Онлайн-алаяқтар күн сайын алдау әдістерін жетілдіріп жатыр, егер бұрын, цифрландыруға дейінгі кезеңде, олардың әдістері қарапайым болса, қазір олар соңғы технологияларды – нейрондық желілерді, виртуалды нөмірлерді, танымал банктердің сайттары мен қызметтерінің имитациясын қолдануда. Жаңа технология пайда болғаннан кейін көп ұзамай қаскүнемдер оны өз мақсатында пайдаланатыны сөзсіз.
Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Ерлан Асанов Fingramota.kz-ке алаяқтық шабуылдардан қалай қорғануға болатынын айтып берді.
Ішкі істер министрлігінің деректеріне сәйкес, 2024 жылдың тоғыз айында Қазақстанда интернет-алаяқтықтың 15,9 мыңнан астам оқиғасы тіркелген, бұл барлық алаяқтық түрлерінің (33 832) шамамен 47%-ын құрайды. Жалпы шығын шамамен 26 миллиард теңгені құрады. Қаскүнемдерден зардап шеккендердің қатарында болмас үшін, сергектікті жоғалтпау және алаяқтықты тани білу маңызды.
Алаяқтар қандай әдістерді қолданады?
Интернет-алаяқтықтың ең кең тараған түрі фишинг деп аталады. Жыл сайын фишинг әдістері одан әрі жетілдіріліп келеді, бірақ оның басты мақсаты өзгеріссіз қалады – азаматтардың жеке және банк деректерін алу.
«Фишерлер белгілі бір компанияның сайтын жасап, оның атынан хабарламалар, сілтемелер жіберіп, қандай да бір жобаға қаржы салуды немесе мұқтаж жандарға көмек көрсетуді сұрай алады. Азаматтар осыған сеніп, өздерінің жеке деректерін, оның ішінде банк картасы және шот туралы ақпараттарын береді.
Интернет-алаяқтардың құрбаны болмау үшін не істеу керек?
Алаяқтықтан ешкім сақтандырылмаған. Сондықтан, егер сіз алаяқтардың құрбаны болғаныңызды түсінсеңіз, ең алдымен, шоттар мен карталарды бұғаттау үшін банкке хабарласыңыз. Тек содан кейін полицияға шағым беріңіз. Кез келген қаржылық операцияларды мүмкіндігінше тезірек тоқтату маңызды, бұл шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Енді қауіпсіздік бойынша негізгі ережелерді қарастырайық.
«Ең алдымен, ешқашан жеке деректеріңізді, соның ішінде банк реквизиттерін интернет немесе телефон арқылы бермеңіз. Тіпті сізге таныс нөмірден қоңырау шалса да, басқа жақта кімнің шын мәнінде отырғанын әрдайым тексеріңіз. Банк және басқа қаржы ұйымдарының қызметкерлері, сондай-ақ салық органдары, ҰҚК сізден SMS-тен кодтарды немесе басқа құпия деректерді сұрамайды және сізден күмәнді мобильді қосымшаны жүктеуді өтінбейді.
Сондай-ақ телефонға екі факторлы аутентификация бағдарламаларын орнату және мессенджерлерде, әсіресе WhatsApp-та қосылған құрылғыларды үнемі тексеріп тұру ұсынылады», – деп атап өтті Ерлан Асанов.
Ол күмәнді хабарламалардан немесе хаттардан сілтемелерге ешқашан өтпеу керек екенін еске салды, тіпті олар ресми көрінсе де. Алаяқтар жиі ірі компаниялардың сайттары мен қосымшаларын қолдан жасайды. Егер күмәндансаңыз, әрдайым ұйымның ресми сайтында көрсетілген нөмір бойынша өзіңіз қоңырау шалыңыз.
Тағы бір маңызды ереже – жеке деректеріңізге мұқият қарау. Құжаттарыңыздың немесе банктік карталарыңыздың фотосуреттерін мессенджерлер арқылы ешқашан жібермеңіз. Туыстар мен жақын достар арасында да деректердің таралу қаупі болуы мүмкін.
Ақпарат көздерін тексеріңіз, әсіресе ол қаржылық операцияларыңызға қатысты болса. Егер сізден құпия деректерді беру сұралса, әңгімені тоқтатып, ақшамен байланысты бейтаныс адамдарға сенбеңіз. Антивирустық бағдарламаларды ұмытпаңыз. Осы шаралардың барлығы қарапайым, бірақ деректеріңізді қорғауда өте тиімді.
Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз, Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!
Жаңа қағидалар: коллекторлар бұдан былай борышкерлермен қалай жұмыс істейді
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Дропперлер дегеніміз кім және бұл неліктен қауіпті
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Қауіпті SMS: алаяқтар азаматтарды алдау үшін мәтіндік хабарламаларды қалай пайдаланады
Бағалы қағаздарға инвестициялардың артықшылықтары және тәуекелдер