Назар аударыңыз! Алаяқтар хабарламамен шабуылдайды: белгісіз eSIM сұраныстары немен қауіпті

time 10.08.2026

Алаяқтарға смартфонды бұзу, құпиясөзді табу немесе зиянды бағдарлама орнату әрдайым қажет бола бермейді. Кейде адамның өзін керекті әрекетті жасауға көндірсе жеткілікті.

Осындай айла-тәсілдің бірі — байланыс операторының жеке кабинетіне кіру немесе eSIM ресімдеу туралы бірнеше мәрте сұраныс жіберу. Телефонға өзі жасамаған әрекетті растауды сұрайтын хабарламалар бірінің артынан бірі келе береді.

Бірінші сұранысты адам қабылдамайды. Екіншісін де солай. Ал бесінші не оныншы хабарламада зейін бәсеңдеп, ашу-ыза пайда болады да, пайдаланушы мазалаған хабарламадан құтылу үшін «Растау» түймесін ойланбастан басып жіберуі мүмкін.

Қылмыскерлердің көздегені де — нақ осы қателік. Fingramota.kz-пен бірге мұны толығырақ қарастырайық.

Алаяқтар құрылғыға емес, адамның зейініне шабуыл жасайды

Алаяқтықтың бұл түрі әлеуметтік инженерия әдістеріне жатады. Оның ерекшелігі — қаскүнем техникалық қорғанысты айналып өтуге емес, пайдаланушының мінез-құлқына ықпал етуге тырысады.

Мұнда хабарламадан шаршату деп аталатын тәсіл қолданылады: адамға біркелкі сұраныстарды үсті-үстіне жіберіп, ол ерте ме, кеш пе, хабарламаның мазмұнын мұқият оқуды қойып, бөтен әрекетті растайды деп есептейді.

Мына жағдайды елестетіңіз. Сіз жұмыс үстіндесіз, көлік жүргізіп келесіз немесе біреумен сөйлесіп тұрсыз. Смартфонға оператордың жеке кабинетіне кіру әрекеті туралы хабарлама келеді. Сіз «Қабылдамау» түймесін басасыз. Бірнеше минуттан кейін сұраныс қайта шығады, сосын тағы да. Бір сәтте байқамай басқа түймені басып қаласыз.

Шабуылдың жалғасуы үшін кейде осындай бір ғана әрекет те жеткілікті.

eSIM алаяқтарды неге қызықтырады

eSIM — бұл әдеттегі SIM-картаның сандық баламасы. Пайдаланушы үшін технология қолайлы: физикалық SIM-картаны салудың қажеті жоқ, нөмірді қашықтан қосуға болады.

Алайда нөмірмен қашықтан жасалатын осы мүмкіндікті қаскүнемдер өз пайдасына жаратқысы келеді.

Егер алаяқтар телефон нөмірін немесе абоненттің тіркелгісін өз бақылауына алса, тәуекел ұялы байланыс шеңберімен ғана шектелмейді. Бүгінде телефон нөмірі көптеген сандық қызметпен байланысты: электрондық поштамен, мессенджерлермен, әлеуметтік желілермен және басқа да жеке тіркелгілермен.

Сондықтан нөмірді бақылауға алу түпкі мақсат емес, ауқымды шабуылдың алғашқы қадамы болуы мүмкін.

Мысалы, содан кейін қаскүнемдер басқа қызметтердің құпиясөзін қалпына келтіруге, мессенджерлерге кіруге, таныстарының алдында нөмір иесі болып көрінуге немесе алынған мәліметті одан әрі алаяқтық үшін пайдалануға әрекеттенуі мүмкін.

Мынаны ұғу маңызды: күтпеген хабарламаның өзі алаяқтар деректеріңізге қол жеткізді дегенді білдірмейді. Қауіп пайдаланушы өзі бастамаған әрекетті растағанда немесе қаскүнемдерге қосымша мәлімет бергенде туындайды.

Айла-шарғы қалай көрінуі мүмкін

Айталық, адамға қатарынан бірнеше рет eSIM ресімдеу туралы сұраныс келеді. Ол оларды қабылдамайды.

Біраз уақыттан кейін телефон шырылдайды:

— Қайырлы күн, сіздің SIM-картаңызды қайта шығаруға күдікті әрекеттер жасалып жатқанын байқап отырмыз. Операцияны тоқтату үшін қазір хабарлама келеді. «Растау» түймесін басыңыз.

Шындығында қоңырау шалып тұрған — оператор емес. Алаяқ адамның бойында пайда болып үлгерген үрейді пайдаланады. Пайдаланушы кезекті сұранысты көреді де, алаяқтық операцияны тоқтатып жатырмын деп ойлап, оны өз қолымен растайды.

Басқа сценарий де болуы мүмкін. Хабарламалар легінен кейін оператордың қауіпсіздік қызметінен келгендей болып, «тіркелгіні тексеру» үшін сілтеме жіберіледі. Жалған бетте пайдаланушыдан жүйеге кіру, құпиясөзді немесе өзге деректі енгізу сұралады.

Нәтижесінде бірнеше сатылы шабуыл шығады: алдымен адамды хабарламамен әбден жалықтырады, сосын қорқытады, содан кейін «мәселенің шешімін» ұсынады.

Сұранысты «әйтеуір бір керек болар» деп растауға неге болмайды

Сандық қауіпсіздіктің қарапайым ережесі бар: әрекетті өзіңіз бастамасаңыз — оны растамаңыз.

eSIM ресімдемесеңіз — шығаруды растамаңыз. Жеке кабинетке кірмесеңіз — кіруге рұқсат бермеңіз. Құпиясөзді өзгертпесеңіз — өзгерісті растамаңыз. Қолжетімділікті қалпына келтіруді сұрамасаңыз — келген кодты енгізбеңіз.

Тіпті одан кейін өзін ұялы байланыс операторының, банктің немесе қауіпсіздік қызметінің қызметкерімін деп таныстырған адам қоңырау шалса да.

Әсіресе «Операцияны тоқтату үшін сұранысты растаңыз» деген сөйлем қауіпті. Егер әрекет шынымен сізден шықпаған болса, алдымен ұйымның ресми арнасы арқылы өзіңіз хабарласыңыз.

Сұраныстар бірінің артынан бірі келе бастаса, не істеу керек

Түймелерді ойланбай басып, хабарламадан құтылуға тырыспаңыз. Әр хабарламаның мазмұнын зейін қойып оқыңыз және өзіңізге беймәлім операцияларды қабылдамаңыз.

Содан соң байланыс операторына өзіңіз хабарласыңыз — ресми сайтты, мобильді қосымшаны немесе қолдау көрсету қызметінің нөмірін пайдаланыңыз. Тіркелгіге кіру, eSIM шығару немесе нөмір параметрлерін өзгерту әрекеттері тіркелген-тіркелмегенін нақтылаңыз.

Оператордың жеке кабинетіндегі қауіпсіздікті тексеріңіз. Қажет болса, құпиясөзді ауыстырыңыз, беймәлім белсенді сеанстарды аяқтаңыз және қолжетімді болса, қорғаныстың қосымша тәсілдерін іске қосыңыз.

Сондай-ақ осы нөмірмен байланысты электрондық поштаны, мессенджерлерді және басқа да маңызды тіркелгілерді тексерген жөн.

Ал байқаусызда «Растау» түймесін басып қойсаңыз ше?

Мұндайда бұзу белгілерін күтпей, бірден әрекет еткен дұрыс. Ең алдымен ұялы байланыс операторына хабарласу қажет және eSIM-нің рұқсатсыз шығарылуы немесе жеке кабинетке бөтен адамның кіруі мүмкін екенін айту керек. Нөмірдің мәртебесін тексеруді және күдікті операцияларды бұғаттауды сұраңыз.

Егер нөмір ешбір себепсіз кенет жұмысын тоқтатса — желі жоғалып, қоңырау шалу немесе хабарлама алу мүмкін болмаса — бұл да операторға дереу хабарласуға негіз.

Бақылауды қайтарғаннан кейін маңызды тіркелгілердің құпиясөзін ауыстырыңыз — ең алдымен электрондық поштаның және басқа тіркелгілерге қолжетімділікті қалпына келтіруге болатын қызметтердің. Кіру тарихын қарап шығып, бейтаныс сеанстарды аяқтаңыз.

Егер банк шоттарына немесе карталарға қатысты күдікті операциялар байқасаңыз, ресми арналар арқылы өз банкіңізге бірден хабарласу керек.

Мұндай айла жүзеге аспауы үшін ең бастысын есте сақтаңыз:

  • Өзіңіз бастамаған әрекеттерді растамаңыз.
  • SMS-кодтарды, құпиясөздерді және өзге деректерді телефон арқылы да, мессенджерлер арқылы да ешкімге бермеңіз.
  • SIM-картаны немесе тіркелгіні шұғыл бұғаттау туралы хабарламалардағы сілтемелерді ашпаңыз.
  • Беймәлім сұраныстар легі келсе, ұялы байланыс операторына өзіңіз хабарласыңыз.
  • Қысым астында әрекет етпеңіз. Сізді неғұрлым қатты асықтырса, бұғаттаумен қорқытса немесе бірдеңені қазір растауды талап етсе, тоқтап, ақпаратты тексеру соғұрлым маңызды.

Қазіргі алаяқтық барған сайын адамның өзін нысана етіп отыр. Қаскүнемдер асығыстықты, қорқынышты, сенімді, шаршағандықты және хабарламаға ойланбай басып кету әдетін пайдаланады. Сондықтан растау туралы әрбір күтпеген сұранысқа ақша аудару туралы сұранысқа қараған сияқты мұқият қараңыз.


Өзіңізді және ақшаңызды қорғаңыз, Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

white-arrow Тізімге