Бағалы қағаздар бойынша кірістер және оларға салық салу: инвесторға нені білу маңызды

time 12.11.2025

Инвестициялар Қазақстан азаматтары үшін күннен күнге  жинақтау мен капиталды көбейтудің танымал құралдарының біріне айналуда. Алайда, пайда табу мүмкіндігімен бірге бағалы қағаздармен жасалған операциялардан түсетін кірістерді дұрыс есепке алу міндеті де қатар жүреді.  

Бағалы қағаздар бойынша кірістердің қандай түрлері болатыны, оларға қалай салық салынатыны және инвесторлар үшін қандай жеңілдіктер қарастырылатыны жөнінде Fingramota.kz-пен қарастырып көрелік. 

Бағалы қағаздар бойынша кірістердің түрлері 

Инвесторлар таңдалған құралға байланысты түрлі нысандарда кіріс алулары мүмкін:

  1. Дивидендтер — компанияның акционерлер арасында бөлінетін пайдасының бір бөлігі. Төлем туралы шешімді акционерлер жиналысы қабылдайды, ал түсетін сома компанияның қаржылық нәтижелеріне байланысты 
  2. Купондық кіріс — эмитент облигация ұстаушыға төлейтін пайыздар. Әдетте, төлемдер эмиссияның проспектісінде көрсетілген кесте бойынша жүзеге асырылады.
  3. Құнның өсімі (күрделі кіріс) - бағалы қағазды оны сатып алған сомадан жоғары бағамен сату кезінде алынған пайда.
  4. Деривативтер бойынша кіріс (фьючерстер, опциондар) - базалық активтер бағасының өзгеруіне байланысты туынды құралдармен жасалатын операциялардың нәтижесі.
  5. Өзге де кірістер — мысалы, облигацияларды акцияларға айырбастау кезінде немесе эмитенттің өзінің бағалы қағаздарын сатып алуы кезінде.

Салық мөлшерлемесі 

Қазіргі уақытта инвестициялық кірістердің барлық түрлеріне салынатын салық мөлшерлемесі резидент-жеке тұлғалар үшін 10%-ды құрайды.
2026 жылдан бастап салық салудың прогрессивті шкаласы күшіне енеді.
8500 АЕК-ке дейінгі инвестициялық кірістерге 10% мөлшерлеме бойынша, осы көрсеткіштен жоғары кірістерге 15% мөлшерлеме бойынша салық салынады. Бұл ретте 230 000 АЕК дейінгі дивидендтер түріндегі кіріске көрсетілген көрсеткіштен 5% және 15%-дан жоғары мөлшерлеме бойынша салық салынады.

Салықты кім ұстайды 

  • Дивидендтер мен купондық кірістерді төлеу кезінде салықты төлем көзі ұстайды. 
  • Бағалы қағаздарды сату кезінде салық декларациясында (270.00-нысан) инвестор кірісті дербес көрсетеді. 
  • Бейрезиденттер үшін салық мөлшерлемелері қосарланған салық салуды болдырмау туралы халықаралық келісімдерде айқындалады. 

Декларацияны қашан тапсыру керек 

Бағалы қағаздармен жасалатын операциялардан кіріс алатын жеке тұлғалар жыл сайын кірістер мен мүлік туралы декларация тапсыруға міндетті (270.00-нысан). Тапсыру мерзімі – есепті жылдан кейінгі жылғы 15 қыркүйекке дейін. Мысалы, егер кіріс 2025 жылы алынған болса – декларацияны 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін тапсыру керек. 

Сіз декларацияны: 

•    e-Salyq Azamat порталы немесе kgd.gov.kz сайтында салық төлеушінің кабинеті арқылы; 

• өзіңіз дербес түрде – тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында тапсыра аласыз.

Егер декларацияны уақтылы тапсырмаса, не болады

Декларацияны уақтылы ұсынбау «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 272-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады:

•    бірінші рет ұсынбаған кезде – ескерту; 

• қайта бұзған жағдайда – 15 АЕК мөлшерінде айыппұл (2025 жылы – 58 980 теңге);

•    әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін қайта бұзған жағдайда – 550 АЕК.

Неліктен инвестордың салық ережелерін білуі маңызды 

Салық ережелерін түсіну формальдық емес, қаржылық жауапкершіліктің элементі болып табылады. Бұл инвесторға заңды түрде әрекет етуге, кірісін жоспарлауға және қажетсіз шығындарды болдырмауға көмектеседі.

Салықтық өзгерістерді үнемі тексеріп отырыңыз, декларацияларды уақтылы тапсырыңыз және қаржылық ашықтықты сақтаңыз. Бұл – инвестор, мемлекет және нарық арасындағы сенім кепілі, демек, капиталыңыздың тұрақты өсуінің негізі.

Инвесторларға кеңестер

  1. Операциялар бойынша барлық құжатты сақтаңыз. Бұл шығыныңызды дәлелдеуге және қайта салық салуды болғызбауға көмектеседі.
  2. Лицензиясы бар брокерлер арқылы инвестициялаңыз. Сіз оларды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтында (www.gov.kz) тексере аласыз.
  3. Салық заңнамасындағы өзгерістерді қадағалаңыз. Жеңілдіктер мен мөлшерлемелер үнемі өзгеріп отырады.
  4. Салық мамандарынан кеңес алыңыз. Әсіресе шетелдік активтермен немесе ірі сомалармен жасалған мәмілелер жасаған кезде кеңес алыңыз.
  5. Валюталық тәуекелдерді ескеріңіз. Кірісіңіз шетел валютасында түсетін болса, салық Ұлттық Банктің кіріс алған күнгі бағамы бойынша теңгемен есептеледі.

Қаржылық және инвестициялық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!

white-arrow Тізімге