Банк карталары – бұл электрондық төлем құралы. Ұлттық Банктің деректері бойынша Қазақстанда айналыста 55,7 млн астам карточка бар, және еліміздің әрбір ересек азаматына орташа есеппен алғанда 4-5 карточкадан келеді.
Карточкалардың дебеттік, кредиттік, цифрлық түрлері бар. Төлем карталарының қандай түрлері бар екендігі және оның қандай түрін таңдаған дұрыс, овердрафт дегеніміз не – осы және басқа да мәселелерді Fingramota.kz-пен бірге қарастырып көрелік.
Қазіргі таңда Қазақстанда төлем карталарының эмиссиясын, яғни төлем карталарын шығаруды 18 екінші деңгейдегі банк және «Қазпошта» АҚ жүзеге асырады.
Төлем карталарын жіктеудің ресми анықтамасы жоқ, алайда оларды бірнеше топқа: төлем жүйесінің түрі бойынша, жасалатын операциялар түрі бойынша, сондай-ақ пайдалану тәсілі бойынша – пластикалық және виртуалды түрге бөлуге болады.
Халықаралық карталар
Қазақстандық банктер VISA International, MasterCard Worldwide, UnionPay International, American Express International және Diners Club International сияқты халықаралық жүйелердің төлем карточкаларын шығарады. Халықаралық төлем жүйелері түрлі елдердің банктерін біріктіреді. Мұндай карталармен сіз шетелде төлем жасай аласыз. Карта банктегі бір және бірнеше шотқа байланыстырылып берілуі мүмкін. Шоттар теңгемен, доллармен, еуромен, Ресей рублімен болуы мүмкін, бұл шетелде саяхат жасаған кезде аса қажет.
Дебеттік және кредиттік карталар
Дебеттік төлем картасы – бұл ағымдағы банк шотымен байланысты банк картасы. Оны тауарларға және көрсетілетін қызметтерге қолма-қол ақшасыз төлем жасау, банкоматтан қолма-қол ақша алу, ақша аударымы үшін пайдалануға болады. Дебеттік картаның айқын үлгісі – жалақы картасы.
Дебеттік карталар Қазақстанда неғұрлым кең таралған карталар түрі, олардың үлесі айналыстағы карталардың жалпы санының 72%-дан астамын құрайды.
Кейбір банктер дебеттік картаны овердрафтпен ресімдеуді ұсынады. Оның не екенін қарастырайық.
Овердрафт (ағылш. overdraft – жоспардан тыс, артық шығын) шын мәнінде әдеттегі кредит, тек оны алу талаптарында ғана айырмашылық бар. Әдетте, банктер шоттарына тұрақты түрде ақша (мысалы, жалақы) түсетін өздерінің тұрақты, бұрыннан сенімді клиенттеріне овердрафт ұсынады. Бұл жерде тиімді және қолайлы жағдайлардың бірі – сізге жеке кредит картасын ресімдеудің қажеттілігі жоқ, себебі сіздің дебеттік картаңызға кредитке ақша алу мүмкіндігі қосылады. Алайда, овердрафттың пайыздық мөлшерлемесі әдеттегі кредитпен салыстырғанда жоғары болатынын ескергеніңіз жөн.
Кредиттік картаға келетін болсақ, бұл банк белгілейтін автоматты түрде жаңартылатын кредиттік лимиті бар банк картасы. Кредиттік лимит клиенттің расталған кірістерінің мөлшеріне және оның төлем қабілеттілігіне байланысты. Мұндай карта банкоматтан ақша алуға, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуге мүмкіндік береді, мұндай картаны шетелде пайдалануға болады, содан кейін шартта көрсетілген мерзімде банк алдындағы берешекті өтеуге болады.
Кредиттік карта дебеттік картамен салыстырғанда сіздің жеке жинақтарыңызға емес, банктегі ақшаға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Кредит – үлкен жауапкершілік екенін ұмытпаңыз және ақшаны міндетті түрде қайтару керек болады. Сондықтан, болашақта кредитормен жағымсыз жағдайларға тап болмас үшін кредит алардан бұрын ақша беру талаптарымен мұқият танысып, зерделеңіз.
Пайыздар қалай есептелетінін, грейс кезеңінің, яғни кредит бойынша пайыз төлеудің жеңілдікті кезеңінің бар-жоғын және ол қанша уақытқа созылатындығын, картаға жыл бойы қызмет көрсетілгені үшін төлем жасаудың қажеттілігі және қолма-қол ақша алғаны үшін қанша пайыз ұсталатыны жөнінде егжей-тегжейлі зерделеңіз. Қолма-қол ақшаны алғаннан гөрі кредиттік карталармен төлем жасау тиімдірек болмақ. Кез келген жағдайда банк – қайырымдылық ұйымы емес екендігін есіңізде сақтаңыз. Ақшаны алмас бұрын, өзіңіздің қаржылық мүмкіндіктеріңізді бағалаңыз және міндетті түрде кредит бойынша шығыстарыңызды есептеңіз.
Виртуалды және цифрлық карталар
Бұл қаржылық институттар онлайн шығаратын карталар. Өз функционалы бойынша олар пластикалық карталарға ұқсас – бірақ олардың пластикалық тасымалдағышы болмайды. Мұндай картаны ресімдеу үшін тінтуірді бір-екі рет бассаңыз жеткілікті, тек интернетке қосылсаңыз болды. Азаматтар үшін бұл қаржылық қызметтерге деген қолжетімділікті айтарлықтай арттырады. Оларды Apple Pay және Google Pay байланыссыз ақы төлеу жүйесінде жұмыс істей алатын кез келген смарфтонға жүктеп алуға болады. Сонда сіз өзіңіздің ұялы құрылғыңыз арқылы төлем жасай аласыз.
Банк клиенттері бұл карталарды өздерінің ұялы банк қосымшаларында ресімдей алады, қажет болған жағдайда олар цифрлық картаға арналған пластикалық тасымалдағышқа тапсырыс бере алады.
«Пластикалық» алаяқтар, сақ болыңыз!
Алаяқтар сіздің картаңызды иемдену немесе оның толық деректемелерін білу үшін алуан түрлі тәсілдерді пайдаланады. Атап айтқанда, олар әлеуметтік инженерия әдістерін белсенді қолданады. Әсіресе, оларды «пластиктің» артқы жағындағы үш таңбалы код және картаның қолданыс мерзімі қызықтырады. Сондықтан сізге, мысалы, сіздің банкіңізден қоңырау шалып, CVC немесе CVV – кодты атауды сұраса, сақтық таныту қажет. Сондай-ақ, алаяқтарға, әдетте, SMS арқылы келетін банктік операцияларды растау коды қажет. Оны да ешкімге хабарлауға болмайды, себебі қаскөйлер сіздің онлайн-банкингіңізге қол жеткізе алады, ал бұл оларға кедергісіз ақша аударуға, төлем жасауға, кредитті ресімдеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, сіздің электрондық поштаңызға, мессенджерлерге келетін күмәнді сілтемелерге сенудің қажеті жоқ, олар фишинг сайтына әкелуі мүмкін. Мұның артында да алаяқтар тұрады. Сондықтан сақ болыңыз және ешкімге төлем карталары бойынша пин-кодтарды, парольдерді және өзге де ақпаратты қоса алғанда, өзіңіздің конфиденциалды деректеріңізді хабарламаңыз.
Қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!
Зейнеткерлерге ескерту: алаяқтардың телефон арқылы ойлап тапқан жаңа схемалары
Кредитті мерзімінен бұрын өтеу - тиімді!
«Ақшамды жоғалтып аламын ба деп қорқамын »: байланыссыз төлемдер қауіпсіз бе?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Квишинг: алаяқтар казақстандықтардың гаджеттеріне қалай шабуыл жасайды