Неліктен бұдан былай кредиттер бірден берілмейді: «шешім қабылдау кезеңі» туралы

time 27.11.2025

2025 жылғы 30 қыркүйектен бастап біздің елімізде онлайн тұтынушылық кепілсіз   қарыздар беру кезінде «шешім қабылдау кезеңі» деп аталатын жаңа тетік іске қосылды. 

Аталған тетік қарыз алушыға шарт жасасқаннан кейін қаражат аударуды кешіктіруді көздейді: ақша тек күту кезеңі аяқталғаннан кейін және клиент тарапынан қарыз алу ниетін қайта растағаннан кейін ғана аударылады. 

Fingramota.kz бұл адамдардың кредиттер рәсімдеу кезіндегі мінез-құлқына қалай әсер ететінін, алаяқтық кредиттер ресімдеудің алдын алуға қалай көмектесетінін және жаңа тетік қарыз алушылардың қай санатына қолданылатыны жөнінде айтып береді.

«Шешім қабылдау кезеңі» қалай жұмыс істейді 

Бұрын көптеген адамдар қарызды тез, ойланбастан немесе басқа адамның қысымымен алып, алаяқтардың құрығына түсіп жатқан. Жаңа тетік мұндай оқиғаларға ұрынбаудың алдын алуға көмектеседі. Бұл қосымша «сақтандыру» сияқты және кредит алмас бұрын ойлануға берілетін  мүмкіндік. Бұдан былай мұндай «саңылаудың» арқасында адамдар өз шешімдерін қайта қарап, кредит алудан бас тарта алады.  

«Шешім қабылдау кезеңінің» ұзақтығы қарыз сомасына байланысты: 

150 АЕК-тен 255 АЕК-ке дейінгі қарыздар үшін (589 800 теңгеден
1 002 660 теңгеге дейін) - алаяқтық қаупі жоғары болған кезде кемінде 
8 сағат. 

Неғұрлым ірі қарыздар үшін, яғни 255 АЕК-тен жоғары (~1 002 660 теңгеден астам), сондай-ақ 75 АЕК-тен жоғары (~294 900 теңге) микрокредиттер үшін - кемінде 24 сағат. 

Ақшаны қарыз алушы келіскеннен кейін ғана аудару: «шешім қабылдау кезеңі» аяқталғаннан кейін қарыз алушы «электрондық үкіметтің» веб-порталында кредиттік бюрода ресімделген келісімді беру арқылы не кредиторды ақпараттандыру нысандары арқылы қарыз алу ниетін растауға тиіс.

Қарыз алушының бас тартуы: егер «шешім қабылдау кезеңі» ішінде қарыз алушы қарыздан бас тарту туралы шешім қабылдаса, шарт жойылады және кредитор ақша аударуды жүргізбейді.

«Шешім қабылдау кезеңі» қандай қарыздарға қолданылады 

Бұл қағида тек тұтынушылық кепілсіз онлайн-қарыздар үшін жарамды. 

Ол тауарлық (яғни тауар сатып алу үшін алынған кредиттер) кредиттерге қолданылмайды.

Егер 150 АЕК лимитінен аспаса, кредиттік карта шеңберіндегі қарыздарға қолданылмайды. 

Ол сондай-ақ ішкі қайта қаржыландыруға (яғни, егер қарыз сол ұйым шеңберінде қайта қаржыландырылса) қолданылмайды. 

Бір күнде бірнеше қарыз: егер қарыз алушы бір күн ішінде бірнеше кредит рәсімдеген болса және олардың жалпы сомасы лимиттерден асып кетсе, шешім қабылдау кезеңі бәрібір міндетті болып табылады. 

Балама нұсқа – өзі барып өтініш жасау: егер ақша шұғыл қажет болса, қарыз алушы онлайн арқылы емес, банк бөлімшесіне немесе МҚҰ-ға бара алады – онда шешім қабылдау кезеңі міндетті емес. 

Бұл тетік  не үшін енгізілді 

Ең алдымен, қарыз алушылардың қорғанысын арттыру, адамдарға ойластырылған шешім қабылдауға уақыт беру және асығыс және қауіпті кредиттерден аулақ болу. 

Алаяқтық қаупін азайту. Көбінесе жылдам онлайн-қарыздарды алаяқтар пайдаланады – шешім қабылдау кезеңі бұл тәуекелді азайтады. 

Қаржылық жауапкершілікті күшейту. Қарыз алушы кредиттің өзіне шынымен қажет пе екендігін бағалай алады және егер ол өз ойын өзгерткен болса, бас тарта алады. 

Банк қызметтерінің ашықтығын арттыру. «Шешім қабылдау кезеңімен» қатар банктер өз сайттарында төлемдерді есептеуге арналған калькуляторларды орналастыруға және толық өтелгеннен кейін берешектің жоқ екені туралы анықтама беруге міндетті.  

Бұл онлайн қарыздар нарығына қалай әсер етуі мүмкін

Енді кредиттерді онлайн режимде «бірден» беру мүмкін болмайды – ақша шотқа бірден емес, 8-24 сағаттан кейін түседі.

Бұл «импульсивті» өтінімдердің санын азайтып, жылдам қарыздардың жалпы санын азайтуы мүмкін.

Ойлану кезеңі адамдардың кейбірінің шешімін өзгертуге және кредиттен бас тартуға әкелуі мүмкін, бұл берілген онлайн-қарыздардың жалпы көлемін азайтады.

Қарыз алушы не істеуі керек

Егер сіз онлайн қарыз алуды жоспарласаңыз 

Жаңа режимді ескеріңіз: шартқа қол қойылғаннан кейін автоматты түрде ақша түседі деп күтпеңіз — ақша «шешім қабылдау кезеңі» аяқталғаннан кейін және сіздің растауыңыздан кейін ғана түседі.

Шешімді таразылаңыз: осы уақытты кредит талаптарын (пайызы, мерзімі, төлемдері) қайта қарау үшін пайдаланыңыз, басқа ұсыныстар іздеп көріңіз.

Бас тартудан қорықпаңыз: егер сіз ойыңызды өзгерткен болсаңыз — шешім қабылдау кезеңінде ешбір шығынсыз қарыздан бас тартуға құқығыңыз бар.

Егер шұғыл қажет болса: жаңа тетік қолданылмайтын банк немесе МҚҰ кеңсесіне жүгіну нұсқасын қарастыруға болады.

Қаржыңызды жоспарлаңыз: аударымның кешігуіне байланысты өтінім беру мен нақты ақша алу арасындағы уақытты алдын ала есептеу қажет.

Қаржылық сауатыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!

white-arrow Тізімге