Микрокредит алғыңыз келе ме? Шартты оқыңыз!

time 17.01.2020

Микрокредит алғыңыз келе ме? Шартты оқыңыз!

Қазақстанда 2020 жылдан бастап микрокредит беру туралы шартта не өзгергенін Fingramota.kz айтып береді.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) қызметін реттеуді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүзеге асырады. Бұл микрокредиттерді енді микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда алуға болады дегенді білдіреді. Ондай ұйымдарға бұрынғы МҚҰ-дан басқа қолданыстағы заңнамаға сәйкес есептік тіркеуден өткеннен кейін ломбардтар, кредиттік серіктестіктер, сондай-ақ онлайн-кредиттеу компаниялары жатады.

МҚҰ қызметін реттеу:

- қарыз алушылардың құқықтары мен мүддесінің реттелмейтін кредиторлар тарапынан бұзылуының алдын алу үшін;

- тұтынушылық кредиттеудің бақылаусыз өсу проблемаларын шешу үшін;

- тұтынушылық кредиттеу нарығындағы жүйелік проблемаларды жою мақсатында қажет.

Өкінішке орай, қарыз алушылар көбіне шарттың талаптарын мұқият зерделеместен, ықтимал тәуекелдерді бағаламастан, шарт бойынша міндеттемелерді орындамаған жағдайдағы салдардың қаншалықты қиындығын түсінбестен қол қоя салады.

Сондықтан да МҚҰ-ның микрокредит беру туралы шартына қол қойған кезде оны мұқият оқу қажет!

Микрокредит беру туралы шартта неге назар аудару қажет? 

Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар (микроқаржы ұйымдары, ломбардтар, кредиттік серіктестіктер, сондай-ақ онлайн-кредиттеу компаниялары) үшін шарттың міндетті талаптары белгіленді. Олардың ішінде:

1) титул парағы;

2) шарттың жалпы талаптары;

3) қарыз алушының құқықтары;

4) ұйымның құқықтары;

5) ұйымның міндеттері;

6) ұйым үшін шектеулер;

7) тараптардың міндеттемелерді бұзғаны үшін жауапкершілік;

8) шарт талаптарына өзгерістер енгізу тәртібі.

Микрокредит беру туралы шарттың барынша маңызды талаптарын көрсету үшін титул парағы көзделген, ол шарттың бірінші парағы болып табылады және микрокредиттің талаптарын, сомасы мен мерзімін, сыйақы мөлшерлемесін, сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін, алдын ала төлеу сомасын, өтеу әдісі мен тәсілін, сондай-ақ шарт бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұл, өсімпұл) мөлшерін қамтиды.

Микрокредит бойынша алдын ала төлеу сомасы – бұл сыйақы, тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) сомаларын қоса алғанда, микрокредиттің мәнін қоспағанда қарыз алушының шарт бойынша барлық төлемінің сомасы. Бұл ұғым жеке тұлға қарыз алушының бастапқыда микрокредит бойынша негізгі борышты өтеуден басқа, тағы қандай соманы төлеуді білуге тиіс құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында енгізіледі, бұл кейіннен микрокредитті өтеу бойынша міндеттемелерді барынша жауапты түрде қабылдауға ықпал ететін болады.

Қарыз алушыға таңдап алу үшін міндетті түрде ресімделетін микрокредитті өтеудің мынадай тәсілдері ұсынылады:

сараланған төлемдер әдісі, бұл ретте микрокредит бойынша берешектерді өтеу негізгі борыш бойынша төлемдердің тең сомаларын және негізгі борыштың қалдығы кезеңіне есептелген сыйақыны қамтитын азайтылып отыратын төлемдермен жүзеге асырылады;

аннуитеттік төлемдер әдісі, бұл ретте микрокредит бойынша берешектерді өтеу негізгі борыш бойынша ұлғайтылып отыратын төлемдерді және негізгі борыштың қалдығы кезеңіне есептелген сыйақы бойынша азайтылып отыратын төлемдерді қамтитын микрокредиттің бүкіл мерзімі ішінде тең төлемдермен жүзеге асырылады. Бірінші және соңғы төлем мөлшерлері бір-бірінен ерекшеленуі мүмкін.

Микрокредиттер беру қағидаларына сәйкес есептелген микрокредитті өтеу кестесінің басқа да қосымша жобалары ұсынылуы мүмкін.

Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымға қандай іс-әрекеттер жасауға тыйым салынған?

1) біржақты тәртіппен сыйақы мөлшерлемесін өзгертуге (мөлшерлемені төмендету және (немесе) микрокредитті өтеу тәсілдері мен әдістерін өзгерту жағдайларын есептемегенде);

2) микрокредит бойынша сыйақыны және тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) есептемегенде, кез келген басқа төлемдерді белгілеуге және қарыз алушыдан өндіруге;

3) ұйымға микрокредит сомасын мерзімінен бұрын толық немесе ішінара қайтарған жеке тұлға болып табылатын қарыз алушыдан микрокредитті мерзімінен бұрын қайтарғаны үшін тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) және басқа төлемдерді талап етуге;  

4) микрокредит беру туралы шарт бойынша микрокредит сомасын ұлғайтуға;

5) егер негізгі борышты немесе сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күніне, және сыйақыны немесе негізгі борышты төлеу одан кейін келетін жұмыс күніне келетін жағдайда тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) өндіріп алуға;

6) кез келген басқа валюталық баламасына байланыстырып теңгемен берілген микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелер мен төлемдерді индексациялауға.

Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның міндеті:

1) шарт бойынша ұйымның құқықтары (талаптары) үшінші тұлғаға ауысу талаптарын қамтитын шарт жасаған кезде (бұдан әрі –талап ету құқығын басқаға беру шарты) қарыз алушыны (немесе оның уәкілетті өкілін):

– талап ету құқығын басқаға беру шартын жасағанға дейін құқықтардың (талаптардың) үшінші тұлғаға ауысу мүмкіндігі, сондай-ақ мұндай басқаға беруге байланысты қарыз алушының дербес деректерін шартта көзделген не ҚР заңнамасына қайшы келмейтін тәсілмен өңдеу туралы хабардар ету;

– қарыз алушыны микрокредитті өтеу бойынша бұдан былайғы төлемдердің мақсатын, берілген құқықтардың (талаптардың) толық көлемін, сондай-ақ негізгі борыштың мерзімі өткен және ағымдағы сомаларының қалдықтары және төленуі тиіс басқа сомаларды көрсете отырып, талап ету құқығын үшінші тұлғаға (шарт бойынша құқық (талап ету) ауысқан тұлғаның атауы және орналасқан жері) беру шартын жасаған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде шартта не ҚР заңнамасына қайшы келмейтін тәсілмен құқықтардың (талаптардың) үшінші тұлғаға ауысуы туралы хабардар ету;

2) ұйым шартта көзделген тәртіппен жақсарту жөніндегі талаптарды қолданған жағдайда қарыз алушыны шарт талаптарының өзгергені туралы хабардар ету;

3) тараптар қол қойған шартқа микрокредитті өтеу кестесін қоса беру.

Қарыз алушының ақшалай міндеттемелері сомасының (мөлшерінің) және (немесе) оларды төлеу мерзімінің өзгеруіне әкеп соғатын микрокредиттің шарттары өзгерген кезде, ұйым жаңа шарттарды ескере отырып, микрокредитті өтеудің жаңа кестесін жасайды және қарыз алушыға береді. 

Қарыз алушы ретінде сіз: 

1) микрокредиттерді беру қағидаларымен және микрокредиттер беру жөніндегі ұйымның тарифтерімен танысуға;

2) алынған микрокредитке шартта белгіленген тәртіппен және талаптармен иелік етуге;

3) егер негізгі борышты және (немесе) сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күніне сәйкес келген жағдайда, негізгі борышты және (немесе) сыйақыны тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) төлемей, одан кейінгі жұмыс күні төлеуге;

4) ұйымға шарт бойынша берілген микрокредит сомасын тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) төлеместен, мерзімінен бұрын толық немесе ішінара қайтаруға;

5) алынған қызметтер бойынша даулы жағдайлар туындаған кезде ұйымға жазбаша өтініш жасауға;

6) Заңның 9-1-бабының 4 және 5-тармақтарында көрсетілген тұлғамен келіспеушіліктерді реттеу үшін осы қарыз алушымен жасалған шарт бойынша құқықтарды (талап ету) басқаға берген жағдайда банк омбудсманына жүгінуге құқылысыз.

white-arrow Тізімге