Гайд: кредит ресімдеген кезде неге назар аудару керек?

time 10.10.2024

Кредит ресімдеу – бұл өте маңызды және жауапты қадам, оны жеңіл қабылдаудың салдары ауыр болуы мүмкін. Fingramota.kz қарыз алушыларға кредит беру сияқты күрделі мәселені түсінуге көмектесетін гайд дайындады.

Кредит алуға дайындалған уақытта қарыз қаражаты – бұл үлкен пайызбен қайтарылатын борыш екенін үнемі есте сақтаңыз. Банк – қайырымдылық ұйымы емес, оның өз мүдделері бар. Тіпті барынша ашық болған күннің өзінде, банк тек өз пайдасын көздейді.

Өз мүмкіндіктеріңізді нақты бағалаңыз

Мысалы, сіздің айлық табысыңыз 300 мың теңге, ал ипотека бойынша болжамды төлем 270 мың теңге, 15 жылға есептелген. Әрине, ресми банк мұндай жағдайға кредит беруден бас тартады. Бірақ кейбір адамдар сенімсіз ұйымдарға жүгініп, қаржылық ауыртпалықты мойнына алады. Қандай жағдайда да кредит төлемі сіздің табысыңыздың 40-50%-нан аспауы тиіс.

Мақсатты талдаңыз

Өзіңізге ойлануға уақыт беріңіз: сатып алу немесе кредит алу шынымен қажет пе? Кейде кредит – мәселені шешудің жалғыз жолы, мысалы, шұғыл баспана немесе ақысы қымбат емге қаражат қажет болып, мемлекет оны өтемейтін уақытта. Алайда көп жағдайда бұл асығыс шешім болуы мүмкін және бұл -  қазақстандықтардың арасында кредиттер санының көбеюінің басты себебі.

Мүмкіндіктеріңізді таразылап, қаржылық қауіпсіздік жастықшасын дайындаңыз

Алғашында бұл ақылға қонымсыз болып көрінуі мүмкін: сізге ақша қатты қажет және қолыңыздан ақша жинау келмейді. Бірақ өмірде кез келген жағдай болуы мүмкін: жұмыссыздық, күтпеген шығындар және тағы басқалар.

Сондықтан төтенше жағдайларда қарызды уақтылы жабу және өзіңіздің кредиттік тарихыңызды бұзып алмау үшін қаржылық жастықшаны алдын ала дайындаған дұрыс.

Кредит ресімдеуге саналы түрде қараңыз

Сонымен, сіз кредит алуға шешім қабылдадыңыз делік, бірақ асығудың қажеті жоқ – банктер бірден жоғалып кетпейді және «жомарт жұма» деп аталып кеткен науқан жылына бірнеше рет қайталанып тұрады. Алғаш кездескен банктен немесе жарнамасы күшті ұйымнан қарыз ресімдемеңіз – сіз ең тиімді талаптарды басқа жақтан табуыңыз әбден мүмкін.

Әртүрлі банктердің ұсыныстарын зерттеп, салыстырып, әртүрлі алаңдардағы пікірлерді оқыңыз және  қандай жағдайда да жарнамаға сенбеңіз. Консультанттарға сұрақтар қоюдан ұялмаңыз, қайталап сұраңыз, бір нәрсе түсініксіз болса – қандай жағдайда да кез келген банк жауапты клиенттерге қызығушылық танытады.

Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін нақтылаңыз

Бұл – ерекше назар аударуды қажет ететін маңызды мәселе. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) – бұл кредит бойынша жылдық төлемдердің жалпы сомасы. ЖТСМ неғұрлым төмен болса, сіз үшін кредиттік шарт соғұрлым тиімді болады. Банк Шартқа қол қойылғанға дейін ЖТСМ туралы ақпаратты ұсынуға міндетті, егер бұл талап орындалмаса, банк қызметінің сенімділігіне күмәндануға болады.

Шынымен де, кейбір банктер ЖТСМ туралы айтпауы мүмкін немесе ақпаратты толық ашпайды. Мысалы, нақты соманы көрсетудің орнына, консультанттар «артық емес», «аспайды», «шамамен» деген сияқты тұжырымдарды қолдануы мүмкін. Мұндай жалпылама анықтамалар науқан кезіндегі  4 999 теңге сияқты сіздің назарыңызды әлсіретеді. Шын мәнінде бұл – 5 000 теңге, бірақ көз 4 санын байқаған соң, ми оны автоматты түрде төмен баға ретінде қабылдайды. Сондықтан ЖТСМ туралы барлық мәліметті өз бетіңізше зерттеуге ерінбеңіз. Банк Қазақстанның заңнамасына сәйкес мөлшерлеме туралы ақпарат беруге міндетті екенін ұмытпаңыз.

«Қара» кредиторлардан сақ болыңыз

Бұл тармақ алдыңғы тармақтан туындайды, өйткені «қара» кредиторлар маңызды ақпаратты жасыруымен танымал. Олардың қызметі туралы білу – өзіңізді қорғаудың тағы бір тәсілі. Қарапайым тілмен айтқанда, «қара» кредиторлар – лицензиясыз жұмыс істейтін қаржы ұйымдары. Заң бұзушылықтарға қарамастан, Қазақстанда «қара» кредиторлар көп кездеседі. Олар әлеуметтік желілер мен интернеттегі агрессивті жарнамалар арқылы клиенттерді өздеріне тартады, өте төмен пайыздық мөлшерлеме мен тиімді талаптар ұсынады. 

Мұндай ұйымдарды кредиттік тарихыңыз, табыс деңгейіңіз, зейнетақы жарналарыңыз бен басқа да маңызды деректер  қызықтырмайды, ал қақтығыстар туындаған жағдайда, олар психологиялық немесе физикалық қысым көрсетуі мүмкін. Өйткені оларға сіздің құпия деректеріңіз қажет. Егер сіз уақытында тоқтамасаңыз, ол деректерді өзіңіз беріп қоюыңыз мүмкін. «Қара» кредиторлардан қорғанудың ең оңай жолы – таңдаған ұйымыңыздың атауын ҚНРДА сайтынан тексеру. Егер лицензия болмаса, бұның алаяқтық ұйым екеніне күмәнданбаңыз.

Әдетте, банктер аннуитеттік әдісті ұсынады, бірақ сараланған әдіс те бар, сондықтан бұл мүмкіндікті де білу маңызды. Екі әдіс арасындағы айырмашылықты түсініп алайық. Аннуитеттік төлемдер кәдімгі схема бойынша жүреді: кредит мерзімінің ішінде сіз ай сайын бірдей мөлшердегі төлемдерді банкке аударасыз. Және сіздің негізгі борышыңыз өсім бойынша өтеледі. Сараланған әдіс бойынша негізгі борышты бірдей мөлшерде өтейсіз, бірақ төлем сомасы азая береді. Дегенмен, мұндай төлемдер кезінде отбасының жалпы табысы аннуитеттік төлеммен салыстырғанда кем дегенде төрттен біріне жоғары болуы керек.

Кредит мерзімдерін нақтылаңыз

Бұл тармақ маңызды, себебі кредит мерзіміне түпкілікті артық төлем сомасы тікелей тәуелді. Яғни, мерзім неғұрлым ұзақ болса, артық төлем соғұрлым жоғары болады. Кредит мерзімі мен талаптарын мұқият зерттеңіз және кредит бойынша толық немесе ішінара мерзімінен бұрын төлеу мүмкіндіктерін анықтаңыз: қандай мерзімнен кейін бұл мүмкін болады, айыппұлдар немесе артық төлемдер бар ма? 

Қазақстанның қолданыстағы банк заңнамасына сәйкес қаржы ұйымдарының клиенттен айыппұл немесе өзге де санкцияларды талап етуге құқығы жоқ. Ерекше жағдай – негізгі борышты мерзімінен бұрын өтеу. Егер кредит бір жылға дейінгі мерзімге берілсе, кредит алған күннен бастап алты ай ішінде, ал бір жылдан астам мерзімге берілген кредит бойынша – кредит алған күннен бастап бір жыл ішінде ғана айыппұл салынуы мүмкін. Бұл жағдайда банкке тек нақты пайдаланылған күндер үшін ғана пайыздар төленеді. Сондай-ақ, күтпеген жағдайларда қарызды қайта құрылымдау мүмкіндігін тексеріңіз.

Шартқа қол қоюдан бұрын онымен мұқият танысып шығыңыз

Шартты мұқият оқып шығу ең оңай нәрсе сияқты, бірақ осы кезеңде көбі шартқа бірден қол арқылы қателік жасап жатады. Банк сізбен жұмыс істеуге міндетті, сізге банк қаншалықты қажет болса, ол да сізге мүдделі болады,  сондықтан консультанттардан күмәнді тармақтарды түсіндіруді талап етуден қысылмаңыз. Егер мүмкіндік болса, сізге түсініксіз жерлерін түсіндіру және келеңсіздіктерден қорғау үшін заңгердің көмегіне жүгініңіз.

Мерзім кешіктірілсе, не істеу керек?

Азаматтардың кредиттер бойынша мерзімі өткен берешегін реттеудің қолданыстағы тәртібінің шеңберінде мерзімді кешіктірген қарыз алушылар кез келген уақытта банктік қарыздар мен микрокредиттерді қайта құрылымдау үшін кредиттік ұйымға өтініш бере алады. Өтініште мерзімді кешіктірудің себебін көрсету, қайта құрылымдаудың ықтимал нұсқаларын ұсыну, табыстың төмендегенін және өз міндеттемелеріңіз бойынша төлем жасаудың мүмкін болмай отырғанын растайтын құжаттарды беру қажет. Қарыз алушының өтінішін банк пен МҚҰ міндетті түрде қабылдауы, тіркеуі, есепке алуы және қарауы керек.

Кредиттік ұйым қарыз алушының өтінішін алған күннен кейін күнтізбелік 15 күн ішінде  оны қарайды және қарыз алушыға:

1) банктік қарыз немесе микрокредит шартының талаптарына ұсынылған өзгерістермен келісетіні;

2) банктік қарыз немесе микрокредит шартының талаптарын өзгерту бойынша өзінің ұсыныстары;

3) осындай бас тартудың дәлелді себептерін көрсете отырып, банктік қарыз немесе микрокредит шартының талаптарын өзгертуден бас тарту туралы шешімдердің біреуі жөнінде хабарлайды.

Банктік қарыз немесе микрокредит (бұдан әрі – кредит) беру туралы шарттың талаптарына өзгерістер енгізу қарыз алушының кредиттік шарттың ағымдағы талаптары бойынша міндеттемелердің орындалмауына әкеп соққан мән-жайларды құжаттамалық растау кезінде оның әлеуметтік және қаржылық жағдайын ескере отырып, қарыз алушының борыш жүктемесінің төмендеуін қамтамасыз ететін жағдайларда жүзеге асырылады.

Кредиттік ұйым өтінішті қарайтын кезеңінде банк немесе МҚҰ микрокредитті мерзімінен бұрын өтеуді талап етпейді.

Кредитор мен қарыз алушы кредиттік шарттың талаптарына өзгерістермен келісу туралы шешім қабылдаған кезде шарттың талаптарына өзгерістер енгізу тәртібі мен мерзімдері банктің немесе МҚҰ-ның ішкі құжатымен айқындалады, бұл ретте мұндай өзгерістерді енгізу мерзімі микроқаржы ұйымы осындай шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 15 күннен аспайды.

Кредитор шарттың талаптарын өзгерту жөнінде өз ұсыныстарын жіберген кезде қарыз алушының банк немесе МҚҰ ұсынған шартты өзгерту талаптарына жауап беру мерзімі кредиттік ұйымның хатында көрсетіледі және қарыз алушы банктің немесе МҚҰ шешімін алған күннен бастап кемінде күнтізбелік 15 күнді құрайды.

Кредитор мен қарыз алушы арасында банктің немесе МҚҰ шешімін алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде өзара қолайлы шешімге қол жеткізбеу кредит беру туралы шарттың талаптарын өзгертуден бас тарту болып есептеледі. Бұл мерзім екі тараптың келісімі болған жағдайда ұзартылуы мүмкін.

Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес кредиттік шарт бойынша мерзімі өткен берешек туындаған кезден бастап 24 ай ішінде қарыз алушының міндеттемесін төмендетуді, оның ішінде айыпақыны (айыппұлды, өсімпұлды) толық жоюды қамтамасыз ететін шарттарда берешекті реттеу жөніндегі рәсім жүргізілмеген кезде коллекторлық агенттікке құқықты (талапты) беруге жол берілмейді

Қорытындылай келе, кредит - бұл үлкен жауапкершілік екенін, оны сізден басқа ешкім төлемейтінін, сондықтан оны ресімдеуге ешқашан асықпау керектігін тағы да еске саламыз. Бұндай әрекет артық көрінгенімен, қазір барлық жағдайлар мен мүмкіндіктерді зерттеуге уақыт бөлу арқылы сіз өзіңізді болашақта қаржылық қиындықтардан құтқарасыз.

Fingramota.kz-пен бірге қаржылық тұрғыдан сауатты болыңыз!

white-arrow Тізімге