Криптовалюталар төлем жүйесіндегі валютаның жаңа түрі болуына байланысты ғана емес, сондай-ақ оны реттеу әлі де жеткіліксіз деңгейде болғандықтан қызығушылық танытады. Оның осындай осал тұсын алаяқтар қуана пайдаланады, азаматтарды жалған сайттардың, белгілі адамдардың есімдерін қолданып, шындыққа жанаспайтын уәделер беріп, агрессивті маркетинг арқылы алдайды.
Криптоалаяқтардың қандай амалдар қолданатынын Fingramota.kz -пен бірге қарастырайық.
Фишинг және жалған сайттар
Алаяқтар криптовалютамен жұмыс істеу үшін ресми сервистердің немесе сайттардың атын бүркемеленіп, мессенджерлерде сайттар, электрондық хаттар немесе хабарламалар жасайды. Олардың басты мақсаты - аңғал азаматтардың дербес деректері мен ақшаларын ұрлау. Мысалы, Ақмола облысының тұрғыны алаяқтарға сеніп, қандай да бір сайтта криптовалютамен «ойнаған». Екі аптадан кейін ол «ойынды» жалғастыру және үлкен сома ұтып алу үшін компанияның шотына ақша аударған, алайда сайт бұғатталған болып шығады. Әйел алаяқтарға сеніп, 6,5 млн теңгесінен айырылды.
Қаржы пирамидалары
Алаяқтықтың бұл түрінің схемасы бесенеден белгілі: ақшаны «бұрын-соңды болмаған» жоғары пайызбен салып, күнде бір жаңа адамдар әкелу. Егер осыған дейін алаяқтар кәдімгі ақшамен жұмыс істесе, қазір олар криптовалютамен жұмыс істейді. Мысалы, жақында Ақтөбе облысының Қаржы мониторингі агенттігінің департаменті Harmony Rider Technology атты электросамокаттар шығаратын американдық ірі компанияның атын жамылған қаржы пирамидасының қызметін әшкереледі.
Салымшыларға салым сомасына байланысты күн сайын 12 доллардан
690 долларға дейін төлемдерге уәде етілді, ал жаңа қатысушыарды тартқаны үшін қосымша бонустық сыйақы есептелді. Нәтижесінде 115 қазақстандық азамат қаржы пирамидасына 197 млн теңгеден астам қаржы салған. Алаяқтар салымшылардың ақшасын OKX криптовалюталық әмиянға аударған, содан кейін оларды фиат ақшаға айналдырып, банктік шоттарға шығарған.
Белгілі адамдардың жалған ұсыныстары
Сенгіш азаматтарды өз желілеріне мүмкіндігінше көп тарту үшін алаяқтар танымал блогерлердің, әншілердің және актерлердің атынан жалған хабарландырулар жариялайды. Мәселен, алаяқтар танымал вайнердің жалған телеграм-арнасын құрып, ұтысқа ие болу үшін кем дегенде 100 доллар салуды ұсынған.
Осы уақытқа дейін интернет кеңістігінде «белгілі вайнердің» инвестиция салуды ұсынатын әр түрлі дипфейк-бейнежазбалар орналастырылатын. Ол өз жанкүйерлеріне тек оның ресми парағындағы ақпаратқа сенуге шақырған, алайда алаяқтар оның атын өз мақсаттарына қолдануды жалғастыруда. Бұл жерде вайнер — алаяқтар бейнесін пайдаланған жалғыз адам емес, олар сонымен қатар топ-менеджерлердің, министрлер мен басқа да танымал тұлғалардың қатысуымен дипфейк-бейнежазбалар жасаған.
Криптоалаяқтықты қалай танып-білуге болады?
Кепілді пайдаға уәде беру: инвестицияларда кіріске жүз пайыз кепілдік берілмейді, себебі активтердің нарықтық құны өсуі де, төмендеуі де мүмкін. Егер сізге белгіленген және кепілді пайдамен уәде беріп криптовалюталық жоба ұсынылса — сақ болу қажет.
Техникалық құжаттың болмауы немесе мазмұнының әлсіздігі: White Paper (техникалық құжат) —криптовалютаның кез келген іске қосудың негізгі элементі. Онда жобаның технологиясы, жұмыс қағидаттары мен мақсаттары егжей-тегжейлі сипатталуға тиіс. Егер құжат мазмұнсыз, жалпылама сөз тіркестерімен жазылған немесе мүлдем жоқ болса, сізге осы компаниямен жұмыс істеу қажет пе, жоқ па деген ой тастауға тиіс.
Агрессивті жарнама: маркетинг кез келген бизнестің қалыпты және тіпті міндетті бөлігі болғанымен, алаяқтар көбінесе «жауыр болған» жарнаманы қолданады. Олардың мақсаты — қайтсе де қысқа мерзім ішінде мүмкіндігінше көп адам тартып, тез ақша жинап алу. Егер жарнамалық мәлімдемелер шындыққа жанаспайтын болып көрініп, фактілермен расталмаса — инвестициялауға асықпаңыз, өз бетіңізше тергеу жүргізіңіз. Бұл көп уақыт алмайды — ол үшін тәуелсіз алаңдарда пікірлерді оқып, сондай-ақ ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтында компанияның лицензиясын тексеру жеткілікті.
Анонимді команда: заңды инвестициялық жобаларда сіз әрқашан басқарудың артында кім тұрғанын — олардың есімдерін, тәжірибесін, тіпті әлеуметтік желілердегі кәсіби парақшаларын көріп, біле аласыз. Егер жобаның командасы өздерінің жеке басын жасырса немесе ашық көздерде олар туралы ақпарат болмаса, бұл ойланатын жағдай.
Жеңіл ақшаға уәде беру: егер «тез, оңай, қиындықсыз» деген ұсыныс түссе, бұл, әрине, алдау, әсіресе криптовалютаға қатысты.
Криптоалаяқтардан қалай қорғануға болады
Өзіңіз түсінетін нәрсеге ғана инвестиция салыңыз. Егер сіз белгілі бір криптовалютамен қалай жұмыс істеуді толық білмесеңіз, инвестициялауға асықпаңыз — алдымен технологияны, жұмыс қағидаттарын және ықтимал тәуекелдерді зерттеңіз.
Қысымға берілмеңіз. Алаяқтар әлеуетті құрбандарын асықтырып, тез арада қатысқаны үшін бонустар немесе жеңілдіктер беруге уәде береді. Асығыс шешім қабылдамаңыз — «қыруар ақшаға» кенелуге уәде ететін компанияға өз зерттеуіңізді жүргізіңіз.
Желілердегі жарнамаға сын көзбен қараңыз. Өкінішке орай, алаяқтар айла-шарғысын әлеуметтік желілер арқылы танымал адамдардың фотосуреттерін олардың рұқсатынсыз пайдалану немесе «сыйлықтар» мен жеңіл ақша ұсыну арқылы іске асыруы сирек емес. Мұндай хабарландыруларға сақтықпен қараңыз және атақты адамдардың, саясаткерлердің, компаниялардың және т.б. ресми аккаунттарындағы барлық ақпаратты қайта-қайта тексеріңіз. Ұсыныс керемет тартымды болып көрінсе де, сыни тұрғыдан ойлауды ұмытпаңыз.
Күтпеген ұсыныстарға жауап бермеңіз. Егер сізге «инвестициялауға тиімді мүмкіндік» бар деп қоңырау шалса немесе хабарлама жіберілсе, бұл алдау болуы мүмкін. Дербес деректеріңізді ешкімге бермеңіз немесе қаражатты бейтаныс адамдарға аудармаңыз.
Қосымшаларды тек ресми көздерден жүктеңіз. Google Play Store және Apple App Store басқа сайттарға қарағанда қауіпсіз, себебі онда үнемі тексеру жүргізіледі және барлық күдікті қолданбалар бірден жойылады. Сонымен қатар, басқа сайттардан жүктеу сіздің смартфоныңызға немесе компьютеріңізге вирус жұқтыруға әкелуі мүмкін, және сіз бірде-бір криптовалюта операциясын жасамай-ақ ақша мен дербес деректеріңізден айырыласыз.
Тексеру жүргізіңіз. Егер криптовалюта сізге таныс болмаса, техникалық құжатын қарап зерттеңіз, оны кім шығаратынын және оның қалай жұмыс істейтінін біліңіз, тәуелсіз шолуларды қараңыз. Оның заңдылығына көз жеткізу үшін жалған криптовалюталардың өзекті тізімдерімен танысыңыз, алаяқтықтың жаңа тәсілдері туралы жиі айтатын мемлекеттік органдардың жаңалықтары мен есептерін зерттеңіз.
Өзіңізге, ақшаңызға абай болыңыз және Fingramota.kz -пен аржылық сауаттылықты арттырыңыз!
Сақ болыңыз: криптовалютамен алдау схемалары
Қарызды мерзімінен бұрын өтеу: нелерді білу маңызды
Салық шегерімдері дегеніміз не және 2025 жылы оны қалай қолдануға болады
Қазақстанда азаматтардың банкроттығы: ол қалай жұмыс істейді және қандай жаңалықтар енгізілді
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Ұзақ мерзімді vs қысқа мерзімді инвестициялар: қайсысын таңдау қажет?