Депозит, сейф немесе инвестиция: Қазақстан азаматтарына жинақтарын қайда сақтау тиімді

time 23.02.2026

Қазақстан азаматтарына өз жинақтарын сақтау және арттырудың бірнеше тәсілдері қол жетімді. Бұл материалда біз олардың кеңінен тараған түрлерін толығырақ қарастырамыз.

Банктік депозит: кірістілік пен қауіпсіздік теңгерімділігі 

 Банктік депозит Қазақстанның азаматтары арасында жинақтарды сақтаудың кеңінен тараған тәсілінің бірі болып қалуда. Олардың басым көпшілігі үшін бұл түсінікті, реттелетін және салыстырмалы түрде қауіпсіз құрал болып табылады.

Депозиттің негізгі артықшылықтары:

Қаражатты қайтару кепілдігі. Қазақстан банктеріндегі жеке тұлғалардың депозиттері салымдарға кепілдік беру жүйесі арқылы сақтандырылған, оны «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ жүзеге асырады. Бұл банктік лицензия қайтарылған жағдайда мемлекет белгіленген лимиттер шегінде қаражаттың қайтарылуына кепілдік береді дегенді білдіреді.

Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, салымшылар мынадай мөлшерде өтемақы алады:

20 млн теңгеге дейін — теңгемен жинақ депозиттері бойынша;

10 млн теңгеге дейін — теңгемен басқа депозиттер бойынша (мерзімді, ағымдағы, шоттар мен карталардағы қаражат);

5 млн теңгеге дейін — шетел валютасында депозиттер, шоттар және карталар бойынша (теңгемен баламасында).

Егер салымшының бір банкте бірнеше шоты болса, төлемдер қосылады, бірақ көрсетілген лимиттерді ескере отырып, жалпы шегі — 20 млн теңгеден аспауға тиіс.

Тұрақты кірістілік — пайыздық мөлшерлеме алдын-ала белгілі.

Ашу және басқару жеңілдігі — оның ішінде онлайн режимде.

Валютаны таңдау мүмкіндігі — теңге, АҚШ доллары және басқалар.

Алайда депозиттерде шектеулер де бар:

     - кірістілік инфляцияны өтемеуі мүмкін;

     - ақшаны мерзімінен бұрын алу кезінде есептелген пайыздардың төмендеуі немесе жоғалуы мүмкін;

      - валюталық депозиттер айырбастау бағамының ауытқуына ұшырайды.

Қандай жағдайларда тиімді?

Депозит, егер мақсат капиталды ең төмен тәуекелдермен сақтау және таяудағы 1-2 жылда өтімділікті қамтамасыз ету болса, тиімді. Бұл ең консервативті құралдардың бірі. Бұл нарықтық ауытқуларға дайын емес және қаражатты белгілі бір мерзімде пайдалануды жоспарлап отырғандарға жарайды.

Сонымен қатар, депозитті қаржылық «қауіпсіздік жастықшасы» деп қарастыруға болады. Егер сіз 3-6 айлық шығыстар мөлшерінде резерв қалыптастырсаңыз, депозит (әсіресе ішінара алу мүмкіндігімен) оңтайлы шешім болады:

- ақша жұмыс істейді;

- пайыздар есептеледі;

- қажет болған жағдайда қаражат қол жетімді.   

Депозит қысқа және орта мерзімді мақсаттарға да жарамды: бір жылдан кейінгі демалыс, тұрмыстық техника сатып алу, ипотека бойынша бастапқы жарна немесе балалардың оқу ақысы.

1–3 жылға дейінгі депозит көбіне акцияларға салынған инвестицияларға қарағанда қауіпсіз. Ол арнайы білімді, нарықты талдауды және баға бегіленімдерін үнемі қадағалап отыруды қажет етпейді – кірістілігі алдын-ала белгілі. Банктердің пайыздық мөлшерлемесі жоғары болған сайын депозиттер де тартымды бола түседі.

Алайда, ұзақ мерзімді болашақта (5–10 жыл) депозит өзінің кірістілігі бойынша басқа құралдардан — ең алдымен инфляциядан, облигациялардан және қор нарығынан төмен болуы мүмкін. Егер инвестор қалыпты тәуекелді қабылдауға дайын болса, онда:

- облигацияларды;

- инвестициялық қорларды;

- қор нарығының құралдарын қарастыруға болады.

Сейф және банк ұяшығы 

Қолма-қол ақшаны үйде сейфте немесе банк ұяшығында сақтау оның бақылауда екенін және психологиялық тұрғыдан сенім береді, бірақ табыс әкелмейді.

Экономикалық тұрақсыздық кезеңінде әдетте қаражатты «қолында» ұстағысы келетіндер саны көбейеді.

Бұл сақтау әдісінің артықшылықтары:

- қолма-қол ақша кез келген уақытта қолжетімді;

- банктік тәуекелдер жоқ;

- психологиялық тұрғыдан сенімділік.

Кемшіліктері:

- кірістіліктің болмауы – ақша жұмыс істемейді;

- инфляцияға байланысты сатып алу қабілетінің төмендеуі;

- ұрлық, өрт және өзге де төтенше жағдайлар қаупі;

- валюталық ауытқулар (егер қаражат шетел валютасында сақталса).

Бұл әдісті күтпеген шығындар үшін қысқа мерзімді резерв ретінде ғана қарастыруға болады. Ұзақ мерзімді перспективада қолма-қол ақшаны сақтау экономикалық тұрғыдан тиімсіз.

Инвестициялар: өсу әлеуеті және онымен байланысты тәуекелдер

Қазақстанда капитал нарығын дамыту азаматтарға облигациялар мен акциялардан бастап инвестициялық қорлар мен цифрлық активтерге дейін инвестициялау үшін көбірек мүмкіндіктер береді.

«Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ деректері бойынша елімізде 5 миллионнан астам шот ашылған, бұл халықтың инвестициялық құралдарға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.

Инвестициялаудың негізгі құралдары:

- мемлекеттік және корпоративтік облигациялар;

- қазақстандық және шетелдік компаниялардың акциялары;

- инвестициялық қорлардың пайлары;

- ETF және цифрлық активтер (қолданыстағы реттеу шеңберінде).

Инвестициялаудың артықшылықтары:

- депозиттермен салыстырғанда неғұрлым жоғары кірістілік;

- инфляциядан озу мүмкіндігі;

- тәуекелдерді әртараптандыру;

- ұзақ мерзімді капиталды қалыптастыру.

Алайда инвестициялар мынадай тәуекелдермен байланысты:

- нарықтық ауытқулар;

- қаржылық сауаттылықтың жеткіліксіз деңгейі;

- қате стратегия жағдайында жоғалту ықтималдығы.

 Егер инвестор ықтимал жоғары кірістілік үшін қалыпты тәуекелді қабылдауға дайын болса, инвестициялар 3 жыл немесе одан да көп уақыт аралығына жарамды болады.

Салыстырмалы талдау  

Өлшемшарт 

Депозит

Сейф

Инвестициялар

Кірістілік

Орташа

0%

Әлеуетті жоғары

Тәуекел

Төмен

Орташа (физикалық тәуекел)

Орташа/жоғары

Инфляциядан қорғану

Ішінара

Жоқ

Мүмкін

Өтімділік

Жоғары

Жоғары

Құралға байланысты

Жарамды

Қысқа және ұзақмерзімді мақсаттар үшін

Резерв

Ұзақ мерзімді капитал

 

Қазақстан азаматтары үшін оңтайлы стратегия

Қазіргі жағдайда ең ұтымды тәсіл – әртараптандыру:

  •      3-6 айлық шығыстар – өтімді нысанда (депозит немесе ағымдағы шот);
  •      қаражаттың бір бөлігі – консервативті құралдарда (облигациялар);
  •      ұзақ мерзімді жинақтар – тәуекелдің рұқсат етілген деңгейін ескере отырып, неғұрлым табысты құралдарда.

     Есте сақтау маңызды: қаржылық орнықтылық құралды таңдаудан емес, өз  мақсаттарын, қаржылық сауаттылық деңгейін, жоспарлау шегін және тәуекелге дайындықты түсінуден басталады.

Бір сөзбен айтқанда, барлық қаражатты сейфте сақтау тиімсіз. Барлығын тек депозитте ұстау қауіпсіз, бірақ кірістілігі шектеулі. Жеткілікті білімсіз инвестициялау қауіпті. Қазақстан азаматтары үшін ең ұтымды стратегия –қаржылық қауіпсіздік қорын міндетті түрде қалыптастыру кезінде депозит пен инвестициялардың ақылға қонымды үйлесімі.

white-arrow Тізімге