Халықтың қор биржасындағы саудаға деген қызығушылығы артып келеді. Бағалы қағаздар нарығында мәмілелер жасағысы келетін адамдардың саны да өсуде. Брокерлер дилерлерден, ал трейдерлер инвесторлардан несімен ерекшеленетінін Fingramota.kz-пен бірге түсінуге тырысайық.
Трейдер деген кім?
Трейдер – бұл қор биржасы – брокерлік ұйым мүшесінің атынан мәмілелер жасайтын және қор биржасында басқа да әрекеттер жасайтын жеке тұлға.
Биржалық сленг бар, оған сәйкес нарыққа қатысушыларды, оның ішінде трейдерлерді «аюлар» немесе «бұқалар» деп атайды. Аюлар – нарықтың төменге қарай қозғалысында кіріс алу мақсатында мәмілелер жасайтын нарыққа қатысушылар. Бұл атау табанымен жоғарыдан төменге қарай соққы жасайтын аюдың соққы жасау стилінен шыққан. Бұқалар, керісінше, нарықтың өсуін күтіп мәмілелер жасайтын нарыққа қатысушылар. Бұл атау бұқаның соққы жасау стилінен шыққан, ол мүйізімен төменнен жоғары қарай ұрады.
Бағалы қағаздар нарығында табысты сауда жасау үшін тиімді инвестициялауға қажетті білім мен дағдылар болуы керек. Бағалы қағаздарды сатып алу немесе сату туралы шешім қабылдамас бұрын, нарыққа қатысушы нарықтағы жағдайды талдайды.
Брокер деген кім?
Брокер – бұл клиенттің тапсырмасы бойынша мәмілелерді жүзеге асыратын адам, яғни биржада бағалы қағаздарды сатып алуға ниет білдірген клиент (инвестор) пен сатушы – бағалы қағаздарды сатуға мүдделі адам, оның ішінде бағалы қағаздарды шығарған компания арасындағы делдал. Брокер клиенттің тапсырмасы бойынша, оның есебінен және мүддесінде бағалы қағаздармен мәмілелер жасайды және биржаның сауда-саттық жүйесіне тікелей қол жеткізе алады.
Брокер мәмілелердің барлық заңдық аспектілері үшін, барлығының заңды тетіктер шеңберінде және тапсырыс берушінің қалауына сәйкес болуына жауап береді. Брокерлердің қызметін сипаттайтын міндеттерді шешу осы саладағы мамандардан қор нарықтары жұмысының түрлі аспектілері және оларда мәмілелер жасау саласындағы кәсіби дайындығының және білімінің практикалық тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да айтарлықтай жоғары болуын талап етеді.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыруға берілген арнайы лицензиясы бар және клиенттерден өзінің комиссиялық сыйақыларын, яғни әр мәміледен пайыз алатын компания брокер болып табылады.
Қызметтердің тарифтері брокерлік компаниялардың сайттарында жарияланады. Брокер комиссияны не үшін алады? Брокердің комиссиясына мәміле үшін комиссия, депозитарийдің қызметтері, шотқа қызмет көрсетілгені, биржадағы операциялар үшін терминалды және пайдаланғаны үшін комиссиялық алым кіреді. Оның комиссиясына биржаның өз комиссиясы да кіреді. Әдетте, көрсетілген комиссиялар мәміле сомасының бірнеше оннан бір, кейбір жағдайларда бірнеше жүзден бір пайызын құрайды. Брокердің қосымша қызметтеріне талдамалық болжамдар мен есептер, маржиналдық сауда, басқа да консультациялық қызметтер және т.б. жатады. Қызмет көрсету сапасы мен көрсетілетін қызметтер брокерлік ұйымдардың тарифтеріне кіреді, сондай-ақ басқа ұйымдармен бәсекелестік элементтері болып табылады.
Брокер мен клиент арасындағы жұмыс шарт негізінде жүргізіледі, онда екі тараптың тиісті дәрежедегі құқықтары мен өз әрекеттері үшін жауапкершілігі болатын құқықтары мен міндеттері жазылады.
Сондықтан да брокермен шарт жасамас бұрын брокердің ұсынылатын қызметтер үшін тарифтерін (комиссияларын) қоса алғанда, шарт талаптарын, бағалы қағаздармен операциялар жүргізу кезінде онымен өзара әрекет ету, жүргізілген операциялар туралы есептер алу тәсілдерін мұқият зерделеу, сондай-ақ брокердің ішкі қағидаларымен танысу қажет.
Дилер деген кім?
Биржаға тікелей қатысы бар тағы бір тұлға дилер болып табылады. Бұл бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы, ол бағалы қағаздардың ұйымдастырылмаған нарығында және бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында бағалы қағаздармен мәмілелерді өз мүддесі үшін және өз есебінен жүргізеді.
Дилер қызметінің тұрақты болуы үшін заңнамалық тәртіппен белгіленген жарғылық және меншікті капиталға ие болуға міндетті. Брокердің дилерден басты айырмашылығы – брокер мәмілелерді өз клиентінің атынан және оның мүддесі үшін жасайды, ал дилердің бағалы қағаздармен мәмілелер жасауы кезінде тек өзінің қаражатынан айырылу тәуекелі болады. Дилерлердің қызметін де Агенттік арқылы уәкілетті органмен реттейді.
Брокерлер және (немесе) дилерлер сондай-ақ, бағалы қағаздардың андеррайтерлері және қаржы құралдары бойынша маркет-мейкерлер бола алады.
Маркет-мейкер – бұл осы атаудың қаржы құралдарын сатып алуға және сатуға міндетті баға белгілеулерді жариялау және қолдау міндеттемесін және осы атаудың қаржы құралдары бойынша осы Биржа мүшесінің маркет-мейкері мәртебесін иеленуінен туындайтын өзге де міндеттерді өзіне қабылдайтын биржа мүшесі. Әдетте, өз клиенттеріне қызмет көрсететін сол брокерлік ұйымдар биржадағы қандай да бір бағалы қағаздар бойынша маркет-мейкерлер бола алады. Бұл процесс биржа қағидаларымен және тиісті нормативтік құқықтық актілермен реттелген.
Андеррайтер – бағалы қағаздар шығаратын заңды тұлғаларға, яғни эмитенттерге қызмет көрсететін бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы. Бағалы қағаздар шығару процесі заңнамамен белгіленген барлық талаптарды сақтау үшін брокерлік ұйымдар тарапынан эмитенттерге кеңес беруді талап етеді.
Қаржы реттеушісінің www.gov.kz сайтында бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың лицензияларының бар-жоғын тексеруге болады. Егер лицензиясы бар болса, онда сіздің алдыңызда заңсыз іс-әрекеттері үшін қаржы реттеушісі жауапқа тарта алатын нарықтың адал қатысушысы.
Бірде бір шынайы брокер немесе дилердің клиентке тұрақты жоғары кіріске кепілдік бермейтінін білгеніңіз жөн. Мұндай «байлыққа кенелуге тек алаяқтар уәде бере алады. Агенттікке олардың қызметіне азаматтардан шағымдар мен өтініштер келіп түсетін лицензияланбаған «инвестициялық делдалдардың» тізімімен қаржы реттеушісінің сайтында «Бағалы қағаздар нарығы және зейнетақы активтерін басқару» бөлімінде танысуға болады.
Fingramota.kz-пен бірге қаржылық тұрғыдан сауатты болыңыз!
Балалардың цифрлық қауіпсіздігі: киберқылмыскерлерден оларды қалай қорғауға болады
Несие тарихына не әсер етеді және оны қалай жақсартуға болады
Қаржылық инклюзияны дамыту – реттеушінің негізгі басымдықтарының бірі
«Ақшамды жоғалтып аламын ба деп қорқамын »: байланыссыз төлемдер қауіпсіз бе?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Зейнеткерлерге ескерту: алаяқтардың телефон арқылы ойлап тапқан жаңа схемалары