Егер сақтандыру жағдайы орын алса, өтемақыны қалай алуға болады? Сақтанушыға арналған жадынама

time 4.08.2023

Сақтандыру полисі не үшін қажет, ол сізді қандай күтпеген жағдайлардан қаржылық тұрғыдан қорғай алады, сақтандырудың қандай түрлері бар және сақтандыру компаниясын таңдағанда нені ескеру керек, бұл туралы біз оқырмандарымызға бұған дейін жарияланған материалдарда айтқан болатынбыз.

Сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушының іс-қимыл алгоритмін қарастырайық.

Сақтандыру жағдайы - сақтандыру шарты сақтандыру төлемін жүзеге асыруды көздейтін жағдай. Мұндай анықтама Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде берілген. Басқаша айтқанда, бұл сақтандыру компаниясы белгілі бір өтемақы төлейтін жағдай. Сақтандыру жағдайын сақтандыру тәуекелінен ажырата білген жөн. Бұл мәнмәтінде жағдай - бұрын болған, ал тәуекел гипотетикалық түрде болуы мүмкін оқиға. Сақтандыру полисі тәуекелдерден қорғау үшін ресімделеді. Ал өтемақы сақтандыру жағдайы басталған кезде төленеді.

Сақтандыру жағдайының басталу талаптары

Оқиға сақтандыру жағдайына айналуы үшін ол бірнеше өлшемшарттарға сәйкес келуі керек. Бұл оқиғаның кездейсоқ әрі тосыннан болуы, сонымен бірге мүлікке немесе сақтанушыға зиян келтіру, яғни сақтандыру жағдайының бір уақытта орын алуы және сақтанушыға белгілі бір зиян келтіруі керек. Сақтандыру компаниясы бұл фактіні сақтандыру сомасына байланысты ақшалай баламада бағалайды. Мысалы, сіз жол-көлік оқиғасына ұшырадыңыз, нәтижесінде сіз автокөліктің бамперіне зақым келтірдіңіз. Дегенмен, сіз бұған дейін айнаны сындырған болатынсыз. Сақтандыру компаниясы сізге бампердің өтемақысын төлейді, ал айна үшін ақы төлемейді.

Сақтандыру жағдайларына қандай оқиғалар жатпайды

Кейбір оқиғалар сақтандыру жағдайына жатпайды - заңнамада бұған тыйым салынады. Мысалы, құмар ойындарда ұтылу немесе ҚР заңнамасын қасақана бұзатын заңға қайшы әрекеттер.

Бұдан басқа, кейбір жағдайларда заңнама сақтандырушыны өтемақы төлеуден босатады. Мәселен, ҚР Азаматтық кодексінің 935-бабы бойынша «жәбірленушінің теріс пиғылы салдарынан пайда болған зиян өтеуге жатпайды», сондай-ақ өтемақы мөлшері «егер жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы зиянның пайда болуына немесе ұлғаюына себеп болса» азайтылуға тиіс. 

Мысалы, егер қандай да бір радиацияның, жаппай тәртіпсіздіктердің немесе әскери іс-қиммылдардың нәтижесінде болған сақтандыру жағдайлары.

Сондықтан да сақтандыру шартын мұқият оқып шығу маңызды, онда қашанда сақтандыру жағдайларының тізіміндегі ерекше жайттар жазылады.

 Сақтандыру оқиғасы басталған кезде не істеу қажет

Сақтандыру оқиғасы басталған кезде сақтандыру компаниясына барынша жылдам хабарласу маңызды. Сақтандыру оқиғасы туралы хабарлау маңызды болып саналатын мерзімдер сақтандыру шартында жазылған. Олар үнемі шектеулі, сондықтан да сақтандыру компаниясына қоңырауды кейінге қалдырмағаныңыз жөн.

Сақтандырушы сақтандыру оқиғасының басталғанын растайтын қандай құжаттарды жинап, ұсыну керектігін түсіндіреді. Көбіне жеке куәлік, полис, медициналық құжаттар (егер біз өмірді және денсаулықты сақтандыру туралы айтатын болсақ), сарапшылардың қорытындылары (егер жылжымайтын мүліктің зияны туралы айтатын болсақ), апаттық комиссардың хаттамасы (егер ЖКО орын алса) қажет.

Құжаттармен бірге өтінішті толтыру қажет болады — бланкіні әдетте сақтандырушы ұсынады не компанияның сайтынан жүктей аласыз немесе олардың мобильді қосымшасында ресімдей аласыз. Өтініш пен растайтын құжаттарды бергеннен кейін шешімді күту қажет. Егер оң шешім болса, сізге сақтандыру төлемі төленеді.

Әдетте, полисті сатып алғанда клиент сақтандыру оқиғасы басталған кезде оған қалай әрекет ету керектігі туралы егжей-тегжейлі жадынама беріледі — оны бағдарға алуға болады. Егер орын алған оқиға сақтандыру оқиғасының өлшемшарттарына сәйкес келсе, полис иесі өтемақы ала алады. Ол үшін барлық құжатты дұрыс ресімдеу қажет. Сақтандыру компаниясы өз клиенттерін бақыламайды және орын алған жағдаят туралы хабарсыз. Сондықтан да регламентке сәйкес өтініш беру қажет.

Сақтандыру төлемін алу үшін әлеуетті сақтанушы (пайда алушы) оқиғаның (сақтандыру оқиғасының) ҚР Азаматтық Кодексінің 817-бабының 3-тармағында көрсетілген белгілі бір белгілері болуы тиіс екенін білуі қажет.

Олардың негізгілерін атап өтсек:

- оқиғаның болу ықтималдығы мен кездейсоқтығы;

- шарттың қолданылу шегінде оқиғаның сөзсіз және объективті түрде орын алу қаупінің болмауы, бұл туралы тараптар немесе, ең болмағанда, сақтанушы әдейі білген немесе алдын ала хабардар болған;

- оқиғаның басталуы сақтанушының (сақтандырылушының, пайда алушының) ерік білдіруімен және (немесе) ниетімен байланысты емес және пайда алу және (немесе) ұтыс алу мақсатын (алыпсатарлық тәуекел) және т. б. көздемейді.

Сақтандыру жағдайы кезіндегі төлемнің мөлшері қандай? 

ҚР Азаматтық кодексі 820-бабының 2-тармағына сәйкес сақтандыру төлемінің мөлшері сақтандыру шартында белгіленеді. Міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру төлемінің мөлшерлерін айқындау тәртібі Қазақстан Республикасының сақтандырудың міндетті түрін реттейтін жекелеген заңнамалық актісінде белгіленеді.

Мысал арқылы талдайық. Егер сақтандыру жағдайы қызметкердің 5%-дан 29%-ға дейінгі жұмыс қабілеттілігін жоғалтумен байланысты болса, аталған жағдайда зардап шеккен адамға залалды жұмыс беруші өтеп береді. Адам 30%-дан 100%-ға дейінгі жұмыс қабілеттілігін жоғалтқан жағдайда, аталған адамға шығынды өтеу үшін сақтандыру сомасының шегінде сақтандыру компаниясы төлем жасайды.

Сақтандыру төлемінің (сақтандыру төлемдерінің) және/немесе жерлеуге кететін шығыстардың мөлшері сақтандыру сомасының мөлшерінен асатын жағдайда, айырма сома сақтанушының (жұмыс берушінің) есебінен төленеді («Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабы).

Кредит бойынша сақтандыру оқиғалары кезіндегі жайттар

Заңнама бойынша ипотекалық кредит ресімдеу кезінде сіз жылжымайтын мүлік объектісін сақтандыруыңыз керек. Автокредит ресімдеу кезінде автокөлік те КАСКО полисімен сақтандырылады.

Сондай-ақ, кез келген кредитті алған уақытта сіз өміріңіз бен денсаулығыңызды өз еркіңізбен сақтандыра аласыз. Ипотекалық және жай тұтынушылық кредитіңіз болса, мұндай сақтандыру полисі кредит бойынша пайыздар мен артық төлемді азайтуы мүмкін. Бұдан басқа, егер қарыз алушыда бір жағдай туындаса және ол денсаулығына байланысты кредитті төлей алмаса, сақтандыру полисі клиент пен оның отбасын қорғайды. Алайда барлық стандартты ерекше жайттардың кредиттерді сақтандыруға да қолданылатынын есте ұстаған жөн.

Сақтандыру полисі барлық тәуекелді өтей ме немесе ерекше жайттар бар ма?

Есіңізге тағы да сала кетейік, сақтандыру шартын жасамас бұрын оның барлық талаптарымен және сақтандыру полисі өтейтін тәуекелдердің тізбесімен мұқият танысып шығу керек. Олардың ішінде ерекше жайттардың болатыны сөзсіз, мәселен ҚР Азаматтық кодексінің 839-бабының 4-тармағына сәйкес:

  • Егер сақтанушы оқиғаның басталуын әдейі ұйымдастырса, онда сақтандырушы оған сақтандыру төлемін төлеуден бас тартады. Бұл сақтандыру шартының талаптарын бұзу болып табылады және сақтанушы тарапынан алаяқтық болып саналуы мүмкін;
  • Егер сақтанушы сақтандырушыға сақтандыру тәуекелі, жағдайы және оның салдары, сақтандыру объектісі жөнінде дәйексіз және жалған ақпарат берген;
  • Егер сақтанушы сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталуымен байланысты мән-жайларды егжей-тегжей тергеу үшін ақпарат ұсынудан бас тартса;
  • Егер сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталғаны туралы дер кезінде хабардар етпеген болса және т.б. зиянды өтеуден бас тарту мынадай жағдайларға қолданылады.


Сақтандыру жағдайы бойынша төлем төлеуден бас тартты, не істеу керек?

Сақтанушы өтемақы төлеуден бірнеше себеппен бас тартуы мүмкін. Көбіне мұндай жағдай, егер жазатайым жағдай шарт бойынша тәуекелдер тізіміне кірмеген жағдайларда болып жатады. Мысалы, сіз пәтеріңізді су басу жағдайларынан сақтандырдыңыз, бірақ егер нөсер жауын кезінде терезелеріңізді ашық қалдырсаңыз, судан болған зақымды сақтандыру полисі өтемейді. Сондай-ақ егер полистің қолданыс мерзімі өтіп кетсе немесе ол бойынша жарналар уақтылы төленбеген болса, ақша берілмейді.

Сондай-ақ өтемақы төлеуден бас тарту жағдайларының жиі болуы - құжаттардың дұрыс ресімделмеуі немесе олардың болмауы. Мысалы, сіз медициналық көмекке жүгінбей, өз бетіңізше емделдіңіз. Алған жарақатыңыз құжат жүзінде расталмаған болса, сақтандыру компаниясы жарақатыңыздың ауырлығын бағалай алмайды және өтемақы төлемейді.

Сондай-ақ өтемақыны төлеуден бас тарту ерекше жайттардың тізімімен байланысты болуы мүмкін. Мұндай жағдайға тап болмас үшін шартқа қол қойғанға дейін онымен мұқият танысып алған жөн, ал жазатайым жағдай болғанда жоғарыда аталған регламентті қатаң сақтау қажет.

Егер сіз сақтандыру жағдайы туралы уақтылы хабарласаңыз, сақтандыру шартыңыздың қолданыс мерзімі өтпеген болса және келтірілген залал бойынша барлық қажетті құжаттарды қоса тіркеген болсаңыз, онда сақтандыру өтемақысын алуда қиындықтар туындамауы керек.

Алайда егер сізге өтемақы төлеуден бас тартылған болса, онда сақтандыру омбудсманына жүгіне аласыз, ол өзара қолайлы шешім қабылдау үшін сақтандыру компанияларымен даулы мәселелерді шешеді.


Өзіңізге әрі мүлкіңізге абай болсаңыз, сақтандыру жағдайына тап болмайсыз!

white-arrow Тізімге