Бүгінгі күні микроқарыздар кейбір азаматтар үшін қаржылық мәселелерді шешудің танымал тәсілі болып табылады. Бірақ жылдам ақша алып, қаржыға кенелу перспективасы қаншалықты қызықты болса да, сіз барлық тәуекелдерді есте сақтауыңыз керек. Өйтпеген жағдайда, сіз қарызға белшеңізден батуыңыз мүмкін, ал сіздің кірістеріңіз қарызды төлеуге кетеді.
Осындай жағдайға тап болмас үшін не істеу керек екенін Fingramota.kz -пен бірге қарастырайық.
Шын мәнінде, микрокредитті іс жүзінде кредит десе де болады, тек сомасы аз және өтеу мерзімі қысқа. Мұндай қарыздарды микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) береді. Тиісінше, қарыз алушыларға қойылатын талаптар әлдеқайда төмен, осы себепті жаңа клиенттердің МҚҰ-ға қызығушылығы өте жоғары.
Қазақстандық заңнамаға сәйкес МҚҰ-ы микрокредиттің екі түрін ұсына алады. Бұл:
1) 20 мың АЕК-тен аспайтын мөлшерде қамтамасыз етумен не қамтамасыз етусіз жеке және (немесе) заңды тұлғаларға берілетін микрокредиттер;
2) 50 АЕК-тен аспайтын сомаға және 45 күнтізбелік күнге дейінгі мерзімге жеке тұлғаларға берілетін микрокредиттер.
Алайда, егер сіз микрокредит алуды шешсеңіз де, алдымен ұйымның өз атауында «микроқаржы ұйымы» деген сөз тіркесі бар екеніне көз жеткізіңіз. Өз қауіпсіздігіңіз үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) сайтында МҚҰ-ның тиісті лицензиясы бар ма, жоқ па екенін тексеріңіз.
Ұйымды тексергеннен кейін кредиттік шартты зерделеп, сыйақы мөлшерлемесінің мөлшеріне назар аударыңыз: 50 АЕК дейінгі сомаға және тек жеке тұлғаларға берілетін 45 күнге дейінгі қысқа мерзімді микроқарыздар бойынша МҚҰ сыйақының номиналды мәнін көрсетуге міндетті. 30 АЕК-ке дейінгі мөлшердегі микрокредит бойынша сыйақы қарыз сомасының 20%-ынан аспауға тиіс, 30-дан 50 АЕК-ке дейінгі мөлшердегі микрокредит бойынша – 15%-дан аспауға тиіс. Бұл ретте, МҚҰ күніне кемінде 1% өндіріп алуға құқылы. Сондай-ақ шартта сыйақы сомасын ескере отырып, микрокредиттің нақты құнын көрсететін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері көрсетіледі. Мұндай микрокредит бойынша артық төлемнің жалпы мөлшері қарыз сомасының 50%-ынан аспауға тиіс.
Қалған микрокредиттер бойынша шартта жылдық мәндегі сыйақы мөлшерлемесі, сондай-ақ жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі көрсетіледі, ол 56%-дан аспауға тиіс. Осы деректердің барлығын, сондай-ақ өтеу сомасын, мерзімін, әдісі мен тәсілін, шарт бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін айыпақы мен артық төлем мөлшерін МҚҰ шарттың титулдық парағында көрсетуге міндетті екенін айта кету керек.
Кредитті ресімдеу кезінде сауалнамаға назар аударыңыз – МҚҰ олардың төлемі микрокредиттің қорытынды сомасынан ұсталатын етіп қосымша қызметтер туралы тармақтарға белгі қоюы мүмкін. Егер сіз осы кезеңде қажет емес тармақтарға мән бермеген болсаңыз, оларды шарттан таба аласыз – сондықтан оны мұқият оқып шығу керек.
Сондай-ақ, 45 күнге 50 АЕК дейінгі қысқа мерзімді микрокредит көбінесе бөліктермен емес, микрокредиттің қолданылу мерзімінің соңында біржолғы төлеммен өтелетінін ұмытпаңыз.
МҚҰ-ның төлемді кешіктіру жағдайында қандай санкциялар салатынын міндетті түрде нақтылап алыңыз. Заң бойынша айыппұл мөлшері әрбір төлем мерзімі өткен күн бойынша орындалмаған міндеттемелер сомасының 0,5%-ынан аспауға тиіс.
Микроқарыз бойынша төлем мерзімі өткен берешек болса, не істеу керек
Егер сізде микрокредит бойынша төлем мерзімі өткен берешегіңіз бар болса, МҚҰ-мен байланыстан қашпай, керісінше олармен байланысқа шығып, теріс салдардың алдын алуға болады. Төлем мерзімін өткізіп алған кезде МҚҰ сізді осы туралы 20 күн ішінде хабардар етуге, сондай-ақ төлем мерзімінің өтіп кетуі туындаған күннен бастап 30 күн ішінде микроқарызды реттеу бойынша ұсыныспен ұйымға жүгіну құқығы туралы хабардар етуге міндетті.
МҚҰ-ға берешекті реттеуге өтінішті бере отырып, оның туындау себептері туралы хабарлаңыз және кірістер, шығыстар туралы мәліметтерді және өзге де растайтын деректерді ұсыныңыз. Ұйым сіз ұсынған ақпаратты зерделеуге және өзінің шешімі туралы өтінішті алған күннен бастап 15 күн ішінде жазбаша нысанда немесе шартта көзделген өзге тәсілмен хабарлауға міндетті. Егер сіз МҚҰ-мен өзара тиімді шешімге келсеңіз, шартқа өзгерістерді ұйым келесі күнтізбелік 15 күн ішінде енгізуге міндетті, осыдан кейін сіз микрокредитті өтеудің жаңа кестесін аласыз.
Егер МҚҰ сізге берешекті реттеуден бас тартса немесе өзара тиімді шешімге қол жеткізілмесе, сіз Агенттікке кредиторға жүгіну бойынша дәлелдерді ұсына отырып жүгінуге құқылысыз. Сіздің өтінішіңіздің негізінде Агенттік МҚҰ-ға құжаттамалық тексеру жүргізеді және кредитордың берешекті реттеу бойынша заңнамалық талаптарды шын мәнісінде сақтаған не сақтамағанын зерделейді.
Осындай кредиттік міндеттемелерге жеңіл қарамаңыз, кредитті бірінен кейін бірін ресімдемеңіз, одан да өзіңіздің шығындарыңызды шектеңіз және шығыстарыңызға талдау жасаңыз. Өмірде әр түрлі жағдайлар болады, ертеңгі күні МҚҰ-ға жүгініп қалуыңыз да мүмкін. Алайда өзіңізді қаржылық қормен қамтамасыз етіңіз, жүйелі түрде әр жалақыңыздан белгілі бір соманы алып қалуды әдетке айналдырыңыз, бұл кездейсоқ орын алатын шығыстар жағдайында сіздің қорыңыз болып табылады. Бір сөзбен айтқанда микроқарыз алмаңыз. Егер сіз әбден қарызға батып қалсаңыз, ол сізді құтқармайды, керісінше сіздің жағдайыңызды одан әрі қиындатып жібереді. Алған микрокредитіңізді қайтаруды ұмытпаңыз, ол сізге берілген сыйлық не сізге жасалған қайырымдылық емес екенін естен шығармаңыз. Микрокредит алған екенсіз, оны заң талаптарына сәйкес өтеу керек екенін де ұмытпаңыз.
Өзіңізді, ақшаңызды сақтаңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!
Фишинг, дипфейктер және QR-код: интернет-алаяқтар арасында қандай схемалар кең тараған
Жинақ күні: ақша жинауды және қаржылық мақсаттарға жетуді қалай үйренуге болады
Міндетті автосақтандыру: 2024 жылы ең жоғары төлем мөлшері қандай
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Қызылорда облысы кенішіндегі көшпелі дәріс
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт