Интернетте балаларды алдау: онлайн-ойындар арқылы алаяқтық түрлері

time 26.05.2025

Стримдермен онлайн-ойындар балалар мен жасөспірімдер өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Өкінішке орай, оны алаяқтар белсенді қолданады: олар ойын аккаунттарын сату, ойын құрылғысын жалға беру және әлеуметтік желілердегі «сыйлықтар» деген сылтаумен балалардан ақша тартады. Жыл сайын Қазақстанда осындай жағдайлар тіркеледі және залалдың жалпы сомасы миллиондаған теңгені құрайды.

Қаскүнемдер қандай нақты схемаларды қолданатыны және баланы интернеттегі алаяқтықтан қалай қорғауға болатыны жөнінде  Fingramota.kz-пен қарастырып көрелік. 

Ойын кезінде аккаунт сатып алу 

Алаяқтар Free Fire мобильді ойынында «керемет мықты» аккаунт сатамыз  деген сылтаумен оқушылардан үлкен мөлшерде ақша тартады. Мысалы, Шымкентте алтыншы сынып оқушысы алаяқтың басшылығымен әжесінің банктік картасын суретке түсіріп, барлық конфиденциалды деректерді, соның ішінде CVV/CVC-ді жайып берген. Немересінің аңғалдығына байланысты әйел екі миллион теңгеден астам шығынға ұшырады. Алаяқ ұсталды.

Ойын аккаунтын «тегін» беру 

Алаяқтар жасөспірімдерді TikTok-тағы стримдер  арқылы іздейді және өзінің ойын аккаунтын тегін беруді ұсынады. Оның орнына олар ересектердің біреуінің банктік картасының деректерін айтуды, сондай-ақ ставкалар қабылдайтын сайттарға ақша аударуды сұрайды. Осындай алаяқтық арқылы Ақмола облысында алаяқ аңғал жасөспірімнен 1,1 млн теңге алып,  содан кейін байланысқа шығуды тоқтатқан. 

Steam платформасындағы алаяқтық 

Алдаудың бұл түрі жөнінде Қазақстандықтарды Алматы қаласының полициясы ескертті. Алаяқтар Steam ойын жабдықтарының сатылымы жөнінде хабарландырулар тауып, виртуалды алмасу туралы келіссөздер жүргізгені, содан кейін заттарды алып алғаннан кейін ақшаны аудармай сатушыны бұғаттайтындары белгілі болды.

Ойын құрылғысын «жалға беру»

Ойын құрылғысы құнының қымбат болуына байланысты мұндай қымбат затты бәрі бірдей сатып ала бермейді, сондықтан оны жалға беру қызметі кеңнен қолданыла бастады. Өкінішке орай, бұл мүмкіндікті алаяқтар тез пайдаланып қалды: мәселен, Түркістанда алаяқ жарнамалар сайты арқылы жас жігіттен PlayStation-ды жалға алып, оны қайтармаған. Құрылғының құны 350 мың теңгені құрады. Полиция алаяқты қолға түсірді, құрылғы иесіне қайтарылды. 

Алаяқтықтың тағы бір әдісі бар, онда қаскүнемдер ойын құрылғыларын өздері ұсынады, бірақ жалдау ақысын алған бойда ізін суытады. Нәтижесінде жасөспірімдер ақшасыз әрі құрылғысыз қалады.

Жалған сайттар арқылы фишинг 

Алаяқтар ойынға арналған цифрлық заттарды төмен бағамен сатып алу туралы ұсыныстармен жалған сайттар жасайды. Ойындағы «достарға» сенетін балалар сілтемелерге өтіп, ата-аналарының банктік карталарының деректерін енгізеді, содан кейін шоттардағы қаражат жоқ болады.

Ата-аналарға арналған кеңестер: баланы онлайн-алаяқтықтан қалай қорғауға болады 

Қауіптер туралы айтыңыз: алаяқтар ойында немесе әлеуметтік желіде дос болып көрінгенмен, интернетте жасырынуы мүмкін екенін түсіндіріңіз. Нақты жағдайлар туралы міндетті түрде айтыңыз, себебі бұл балаларға қауіпті жақсы түсінуге көмектеседі.

Жеке ақпаратты бермеуге үйретіңіз: ешкімге және ешқашан, тіпті ойындағы «таныстардың» өзіне банктік карта деректерін, құпиясөздерді, SMS-кодтарды, сондай-ақ фотоқұжаттарды немесе карталарды жібермеуге үйретіңіз.

Бала қолданатын банк карталарына шектеулер қойыңыз. Операциялар туралы хабарламаларды қосу артық болмайды - осылайша сіз ақша аударылып жатқанын бірден білесіз.

Баланың қандай сайттарға кіретінін тексеріңіз: оған ресми сайттарды жалған сайттардан ажыратуды үйрету маңызды - сайттардың мекенжайларын бірге тексеруді ұсыныңыз. Сонымен бірге браузерде ата-ана бақылауын немесе қауіпсіз режимді орнатыңыз.

Баланың цифрлық өміріне қатысыңыз: оның интернетте не ойнайтынын және кіммен сөйлесетінін біліңіз.

Алдау әрекеті болса, не істеу керектігін: хат-хабарлар мен скриншоттарды сақтау, ересектерге дереу айтып беру және полиция мен қолдау қызметіне бірге хабарлау қажеттіңіз үйретіңіз.

Өзіңізге, балаларыңызға қамқор болыңыз және қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!

white-arrow Тізімге