Тоқтаусыз жұмыс: қажу қаржылық ахуалға қалай әсер етеді?

time 26.06.2026

«Қазір демалатын уақыт емес», - көптеген адамдар үшін бұл ұғым өмірлерінің бір бөлігіне айналып кеткен. Жұмыс жобасын аяқтау, кредитті жабу, коммуналдық қызметтер үшін төлем асау, балаларға көмектесу, қомақты зат сатып алу үшін ақша жинау немесе жай ғана күнделікті кіріс деңгейін сақтап қалу қажет. Аз ғана шыдап, аса шұғыл мәселелерді шешіп тастасаң, демалу, денсаулығыңа күтім жасау және жеке басыңа көңіл бөлу үшін міндетті түрде уақыт табылатын сияқты болып көрінеді. 

Бірақ жиі жағдайда керісінше болып жатады. Шаруа бітпейді, міндеттемелер тізімі қысқармайды, ал шаршау біртіндеп күнделікті өмірдің көрінісіне айналады. 

Бүгінде эмоционалдық қажу көбінесе психологиялық проблема ретінде ғана емес, сондай-ақ өмір сапасына, жұмыс қабілеттілігіне, тіпті адамның қаржылық ахуалға ықпал ететін фактор ретінде де қаралады.

Неліктен біз демалысты үнемі кейінге қалдыра береміз?

Қазіргі уақытта адамдардың өмірі қарбаласқа толы. Жұмыстан бөлек, көптеген адамдар ондаған басқа да мәселелерді шешеді, отбасына қамқорлық жасайды, кредиттерін төлейді, бюджетті жоспарлайды, жақындарына көмектеседі және қаржылық өздерінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге тырысады.

Бұл ретте қоғам жиі жағдайда тұрақты жұмыс істеудің өз бағасын береді. Тоқтаусыз жұмыс істей білу, әрдайым байланыста болу және жоғары жүктемені атқара білу көбінесе жауапкершілік пен сәттіліктің көрсеткіші ретінде қабылданады.

Бірте-бірте адамға демалу үшін тиісті еңбек ету керек сияқты болып көрінеді. Алдымен маңызды жобаны аяқтау, қаржылық міндеттемелерді жабу, тұрмыстық мәселелерді шешу, содан кейін ғана демалуға болады деген ой туындайды.

Алайда, мәселе міндеттер санының өздігінен азаюы сирек кездеседі. Сондықтан көптеген адамдар қолайлы уақытты күтіп жүре береді. Бірақ ондай уақыт келмеуі де мүмкін.

Өз жұмысын жақсы көретіндер де қажиды

Эмоционалды тұрғыдан қажу өз мамандығын ұнатпайтын немесе ауыр жағдайларда жұмыс істейтін адамдарда туындайды деген кеңінен тараған түсінік бар. Іс жүзінде мамандар мүлдем басқа үрдісті атап көрсетеді. Тәуекел тобында көбінесе өз ісін шын сүйетін, міндеттеріне жауапкершілікпен қарайтын және нәтижеге жеткізетін адамдар болады. Олар қиындықтарға көп шағымдана бермейді, жиі жағдайда өздеріне қосымша жүктеме алады және ресурстар азайып бара жатқан уақыттың өзінде жағдайды бақылауда ұстауға тырысады.

Мәселе – ағза мүмкіндігінің шектеулі болуында. Адам ұзақ уақыт бойы үнемі қажып өмір сүретін болса, біртіндеп шаршау жинақталады. Алдымен зейін азаяды, содан кейін ашуланшақтық пайда болады, шешім қабылдауы қиындап, мотивация сақтауы оңайға соқпайды. Уақыт өте келе, тіпті әдеттегі міндеттер бұрынғыға қарағанда әлдеқайда көп күш салуды қажет ететін болады.

Көптеген адам бұл жағдайды өте қарапайым түрде: «Мен күресуімді тоқтатпаймын, бірақ одан маған жеңіл боп жатқан жоқ» деп сипаттайды.

Қажу қаржыға қалай әсер етеді?

Бір қарағанда, көңіл-күй мен қаржылық сауаттылық бір-бірімен байланысты емес. Алайда, іс жүзінде бұл байланыс көрінгеннен әлдеқайда күшті. Қаржылық әл-ауқат тек кіріс деңгейіне байланысты емес. Бұл көбіне адамның ақшасына қатысты қабылдайтын күнделікті шешімдерінің сапасына байланысты.

Ресурстар жеткілікті болған кезде адамдарға шығынын жоспарлау, болашаққа қаражат жинау, тәуекелдерді талдау және жоспарланған қаржылық мақсаттарды ұстану жеңілірек болады. Бірақ созылмалы шаршау жағдайында ол мүмкін бола бермейді.

Психологтар деңгейдегі стресс жағдайында адамның салмақты шешім қабылдауы қиынға соғатынын атап өтеді. Ми нақ осы жердегі және уақыттағы эмоционалды салмақты азайтуға тырысады, сондықтан ұзақ мерзімді мақсаттар кейінге қала береді.

Сондықтан эмоцияның сарқылу кезеңінде адамдар заттарды импульсивті сатып алып, маңызды қаржылық мәселелерді шешуді кейінге қалдырады және бюджетті жоспарлауға мән бере бермейді.

Кейде бұл байқалмайды. Мысалы, ауыр жұмыс күнінен кейін адам үйде тамақ дайындағысы келмейді, сондықтан олар дайын тағамға жиі тапсырыс береді. Біреу қоғамдық көліктің орнына такси қызметін жиі қолдана бастайды. Басқалары шаршағанын қысқа уақытқа рахат әкелетін сатып алумен басуға тырысады.

Әрбір осындай шығын жеке-жеке алғанда аздаған шығын болып көрінуі мүмкін. Алайда, уақыт өте келе олар жеке немесе отбасылық бюджетке түсетін салмақты арттырады.

Неліктен стресс қаражат жинауды қиындатады? 

Тағы бір жиі кездесетін проблема – қаржылық қауіпсіздік қорын қалыптастыру. Көптеген адам жинақтаудың маңыздылығын түсінеді. Кез-келген адам күтпеген шығындар, табысты уақытша жоғалту қаупі немесе басқа өмірлік жағдайлар үшін қаражат қорының болу керек екенін біледі.

Дегенмен, көптеген адамдар бұл мәселені кейінге қалдыруды жалғастыруда. Мұның себебі әрқашан ақшаның жетіспеушілігі емес. Көбінесе мәселе уақыт пен эмоционалды ресурстардың жетіспеушілігімен байланысты.

Қарбалас жұмыс күнінен кейін адамға шығындарды талдау, бюджетті жоспарлау немесе жинақтау құралдарын таңдаудан гөрі ағымдағы тұрмыстық мәселелерді шешу оңайырақ келеді. Бәрімізге таныс логика орын алады: қазір оған уақыт бөлмей-ақ қояйын, кейінірек жасаймын. Қаржылық резервтің болмауы қосымша стресс көзі болып табылатыны белгілі. Кез келген күтпеген шығын үлкен проблема ретінде қабылданады, ал қаржылық белгісіздік мазасыздықты күшейте түседі.

Мұның бәрі тығырыққа әкеледі. Стресс қаржылық жастықшаны құруға кедергі келтіреді, ал қаржылық жастықшаның болмауы стресті күшейтеді.

 Неліктен қаржылық орнықтылық үлкен сомадан басталмайды?

 Жинақтау туралы айтатын болсақ, көптеген адамдар үлкен сомалар мен ұзақ мерзімді инвестициялық жоспарларды елестетеді. Шындығында, қаржылық орнықтылық әлдеқайда қарапайым нәрселерден басталады.

Қаржылық сауаттылық мамандары тіпті шағын резервтің де жағдайды қабылдауды өзгертуге қабілетті екенін айтады. Адам күтпеген шығындар үшін белгілі бір қаражат қоры бар екенін білгенде, мазасыздық деңгейі айтарлықтай төмендейді. Қаржылық жастықша барлық мәселелерді шеше алмайды, бірақ бұл өзіңізді сенімді және тыныш сезінуге көмектеседі.

Сондықтан ауқымды мақсаттардан емес, кішігірім қадамдардан бастау керек. Бұл мәселедегі жүйелілік көбінесе соманың мөлшерінен маңыздырақ болып шығады.

Өзіңді ойлау - бұл да инвестиция

 Көптеген адамдар демалысты жақсы орындалған жұмыс үшін сыйақы ретінде қабылдайды. Алайда, мамандар демалу мен қалпына келтіру жұмыс қабілеттілігі мен өмір сүру сапасын сақтаудың қажетті шарты деп жиі айтады.

Бұл қаржылық әл-ауқатқа да қатысты. Адамға тұрақты шаршап-шалдығу жағдайында болмаған кезде ақылға қонымды қаржылық шешімдер қабылдау әлдеқайда оңай. Сондықтан өзіңіздің эмоционалды және физикалық жағдайыңызға қамқорлық жасау қаржылық орнықтылықпен тікелей байланысты.

Кейде ең жақсы қаржылық шешім - бұл қосымша табыс табу немесе үнемдеу емес, күш-жігерді уақытында қалпына келтіру, стресс деңгейін төмендету және өз өміріңізді бақылау сезімін қалпына келтіру мүмкіндігі.

Себебі, қаржылық сауаттылық тек ақша туралы емес, бұл сондай-ақ осы ақшаны табуға, жоспарлауға және өзіңізге және отбасыңызға пайдалы пайдалануға көмектесетін ресурстарды сақтау мүмкіндігі туралы.

Өзіңізді, өз ақшаңызды сақтаңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

white-arrow Тізімге