Криптовалюталар бақылауда: Қазақстанда қандай қағидалар қолданылады

time 22.06.2026

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанда криптовалюталар туралы әңгімелердің барлығы бір-біріне ұқсас болған. Біреу танысының «биткоинмен көтерілгенін», ол біреу болса кезекті күмәнді платформада барлық ақшасынан айырылғанын айтқан.  Көптеген адамдар үшін крипта болашақтың технологиясы мен қаржылық шытырман оқиғаның арасында болды.

Бұл не құрал екендігі және онымен қалай жұмыс істеу қажет екендігі жөнінде Fingramota.kz-пен қарастыралық.

Криптовалюта деген не? 

Егер қарапайым сөзбен түсіндіретін болсақ, криптовалюта – бұл тек электрондық түрде ғана болатын циярлық актив. Оның қағаз нысаны немесе  әдеттегі банк шоты болмайды. Барлық операциялар арнайы блокчейн жүйесіне жазылады. Сол себепті криптаны орталықсыздандырылған деп атайды: ол ресми түрде ол бірде-бір мемлекетке немесе банкке тиесілі емес.

Ең танымал криптовалюта - Bitcoin, алайда бүгінгі таңда мыңдаған түрлі монеталар мен токендер бар. Олардың кейбіреуі толыққанды төлем жүйелері ретінде, басқалары - технологиялық жобалар ретінде құрылды, ал кейбіреулері тек хайп пен алыпсатарлық үшін ғана пайда болды.

Осы жерде жаңадан келгендер бірінші қателік жібереді. Көп адамдар бағамның күрт өсуі туралы әңгімелерді естіп, криптовалютаны ақша табудың жылдам тәсілі ретінде қабылдай бастайды. Адам әлеуметтік желілерді ашып «икстер», «зымырандар» және «жақын арада бағасы шырқап ұшатын монеталар» туралы роликтер көреді, содан кейін оған «жалғыз өзі ғана қалып қойып», айналасындағылардың барлығы ақша тауып жатқандай көрінеді. Дәл осы сезімнің жетегінде кеткендерді болашақ проблемалар күтіп тұрады.

Бүгінгі таңда аталған цифрлық активтер экзотика болмай қалды. Бүгінде олар жөнінде банктер, мемлекеттік органдар, салық қызметтері және тіпті бұрын кез келген инвестициядан мүлде хабарсыз болған адамдар да айтып жатыр. Ал мамыр айында Қазақстан заңнамасына енгізілген өзгерістермен криптовалюталар бұдан былай «көлеңкелі интернет-нарық» ретінде қабылданбайтынын, мемлекет оларды ресми қаржы жүйесіне енгізу әрекеттерін жасап жатқанын анық көрсетті.

Қазақстанда криптовалюталар ресми төлем құралы болып табылмайды. Бұл дегеніміз, олармен дүкендерде еркін есеп айырысуға, қызметтерге ақы төлеуге немесе күнделікті өмірде теңгенің орнына пайдалануға болмайды дегенді білдіреді. Алайда, егер оны рұқсат етілген алаңдар арқылы жасасаңыз, цифрлық активтерді сақтауға, сатып алуға және сатуға болады.

Мамыр айындағы заңнамалық өзгерістер заңды нарықты сұр схемалардан ажыратуға бағытталған. Мемлекет цифрлық активтерді реттеудің нақты қағидаларын енгізді, ал криптовалюталармен жұмыс лицензияланған платформалар мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының юрисдикцияларына тығыз байланысты бола бастады.

Қарапайым адам үшін бұл өте қарапайым нәрсені білдіреді: егер платформа ресми түрде жұмыс істесе және реттелетін аяда болса, тәуекелдер де аз болады. Бірақ олар толық жойылмайды – құқықтық орта пайда болғанымен криптовалюталар әлі де өте құбылмалы және қауіпті құрал болып қала береді.

Жалған крипта

Мәселе көптеген адамдардың әлі күнге дейін «таныстықпен» әрекет етуді жалғастыруында. Бір адам криптаны банктік карта арқылы шығаруды сұрайды, екіншісі USDT-ні «биржадан арзанырақ» сатып алуды ұсынады, үшіншісі кепілді кірістілігі бар жабық инвестициялық чатқа шақырады.

Дәл осы сәтте адам көбіне инвестор болуын тоқтатып, күмәнді схеманың қатысушысы болады, кейде тіпті оны өзі түсінбейді де.

Қазақстанда адамдар таныстарына криптовалютаны аударуға көмектесуге келіскен, кейінірек шоттар бұғатталған немесе қаржы мониторингі тарапынан қиындықтарға тап болған жағдайлар болған. Адамның өзі үшін бұл «маған криптаны аударды – мен ақшасын жібердім» деген зияны жоқ нәрсе боп көрінді. Бірақ егер тізбектегі қаражат алаяқтықпен байланысты болса, оның салдары қиын болуы мүмкін.

Тағы бір жиі кездесетін қателік – кепілдігі бар кіріске сену. Крипта нарығы әдетте эмоцияларға құрылған. Бүгін актив ондаған пайызға өссе, ертең соншалықты тез құлдырауы мүмкін. Бірақ дәл осы тұрақсыздықтың салдарынан криптовалюталардың айналасында көптеген пирамидалар мен жалған инвесторлар пайда болды.

Әдетте бәрі әдемі басталады: адамға қосымша, графика, «табысты трейдерлердің» пікірлері көрсетіледі. Кейде тіпті сенімге кіру үшін алғашқы азын-аулақ ақшаны да төлейді. Содан кейін олар салымды көбейтуді немесе достарын шақыруды сұрайды. Бірнеше айдан соң жоба жоқ болады.

Мұнда бір нәрсені түсіну маңызды: алаяқтар криптовалюта сатпайды. Олар адамға тез байып кету үшін үміт сатады!

Салықты ұмытпаңыз!

Криптовалютаға салық салу бұл өзіне жеке әңгіме. Көп адамдар әлі күнге дейін криптовалюта «интернетте» болатын болса, онда мемлекет оны көрмейді деп сенеді. Іс жүзінде жағдай бұрыннан өзгерген. Қазақстан цифрлық активтерді бақылау және салық салу жүйесін біртіндеп құруда. Мұнда жаңадан бастаушылар көбінесе қарапайым түсінікте қателеседі. Оларға пайда болған кезде ғана салық салынатын болып көрінеді: мен арзан сатып алдым, қымбат саттым және айырмашылықтан салық төледім. Шындығында, криптовалютаны сатудан түскен қаражаттың кез келген түріне салық салынады. Бір-екі жыл бұрын криптоинвестор айтарлықтай шығынға ұшыраған жағдай болды – шамамен 50 миллион теңге, бірақ теңгемен қаражатты шығарып алу үшін тағы 25 миллион салық төлеуге тура келді.

Сондықтан сарапшылар криптовалюта операцияларын кез келген басқа инвестициялар сияқты байыпты қабылдауға кеңес береді: аударымдар тарихын сақтау, ресми платформаларды пайдалану және ірі операцияларды жасыруға тырыспау.

Қауіп туралы ұмытпаңыз

Жаңадан бастаушылар үшін басты қауіп - бұл нарықтың құбылмалылығы немесе салық заңнамасын білмеу емес, мамандар бұған көмектесе алады, бұл жерде  сыни ойлаудың болмауы. Криптосалада қысымның ескі әдістері әсіресе жақсы жұмыс істейді: мүмкіндікті жіберіп алудан қорқу, ашкөздік және жеделдік сезімі.

Егер олар сізге: «мұндай мүмкіндік өмірде бір рет болады» десе, монета міндетті түрде өседі», «листингке кіріп үлгеріңіз» десе, бұл асықпай, ақпаратты мұқият тексеруге себеп болады.

Криптовалюталар Қазақстанның қазіргі қаржы жүйесінің бір бөлігіне айналуда. Мемлекет біртіндеп нарықты сұр аймақтан шығарады, қағидаларды енгізеді және бақылауды күшейтеді. Бірақ ешқандай заңдар адамды асығыс шешімдерден толықтай қорғай алмайды. Нарық ешқайда кетпейді, бірақ асығыс шешімдер көбінесе шығындарға әкеледі.

Тәуекелдерді азайтуға көмектесетін бірнеше қағидаттар:

Соңғы ақшаны салып жібермеңіз.

Криптовалюталар өте тұрақсыз актив болып қала береді. Бүгін курс күрт өсіп, ертең күрт төмендеуі мүмкін. Сондықтан жалға алуға, кредитке, емделуге немесе күнделікті шығындарға қажет ақшаны мұндай инвестициялар үшін пайдаланбаған дұрыс. Крипта әрқашан жоғары тәуекел аймағы болып табылады.

Криптовалюта сатып алу үшін кредит алмаңыз.

Нарықтың өсуі кезінде адам «табыс табудамын» деген ой келеді. Сосын келеңсіз ой туындайды, яғни қазір қарыз алып, содан кейін пайдадан тез қайтара қоярмын деген ой келеді. Бірақ нарық өсуге байланысты кепілдік бермейді. Нәтижесінде, адам бір уақытта курстың құлдырауынан ақша жоғалтып, нақты банктік қарызымен қалуы мүмкін.

Қандай платформа арқылы жұмыс істеп жатқаныңызды тексеріңіз.

Мамыр айындағы өзгерістерден кейін мемлекет цифрлық активтерді реттеуді және лицензияланған алаңдардың жұмысын күшейтті. Сондықтан күдікті ақша айырбастау орындарынан, кездейсоқ Telegram-чаттардан және нарыққа қарағанда төмен бағамен крипта ұсынатын «жеке көмекшілерден» аулақ болған жөн. 

Кепілдік берілген пайда жөніндегі уәдеге сенбеңіз.  

«тәуекелсіз айына 20%», «дәл сигнал», «инсайдерлік тиын» немесе «жабық инвестициялық клуб» сияқты тіркестер кез келген уақытта алаңдатады. Заңды инвестицияларда ешкім тұрақты кіріске кепілдік бере алмайды, әсіресе осындай құбылмалы нарық жағдайында. 

Seed-тіркестер мен құпиясөздерді ешкімге айтпаңыз.

Криптовалюталарда әмиянға деген қолжетімділіктің болуы ақшаға нақты түрде қол жеткізе алу дегенді білдіреді. Көп жағдайда алаяқтар өздерін «қолдау қызметі», «талдаушылар» немесе «биржа менеджерлері» ретінде таныстырады және кіру деректерін қулықпен алуға тырысады. Осыдан кейін, әдетте қаражатты қайтару мүмкін болмайды. 

Аударымдар жасаған кезде делдал болуға келіспеңіз. 

Кейде таныстар сіздің картаңыз немесе шотыңыз арқылы «жай ғана криптаны шығарып алуға көмек» сұрауы мүмкін. Бір қарағанда онда тұрған ештеңе жоқ сияқты, бірақ шындығына келсек, адам кездейсоқ алаяқтық схемасының немесе қаражатты жылыстату тізбегінің бір бөлігі болып қалуы ықтимал. 

Операциялар тарихын сақтап жүріңіз және салықтар туралы ұмытпаңыз.

Қазақстан цифрлық активтерге салық салу жүйесін біртіндеп қалыптастыруда, және криптовалютамен жасалатын операциялардан келіп түскен кіріске салықтық міндеттемелер салынуы мүмкін. Сондықтан кері күнмен қалпына келтіруге тырысып жүргенше, сатып алу, сату және аударымдар туралы деректерді алдын ала сақтап жүрген дұрыс. 

Қысым көрсету үстінде шешім қабылдамаңыз.  

Алаяқтар адамдарды ылғи мынадай сөздермен асықтырады: «тек бүгін», «бірнеше сағат қана қалды», «қазір өседі». Бұл адам ақпаратты асықпай тексере алмас үшін әдейі жасалады. Қаржы мәселесінде асығыстық көп жағдайда жақсы нәтижелерге алып келмейді. 

Криптовалюталар расымен де заманауи инвестициялық нарықтың бір бөлшегі бола алады, бірақ олар салқынқандылықты талап етеді. Шешімдерді  сезімге берілмей қабылдаған сайын, қолайсыз қателіктерден аулақ болу мүмкіндігі жоғары болады.  

 

Fingramota.kz-пен бірге зерделеңіз, оқыңыз және өз қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз

white-arrow Тізімге