Қалта ақшадан алаяқтарға дейін: қазіргі заманғы оқушы нені білуге тиіс?

time 14.08.2026
aye 1908
Қалта ақшадан алаяқтарға дейін: қазіргі заманғы оқушы нені білуге тиіс?

Тамыз айы ата-аналар үшін дәстүрлі түрде кішігірім отбасылық жобаға айналып келеді, мәселен, мектепке арналған арнайы киім мен аяқ киім сатып алу, кеңсе заттарын жинау, рюкзакті тексеру және баланы біртіндеп мектеп режиміне бейімдеу керек. Бірақ, жаңа оқу жылына дайындық тек қажетті заттарды сатып алумен шектелмейді. 

Жыл өткен сайын балалар көп нәрсені өздері жасай алады: қалта ақшасын алады, банк карталарын пайдаланады, сатып алған заттарына төлем жасайды, уақыттарын ойын ойнаумен өткізеді, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге кіреді. Сондықтан мектепке қажетті заттармен қатар оларға тағы бір маңызды «жиынтық» - ақша жұмсаудың негізгі дағдылары мен цифрлық қауіпсіздік қағидалары қажет.

Баланы оқу жылына қалай дайындау және қандай пайдалы қаржылық әдеттер қалыптастыру керектігі туралы Fingramota.kz айтып береді. 

Мектепке арналған бюджеттен бастаңыз

Мектепке дайындық қаржылық сауаттылыққа үйрететін жақсы сабақ болуы мүмкін. Бір нәрсе сатып алуға жіберуден бұрын баламен бірге өткен оқу жылынан не қалғанын тексеріңіз. Жаңа маусымның басталуына байланысты пенал, спорттық киім, папкалар, бояулар немесе рюкзакті ауыстыру міндетті емес.

Содан кейін тізім құрып, сатып алуға қажетті заттарды шартты түрде мынадай үш санатқа бөліңіз: міндетті түрде қажет, сатып алған жөн және кейінге қалдыруға болатын.

Ересектеу балаға бюджетті жоспарлауды үйрету қажет. Мысалы, кеңсе заттарын сатып алу үшін белгілі бір сома бөлу және белгіленген лимиттен аспай қажетті тауарларды өз бетінше таңдауды ұсыну керек. 

Егер оқушы біршама қымбат рюкзак немесе пенал алғысы келсе, баламаларын талқылаңыздар. Не маңызды: бренд үшін артық ақша төлеу ме немесе барынша қолжетімді нұсқаны таңдап, ақшаның бір бөлігін басқа зат сатып алуға қалдыру ма?

Осылайша, жай ғана дүкенге барудың өзі бюджетті жоспарлау, бағаны салыстыру және адамның қалауы мен нақты мүмкіндік арасында таңдау жасау сабағына айналады.     

Қалта ақшасы – бұл да үйрету тәсілі 

Қалта ақшасы балаға өз бетінше алғашқы қаржылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл уақытта қателескен жағдайда да үлкен залал туындамайды.

Ақшаны бала сұраған уақытта берудің орнына біраз ақшаны бір аптаға немесе айға бөліп беруге болады. Бастысы, мұны қайда жұмсау керектігі туралы алдын ала келісіп алған жөн.   

Мысалы, оқушы бір аптаға 5 мың теңге алады. Егер ол барлық ақшаны алғашқы екі күн ішінде жұмсап тастаса, бюджетін дереу толықтыру қажет емес. Әйтпесе бала «ақшаны жоспарламауға да болады, өйткені ата-қосымша ақша береді» деген мүлдем басқа қағидатқа сүйеніп алады.

Қаражаттың қайда кеткенін, қай заттардың расында керек екендігін және ақшаны аптаның соңына дейін жететіндей етіп қалай бөлуге болатынын бірге отырып тексерген дұрыс.

Егер бала банк картасын пайдаланатын болса, қосымшада белгіленген лимит уағдаластықтарды сақтауға және біртіндеп қаржылық шектеулерге үйренуге көмектеседі.

Балаға ақша жұмсауды ғана емес, сақтауды да үйретіңіз

Аса пайдалы қаржылық әдеттердің бірі – берілген ақшаны бірден жаратып тастамау. Балаға құлаққап, кітап, ойын, спортқа қажетті зат немесе жақын адамына сыйлық сияқты кішігірім мақсат таңдауды ұсыныңыз. Содан кейін әр апта немесе ай сайын қанша ақшаны сақтап қою керектігін бірге есептеңіздер. Мысалы, алғысы келетін зат 20 мың теңге тұрады. Егер аптасы 2 мың теңгеден кейінге қалдырып отырса, қажетті соманы шамамен он аптада жинауға болады. Бала үшін мұндай мысал жинақтардың пайдасы туралы дәріске қарағанда өтімді болады: ол мақсат, уақыт пен тұрақтылықтың аясында тікелей байланысты көреді. 

Балаға «қалаймын» және «қажет» деген нәрселердің аражігін ажыратуды үйрету де аса маңызды. Жоспарланбаған сауда үшін мынадай қарапайым отбасылық қағиданы белгілеуге болады: бірден сатып алмай, ойлануға уақыт беру. Жиі жағдайда келесі күні ол зат аса қажет болмай жатады.

Алғашқы банк картасы - алғашқы қаржылық шекара 

Бүгінде көптеген оқушыларда балаларға арналған банк карталары бар. Бұл ыңғайлы: ата-аналар қалта ақшасын аудара алады, ал бала өз бетінше сатып алғандарының ақысын төлеп, өз бюджетін біртіндеп басқаруды үйренеді. Бірақ балалардың картасы ата-аналар үшін қаржылай оқытудың ыңғайлы құралы. Банктік қосымшаның мүмкіндіктеріне байланысты шығыстарды қадағалауға, операциялар туралы хабарламалар алуға, қолма-қол ақшаны сатып алуға және алуға лимит белгілеуге, сондай-ақ операциялардың жекелеген түрлерін шектеуге болады.

Мысалы, бір апталық лимитті белгілеп, шығындар тарихын бірге қарап отыруға болады: тамақтануға, көлікке, ойындарға немесе өздігінен сатып алуға қанша ақша кетті. Ең бастысы оны жаппай бақылауға айналдырмау. Операциялардың тарихын қандай шығыстар қажет екенін, қайсысынан бас тартуға болатынын және қаншалықты сақтап қалуға болатынын талқылауға себеп ретінде пайдаланған дұрыс.

Баланың өсуіне қарай бақылауды біртіндеп әлсіретуге болады, оған өз ақшасы үшін көбірек жауапкершілік беріледі.

Бірінші картамен бір мезгілде қауіпсіздік ережелері пайда болуы тиіс. Бала түсінуі тиіс: PIN-код, парольдер, SMS-кодтар және банк картасының деректерін достарына, сыныптастарына немесе бейтаныс адамдарға айтуға болмайды. Картаны «бір минутқа» беруге, суретке түсіруге және біреуге жіберуге, сондай-ақ белгісіз сайттарға төлем деректерін енгізуге болмайды.

Әсіресе, жасөспірімдерге картаны немесе банк қосымшасына қолжетімділікті сыйақы үшін басқа адамдарға беруге болмайтынын түсіндіру маңызды. «Картаны бір-екі күнге бер – ақысын төлеймін», «аударымды қабылдап, пайызды өзіңе қалдыр» немесе «жұмыс істеу үшін шот қажет» сияқты ұсыныстар дропперлік және басқа да алаяқтық схемалармен байланысты болуы мүмкін.

Бұл жердегі қарапайым қағида: сенің картаң - тек сенің операцияларыңа арналған.

Онлайн қауіпсіздік: бала нені білуі керек?

Қазіргі заманғы бала алаяқтармен бірінші маңызды қаржылық қызметке қарағанда әлдеқайда ерте бетпе-бет келуі мүмкін. Ойындар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер қаскүнемдерге балалармен байланыс орнатудың көптеген тәсілдерін береді. Тегін ойын заттары мен ойын ішіндегі валюта, «құпия» промокодтар, смартфондардың ұтыстары және жылдам ақша табу ұсыныстары оқушы үшін күтпеген ұтыс туралы классикалық хабарға қарағанда әлдеқайда тартымды көрінеді.

Мысалы, балаға: «Сен ойын валютасын ұтып алдың. Сілтеме бойынша өтіп, аккаунтқа кір» деп жазуы мүмкін. Немесе: «Ақша тапқың келе ме? Күрделі ештеңе жоқ - жай ғана карта нөмірін бер» деуі мүмкінТағы бір нұсқа, танысыңнан: «Тез арада ақша аудар, сосын түсіндіремін» деген хабар келуі мүмкінБұл ретте досыңыздың аккаунты бұзылуы мүмкін.

Бала негізгі ережелерді білуі тиіс: күдікті сілтемелер бойынша өтпеу, парольдер мен растау кодтарын бермеу, банктік және дербес деректерді бермеу, өзінің геолокациясын бейтаныс адамдармен бөліспеу және өзінің қайда екені туралы ақпаратты сол кездегі уақытта жарияламау.

Және ең бастысы: егер бала сілтемені басып өтіп, мәліметтерді хабарласа немесе күдікті операция жасаса, ол ересек адамға дереу айтуы керек, бірақ жағдайды өз бетінше түзеуге тырыспауы керек.

«Анашым, маған тез арада ақша керек»

Ата-аналардың өздеріне бөлек ереже қажет. Егер бала күтпеген жерден мектептен немесе бейтаныс нөмірден хат жазып, тез арада ақша аударуды сұраса, алдымен онымен басқа тәсілмен хабарласыңыз. Егер бұл мүмкін болмаса, сынып жетекшісіне, сыныптастарына немесе жанында болуы мүмкін басқа ересектерге қоңырау шалыңыз.

Заманауи технологиялар аккаунттарды, фотосуреттерді, хабарламалар мен дауысты қолдан жасауға мүмкіндік береді. Сондықтан «алдымен тексереміз – кейін аударамыз» деген отбасылық қағида «бейтаныс адамдармен сөйлеспе» деген сияқты негізгі қағидаға айналуға тиіс.

Тек жақындарыңыз ғана білетін отбасылық құпия сөзді ойлап табуға болады. Егер біреу өзін отбасы мүшесі ретінде көрсетуге тырысып, шұғыл түрде ақша аударуды немесе өзге де көмек көрсетуді сұраған жағдайда, бұл сөздің пайдасы тиеді.

Қаржылық сауаттылықты дәріске айналдырмаңыз

Балалар қағидаларды шынайы жағдайлар арқылы жақсырақ меңгереді. Дүкенде балаға бірдей тауарлардың бағасын салыстыруды ұсыныңыз. Дәмханада – тапсырысты өз бетінше таңдап, белгілі бір соманың шегінен шықпауды үйретіңіз. Мектеп керек-жарақтарын сатып алу кезінде – бірнеше нұсқаның арасынан таңдау жасатыңыз. Егер жасөспірім қымбат затты қаласа, онда бірлесіп жинақтау жоспарын құрыңыз.

Қалта ақшасын шартты түрде үш санатқа бөлуге болады: жұмсаймын, жинаймын, бөлісемін. Қаражатты теңдей бөлу міндетті емес. Оның қағидаты маңызды: ақшаның бәрі алынған бойда бірден жоқ болып кетпеуге тиіс.

Ал егер бала қаржылық қателік жіберсе, шығынның орнын бірден толтыра салғаннан көрі, оны жайбарақат талдаған пайдалырақ. Бүгінгі шағын қателік есейген шақта әлдеқайда елеулі қаржылық қателіктерден аулақ болуға көмектесуі мүмкін.

Ата-аналар басты үлгі болып қала береді

Балаға шығыстарды жоспарлау қажеттілігі туралы қанша айтсаңыз да, егер ересектердің өздері үнемі импульсивті сатып алулар жасаса, кредиттерге «қосымша ақша» көзі ретінде қараса немесе цифрлық қауіпсіздіктің қарапайым қағидаларын елемейтін болса, сөз істен гөрі тиімсіз болады.

Балалар ата-аналардың ақшаға қалай қарайтынын байқайды: бағаны салыстыра ма, қаражат жинай ма, ірі сатып алуларды талқылай ма, отбасылық бюджетті жоспарлай ма және бейтаныс адамдардың қоңыраулары мен хабарламаларына қаншалықты сақтықпен қарайтынын көреді.

Сондықтан баланың қаржылық сауаттылығы бірінші банк картасынан немесе тіпті алғашқы қалта ақшасынан басталмайды. Ол көбінесе отбасының қаржылық іс-қимылынан басталады.

Жаңа оқу жылына арналған бес қағида

Жаңа оқу жылының басында баламен бірге бірнеше қарапайым қағидаттарды бекітіп алған пайдалы:

  • Ақшаның шегі бар, сондықтан шығыстарды жоспарлау қажет.
  • Алынған қаражаттың бір бөлігін кейінге қалдырған жөн, тіпті аз соманың өзі жинақ жасау әдетін қалыптастырады.
  • Сатып алмас бұрын, әрбір «қалаймын» деген заттың бәрі бірдей нақты қажеттілік емес екендігін ойлану керек,
  • Банк картасы және оның деректері — жеке мәліметтер болып табылады, оларды басқа адамдарға беруге болмайды.
  • Интернеттегі күдікті нәрселердің бәрін, әсіресе әңгіме ақша, сілтемелер, кодтар, аударымдар немесе «оңай табыс» туралы болса, алдымен ересектермен талқылаймыз.

Мұның бәрін бір кеште түсіндіру міндетті емес. Қаржылық сауаттылық біртіндеп қалыптасады: қалта ақшасы, бірлесіп сатып алулар, алғашқы жинақтар, шағын қателіктер, әңгімелесу және ата-ананың жеке үлгісі арқылы бекиді.

Жаңа оқу жылы – пайдалы қаржылық әдеттерді қалыптастыруды бастауға жақсы себеп. Мектеп баланы тапсырмаларды орындауға үйретсе, ата-ананың міндеті – оны ақшаны өз бетінше жұмсауға, тәуекелдерді ажыратуға және цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалануға біртіндеп баулу. Бұл дағдылар оған мектеп сыныбынан тыс жерде де өте қажет болады.

Өзіңізді, балаларыңызды қорғаңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

white-arrow Тізімге