov порталы немесе e-Salyq Azamat мобильдік қосымшасы арқылы беруге болады.
Басты жаңалық «Qoldau» платформасында «Tazalau» автоматтандырылған жүйесін енгізу болды. Бұл жүйе өтініш берушінің өлшемшарттарға сәйкестігін адамның қатысуынсыз тексеруге мүмкіндік береді.
Соттан тыс банкроттық кезінде не өзгерді?
• енді қарызды өтеу әрекеттері туралы құжаттарды ұсыну талап етілмейді, себебі барлық ақпарат кредиттік бюролардың базасынан автоматты түрде жүктеледі;
• 1 АЕК-тен аз төлемдер енді қарызды өтеу ретінде есепке алынбайды (яғни, азғантай сомалар үшін рәсімді қолданудан бас тартылмайды);
• соттан тыс банкроттыққа жататын кредиторлардың тізбесі кеңейтілді (таратылған және тізілімнен шығарылған ұйымдар енгізілген).
Заң күшіне енген сәттен бастап соттан тыс банкроттықты 21 000-нан астам азамат пайдаланды, 50,4 млрд теңге сомаға қарыздар есептен шығарылды.
Сот банкроттығы кезінде не өзгерді?
Сот банкроттығын азаматтар 1600 АЕК-тен астам (2025 жылы – 6,3 млн теңге) борышы болған кезде қолдана алады.
Меруерт Сисембаева сот банкроттығы рәсімі, егер ол кепілде болмаса және сот пен қаржы басқарушысының қатысуын талап етсе, жалғыз баспанасын қоспағанда, борышкердің мүлкін сатуды қамтитынын еске салды.
Қаржылық басқарушы борышкердің активтерін бағалайды және егер оның мүлкі болса, оны борышты өтеу есебінен сатуға болады. Алайда, егер ол кепіл болмаса, борышкердің жалғыз баспанасы алынбайды.
Мыналар қаржылық басқарушылар бола алады:
• заңды тұлғалардың банкроттық әкімшілері,
• аудиторлар,
• кәсіби бухгалтерлер,
• заңгерлер.
Қаржылық басқарушының қызметтері ақылы. 2025 жылы олардың құны айына 85 000 теңгені құрайды. Алайда, мүлкі жоқ халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қызметтер тегін көрсетіледі.
Бұл рәсім 6 айға созылады, содан кейін борышкердің міндеттемелерінің күші жойылады. Алайда, маңызды шектеу бар: банкроттықтан кейінгі 3 жыл ішінде борышкер қаржылық мониторинг аясында болады.
Бүгінгі күні сот тәртібімен 120 азамат банкрот деп танылды, ал есептен шығарылған сома 65,1 млрд теңгені құрады.
Кредиторлар борышкердің банкроттығына өз бетінше өтініш бере ала ма?
Жоқ, банкроттық рәсімін азаматтың өзі ғана бастай алады. Кредиторлардың немесе басқа үшінші тұлғалардың мұндай құқығы жоқ. Бұл норма қарыз алушыларды мәжбүрлі банкроттықтан қорғауға бағытталған.
Банкроттық қарыз алушының кредиттік тарихына әсер ете ме?
Иә, банкрот деп танылғаннан кейін азамат 5 жыл ішінде кредит ала алмайды (ломбардтағы қарыздарды қоспағанда). Сонымен қатар, әр банктің өзінің кредиттік саясаты бар, осыған байланысты 5 жылдық мерзім өткеннен кейін де банк қарыз беруден бас тарта алады.
Банкроттық рәсімінен өткен азаматтар үшін қандай шектеулер қолданылады?
1) 5 жылға кредиттер алуға тыйым салынады (ломбардтардағы шағын қарыздарды қоспағанда).
2) қайта банкроттық 7 жылдан кейін ғана мүмкін болады.
3) банкроттықтан кейін 3 жыл бойы қаржылық мониторинг жүргізіледі (жылжымалы және жылжымайтын мүлікті тіркеу фактісі тексеріледі).
Банкроттыққа балама бар ма?Егер борышкердің кірісі немесе мүлкі болса, ол төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін пайдалана алады. Бұл оған 5 жылға дейін бөліп төлеуге және банкроттықтың салдарын болдырмауға мүмкіндік береді. Бұл рәсімнің тетігі мынадай: сот қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленетін берешекті өтеу кестесін бекітеді және бұдан әрі азамат төлемді осы кесте бойынша уақтылы енгізуі қажет.
Бұл опция ыңғайлы, себебі адам банкрот мәртебесін алмайды және кредиттік тарихы бұзылмайды.
Жақын арада заңда қандай жаңа өзгерістер күтілуде?
2025 жылы:
• 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген кредиттер үшін борышты реттеу туралы талапты алып тастау;
• барлық кредит берушілерді борыштарды есептен шығару туралы есеп беруге міндеттеу (қазіргі уақытта кейбір ұйымдар борышкерлердің құқықтарына нұқсан келтіре отырып, мұны жасамай отыр);
• борышкерге себебін көрсетпей, өз қалауы бойынша соттан тыс банкроттық рәсімін тоқтату құқығын беру жоспарлануда.
Банкроттыққа өтініш бермес бұрын азаматтар нені білуі керек?
Банкроттық туралы шешім қабылдамас бұрын, азаматтар барлық салдарды ескеруі керек:
• 5 жылға кредит алуға тыйым салынады.
• 3 жыл бойы қаржылық жағдай мониторингтен өтеді.
• қайта банкроттық тек 7 жылдан кейін мүмкін болады.
Қосымша ақпаратты қайдан алуға болады?
Толық консультацияны:
• 1414 байланыс орталығында (қосымша 3-ті теру керек),
• https://t.me/SalyqBot Telegram чатында,
• ҚР Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайттарында алуға болады.
Қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!
Салық шегерімдері дегеніміз не және 2025 жылы оны қалай қолдануға болады
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Кредиттермен жасалатын алаяқтық схемалар: өзіңізді алдауға қалайша жол бермеуге болады
Мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектелген топтары үшін қаржылық қолжетімділікті арт...
Satbayev University -де қаржылық сауаттылық бойынша семинар өтті
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт