Азаматтар қор биржасында бағалы қағаздармен мәмілелер жасауды кәсіби инвестициялық делдалдарға – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар брокерлер мен дилерлерге жүгіну арқылы ғана жүзеге асыра алады. Олар клиенттермен жазбаша түрде жасалған шарт негізінде жұмыс істейді. Fingramota.kz брокерлік қызмет көрсету туралы шартқа қол қоймас бұрын неге назар аудару керектігін айтып береді.
Қазақстанда бағалы қағаздарды қайда сатады?
Бағалы қағаздар нарығы басқаша қор нарығы немесе капитал нарығы деп аталады. Ол ұйымдастырылған (биржалық) немесе ұйымдастырылмаған (биржадан тыс) нарық болуы мүмкін. Бұл мақалада біз ұйымдастырылған, яғни құнды қағаздардың биржалық нарығын қарастырамыз. Қор биржасы өз клиенттеріне инвесторлар мен эмитенттердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында ақпараттың барынша көп саны ашылатын бағалы қағаздар нарығында мәмілелер жасасудың ең ашық, технологиялық және нормативтік регламенттелген тәсілін қамтамасыз ете отырып, бағалы қағаздарды сатуға арналған орталықтандырылған алаң болып табылады. Қазақстанда мұндай сауда алаңы KASE – Қазақстан қор биржасы болып табылады.
Биржада сатылатын ең танымал және кең таралған бағалы қағаздар – бұл акциялар мен облигациялар. Олар бір-бірінен несімен ерекшеленеді?
Акция – бұл бағалы қағаз түрінде ұсынылған компания капиталындағы үлес. Облигация борыштық құрал болып табылады, оның шарттары депозиттер мен кредиттер сияқты қайтарымдылық, ақылылық және мерзімділік қағидаттарына негізделеді. Акциялар мен облигациялардан басқа, қор нарығында форвардтар, фьючерстер, опциондар және басқалар сияқты басқа да қаржы құралдары бар.
Биржа инвестормен тікелей араласпайды. Олардың арасында делдалдар бар – бұл реттеушінің тиісті лицензиясы негізінде брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын және KASE мүшелері болып табылатын ұйымдар. Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және дилерлік қызмет «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен, Брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыру қағидаларымен және басқа да нормативтік құқықтық актілермен реттеледі.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, брокер өзінің клиенті есебінен және мүддесімен уәкілетті органның лицензиясы негізінде және брокер мен клиент арасында брокерлік қызмет көрсету туралы тиісті шарт жасау талаптарымен бағалы қағаздармен мәмілелер жасауға құқылы.
Егер сіз брокермен шарт жасауға шешім қабылдасаңыз, сізге, бірінші кезекте, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің интернет-ресурсында осы брокердің бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыруға лицензиясының бар екендігін тексеру қажет. Брокердің атауы және деректемелері интернет-ресурста көрсетілген атаумен және деректемелермен нақты сәйкес келуге тиіс.
Брокерлік шартта нелер маңызды?
Клиенттің брокермен ынтымақтастығы олардың арасында тиісті мерзімге жазбаша нысанда брокерлік қызметтер көрсету туралы шарт (брокерлік шарт) жасасудан басталады.
Брокердің ұсынылатын қызметтер үшін тарифтерін (комиссияларын) қоса алғанда, брокерлік шарттың мазмұны мен талаптарын клиент мұқият зерделеуге тиіс.
Сіз қол қойғалы отырған шарттың әр тармағын мұқият зерделеу сіздің инвестицияңыздың сақталуын қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі екендігін есте ұстаған жөн. Атап айтқанда, брокерлік шарттың мазмұнында брокерге клиенттік тапсырыстарды беру тәсілдерін, брокердің клиенттік тапсырыстарды қабылдауын растау тәртібін, брокердің клиентке тапсырыстардың орындалуы туралы есептерді беру тәртібін, сондай-ақ брокерлік қызметтерді көрсету процесінде клиентке тиісті хабарламаларды жіберу тәртібі мен мерзімдерін көрсетудің болуына назар аудару қажет.
Брокерлік шарт тараптардың келісімі бойынша сонымен қатар брокердің электрондық қызметтер көрсету тәртібін де қамтуы мүмкін. Брокер бұл қызметтерді брокердің сауда платформасындағы клиенттің жеке кабинеті арқылы ұсынады. Брокер клиентке шартта және (немесе) брокердің ішкі қағидаларында белгіленген тәртіппен электрондық қызметтерді, жеке кабинетті және сауда платформасын пайдаланудың егжей-тегжейлі нұсқаулықтарын ұсынады.
Брокермен өзара әрекеттесу кезінде қандай жағдайларды ескеру керек?
Табыстылыққа кепілдік беретін делдалдарға сенбеңіз!
Қор нарығындағы инвестициялар әртүрлі, оның ішінде нарықтық, кредиттік, валюталық тәуекелдермен байланысты екендігін есте ұстау керек. Сондықтан брокер клиентке инвестициялар бойынша инвестициялық табысқа ие болуды немесе залалдардың болмауына кепілдік беруге құқылы емес. Егер олар осылай жасайтын болса, демек сіз алаяқтарға жолықтыңыз. Олардың ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен алған лицензиясын www.gov.kz сайты арқылы тексеру қажет.
Қаржы реттеушісінің интернет-ресурсында да азаматтар Агенттікке шағым түсірген лицензиясы жоқ «инвестициялық делдалдар» тізімі орналастырылған.
Мұқият әрі абай болыңыз! Өз қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!
Балалардың цифрлық қауіпсіздігі: киберқылмыскерлерден оларды қалай қорғауға болады
Несие тарихына не әсер етеді және оны қалай жақсартуға болады
Қаржылық инклюзияны дамыту – реттеушінің негізгі басымдықтарының бірі
«Ақшамды жоғалтып аламын ба деп қорқамын »: байланыссыз төлемдер қауіпсіз бе?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Зейнеткерлерге ескерту: алаяқтардың телефон арқылы ойлап тапқан жаңа схемалары