«Fingramota Online» мобильді қосымшасының «Қаржылық пирамидалар және қаржылық алаяқтық» бөлімі арқылы қаржылық қызметтерді тұтынушылар қаржылық пирамидалар туралы ғана емес, сонымен бірге олар кездестірген әртүрлі күмәнді схемалар туралы да айтады.
Соңғы айда алаяқтықтың үш түрі бойынша ақпарат келіп түсті. Fingramota.kz олардың әрқайсысын толығырақ қарастырып, қаскөйлерің тұзағына түспеу туралы кеңестер береді.
Жалған кредиттер
«Менің атым Сергей, мен кредитті рәсімдеу бойынша кеңесшімін. Біз kazahcredit жеке қорынан боламыз. Бізде 1 сағат ішінде 300 мыңнан 6 млн теңгеге дейін соманы рәсімдеуге болады. Мөлшерлемесі жылдық 13%. Мерзімі 5 жылға дейін. Ақшаны картаға, әмиянға алуға болады», - мұндай жіберілімді WhatsApp немесе Telegram арқылы 2022 жылғы сәуірде Қазақстанның бір өңірінің тұрғындары +370-тен басталатын нөмірден алды (бұл Литваның телефон коды).
Осы «қордың» өкілдері өздерінің жарнамаларында кредиттік тарихтың нашарлығына және басқа банктердегі мерзімін өткізіп алуларға қарамастан барлық клиенттермен жұмыс жасайтындықтарын айтты.
Кері байланыс алу үшін алаяқтар «Сіздің аты-жөніңіз?», «Сізді қандай сома қызықтырады?» деген сауалдар қояды. Яғни, алаяқтар жедел түрде ақшаға мұқтаж әлеуетті клиенттерді диалогқа тартуға тырысады. Көптеген азаматтар күдікті нөмірді бұғаттап, хабарламаны елемеуі мүмкін, бірақ кейбіреулері оған жауап береді. Содан кейін алаяқтар құрбанның нөмірін өз базасына сақтап, нүктелік шабуыл жасай бастайды.
Жалған кредиттерді жедел тез әрі оңай рәсімдеу - қаржылық алаяқтықтың бір түрі. Оның мәні - адамдарға көп күш жұмсамай кредит алуға кепілдік берілетініне сену. Кредитті қашықтан және ең аз құжаттар пакетімен рәсімдеуге болатындығы тартымды. Азаматтар алаяқтарға қажетті ақпаратты бергеннен кейін, қаскөйлер оны жалған кредиттерді ресімдеу, онлайн немесе мобильдік банкингтегі жеке кабинетті бұзу үшін пайдалана алады, осылайша басқаның банктік шоттарына толық қол жеткізе алады.
Алаяқтар сонымен қатар «жеңілдікті» кредит үшін алдын ала төлем жасауды ұсынуы мүмкін. Оларға кредиттік ұйымдардағы көмекшілердің бірінің қызметтерін төлеу, жеке кредиттік есептегі ақпаратты өзгерту және т.б. үшін ақша қажет. Қалаған нәрсені алғаннан кейін олар көзден ғайып болады.
Қаскөйлер сенімді көріну мақсатында қол қою үшін сізге қарыз шартын жібере алады. Бірақ шартта, мысалы, сіз оларға ақшаны қайырымдылық мақсатында өтеусіз негізде жіберетініңіз көрсетілуі мүмкін. Сондықтан сізге қол қою үшін берілген барлық нәрсені оқу өте маңызды. Есіңізде болсын, алаяқтарға ойлануға уақыт беруге болмайды, олар керемет психологтар, айла-шарғы жасаушылар және сіз қағаздарға тезірек қол қойып, оларға ақша беру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.
Тағы нені білу керек?
Есіңізде болсын, Қазақстанда ешқандай жеке кредиторлар жоқ! Және бірде-бір қаржы ұйымы үшінші тұлғалар арқылы кредиттер бермейді!
Халыққа қарыз беруге құқығы бар ұйымдар – бұл банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар (МҚҰ, кредиттік серіктестіктер, ломбардтар, онлайн-кредиторлар), мұндай кредиттік ұйымдарда міндетті түрде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы болуы керек. Қаржылық және микроқаржылық ұйымдардың лицензиясын қаржы реттеушісінің www.gov.kz. сайтынан тексеруге болады.
Сондай-ақ, қарыз алушы мен кредитордың арасында кредит алуға көмектесетін әлеуетті делдалдардың болмайтынын есте ұстаған жөн. Яғни, кредит тарихыңыздың нашар болуына қарамай, Сізге осындай қарыз ресімдеуге кепілдік беретін адам алаяқ болып шығуы әбден ықтимал. Алаяқтар дербес кредиттік есептегі ақпаратты қалыпқа келтіру бойынша қызметтерді ұсынулары мүмкін.
Алайда, іс жүзінде Қазақстандағы екі кредиттік бюроға: Мемлекеттік кредиттік бюро және Бірінші кредиттік бюроға жеке компаниялардың қолжетімділігі жоқ, яғни олардың кредиттік есепті түзетуге, мерзімін өткізіп алу туралы ақпаратты жоюға, яғни кредиттік тарихты «қайта жазуға» мүмкіндіктері жоқ.
Тағы бір ескеретін жағдай – алаяқтар заманауи технологиялардың көмегімен кез келген телефон нөмірін қолдан жасай алады, сондықтан ақша мәселесі ғана қызықтыратын бейтаныс адамдарға сенбеңіз.
Қауіпті сауалнамалар
Алаяқтар әлі де фишингтік сайттарда адамдарды жалған сауалнамалармен алдап келуде. «Fingramota Online» пайдаланушысы 100 мың теңге сома субсидия ұсынылатын Қазақтелекомның сайтына апаратын сілтеме жіберді делік. Оны алу үшін төрт қарапайым сұраққа жауап беру қажет, жүлде қорабын таңдап, сайтқа дербес деректеріңізді енгізіп, сілтемені достарыңыз бен таныстарыңыздың арасында таратуыңыз керек.
Fingramota.kz осыдан бұрын алаяқтықтың мұндай түрі туралы жазған. Алаяқтар интернетте азаматтарға сауалнамадан өту үшін 100 мың теңгеден ұсынып, танымал екі банктің атынан ұтыс ұсынумен сауалнамаға сілтемелер таратқан. Шын мәнінде, тек сыртқы «қапталуы» ғана өзгеріп, «ішіндегісі» өзгеріссіз қалған.
Фишингтік бетте алаяқтар қазақстандық телекоммуникация операторының логотипін, сондай-ақ компания қолданатын түстер реңдерін пайдаланған. Алайда мұқият пайдаланушылар сауалнама Қазақтелекомның ресми интернет-ресурсында жүргізілмейтінін, сайттың домені түсініксіз әріптер мен сандардан тұратынын байқайды. Сонымен қатар, сауалнамадан кейін шетелдік аты-жөндерімен пайдаланушылардың пікірлері келтірілген, бұл фейктің айқын белгісі. Сондықтан мұндай пікірлерге сенбеңіз.
Тағы нені білу керек?
Мына алаяқтық парақта, егер сіз белсенділік танытып жай ғана қызығушылықпен сауалнамаға қатыссаңыз, сіздің IP-мекенжайыңыз сақталуы мүмкін.
Осы ақпаратты пайдалана отырып, интернет-алаяқтар:
- сіз қай қалада тұратыныңызды, провайдеріңіздің кім екенін анықтауы;
- сіз туралы мүмкіндігінше көп ақпарат табу үшін интернеттегі әрекеттеріңізді бақылауы;
- кейбір сайттарды фишинг көшірмелеріне және басқаларына ауыстыру арқылы Желіге кіру параметрлерін өзгертуі мүмкін.
Егер сіз сауалнамадан өтіп, бірақ уақытында түсінсеңіз, сізге қажет:
- парақты жабу және кэшті тазарту;
- егер сізде антивирус жоқ болса, оны қосу;
- егер зиянкестер сіздің IP-мекенжайыңызды анықтаған болса, онда провайдеріңізге хабарласып, оның мекенжайын өзгертуді сұрау қажет.
Егер сіз өзіңіздің e-mail-ді көрсетіп үлгерсеңіз, онда өз поштаңыздың құпиясөзін ауыстырған дұрыс. Мұның бәрін мүмкіндігінше тез жасау керек!
Жалған қоңыраулар
«Fingramota Online» мобильді қосымшасының тағы бір пайдаланушысы телефон алаяқтығына тап болды. Оған ҚР Ұлттық Банкінің клиенттерді қолдау орталығының өкілі ретінде қоңырау шалып, растау құжаттары ретінде мессенджер арқылы олардың скриндерін жіберген.
Қаскөйлер телефон арқылы өзін ҚР Ұлттық Банкінің қаржы бақылаушысы ретінде таныстырды. Ол өзінің «клиентіне» алаяқтық әрекеттердің құрбаны болғанын және банктік қызмет көрсету шартына сәйкес қаржы активтерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеке шоттың бірыңғай нөмірін «жаңарту рәсімін» орындау қажет екендігін хабарлады. Алаяқ өте сенімді болды және банк терминологиясын қолданды. Ол «жаңарту рәсімі» үш кезеңге бөлінгенін хабарлады. Біріншісі – ҚР Ұлттық Банкінің жүйесінен дербес шотты жою,) екіншісі – қаржы активтерін енгізудің шифрланған әдісімен орындалатын жаңартылған шотты қосу («Казкоммерцбанк» АҚ банкоматы арқылы және үшінші кезең – клиент төлқұжат деректерін жаңарту, пластикалық тасымалдағыштарды қайта шығару, құжаттамаға қол қою және алу үшін банк бөлімшесіне келуі керек.
Нені білген жөн?
Егер сіз қоңырау шалған бейтаныс адамдардың нұсқаулығымен бәрін жасасаңыз, онда өз ақшаңызды оларға өз қолыңызбен бергеніңіз. Тиісінше, өтірік ашылған кезде, ешкім сіздің қаражатыңызды, тіпті құқық қорғау органдары да сізге қайтара алмайды.
Банк қызметкерлері сізді қауіпсіз шоттарға ақша аударуға мәжбүрлеу, сондай-ақ сіздің жеке деректеріңізді нақтылау үшін ешқашан бірінші болып қоңырау шалмайтынын есте ұстаған жөн. Сонымен қатар, жеке тұлғалар үшін ақша операцияларын жүргізбейтін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өкілдері ешқашан телефон арқылы қоңырау шалмайды.
Қазақстан Ұлттық Банкі:
- жеке тұлғаның шотына қызмет көрсетпейді, жеке тұлғалармен ақшалай есеп айырысулар мен мәмілелер жасаспайды;
- ҚР азаматының шотына қатысты қандай да бір алаяқтық әрекет, дербес деректердің жария етілуі және екінші деңгейлі банктерде несие ресімдеу секілді мәселелер бойынша жеке тұлғаларға қоңырау шалмайды;
- ҚҰБ-тағы шоттар тек қана Ұлттық Банктің, екінші деңгейлі банктердің және саны шектеулі заңды тұлғалардың операцияларын есепке алу үшін ашылуы мүмкін.
Тек алаяқтар ғана сізді алдау арқылы ақша аударуға мәжбүрлеу немесе шоттарыңызға қол жеткізу үшін, кез-келген адам болып танысуы мүмкін.
Сондықтан, егер сізге күмәнді адамдар қоңырау шалса, сөйлесуді аяқтап, ресми нөмір арқылы, атынан қоңырау шалынған ұйымға қайта хабарласыңыз.
Егер сіз қаржылық алаяқтардың құрбаны болсаңыз, өтінішпен құқық қорғау органдарына жүгініңіз! Ал егер сіз қаржы пирамидасына тап болсаңыз, онда бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне call-орталық арқылы мына нөмір бойынша: + 7 727 237 1000 немесе «Fingramota Online» мобильді қосымшасы арқылы хабарласыңыз, оны мына сілтемелер арқылы жүктеуге болады:
App Store-де: https://apps.apple.com/kz/app/fingramota-online/id1134502211;
-Play Мarket-те: https://play.google.com/store/apps/details?id=
kz.nationalbank.appeals;
- мобильді қосымшаның веб-нұсқасы да қолжетімді: http://online.fingramota.kz/ru.
Сақ болыңыз, оңай ақшаның соңына түсіп, бейтаныс адамдарға сенудің керегі жоқ! Fingramota.kz-мен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!
Фишингтік сайттарды қалайша тануға болады: негізгі проблемалары және пайдалы ұсынымдар
Жылдам, ыңғайлы және пайдалы: неліктен автокөлік иелері Еурохаттамаға назар аударуы керек
Жаңадан бастағандарға арналған инвестициялық қосымша қалай жұмыс істейді?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма