Жаңа жыл алдындағы тур: саяхатшылар үшін пайдалы лайфхактар

time 11.12.2025

Желтоқсанда мерекелік көңіл-күй орын алып, саяхаттауға деген белсенділік арта түседі, сонымен қатар алаяқтық схемаларда көрініс табады. Сіз курортты қуана таңдап, чемоданыңызды жинап жатқанда, қаскүнемдер сізді нысанаға алуы мүмкін. Демалысты тыныш және қауіпсіз өткізу үшін, Fingramоta.kz саяхатыңыздың жайлы болуына, ақшаңызды үнемдеуге және жүйкеңізді сақтауға көмектесетін бірнеше кеңес береді.  

Турларды ресми операторлардан ғана брондаңыз

Жаңа жыл алдында жалған туристік фирмалар, қолда жоқ жолдамаларды өте төмен бағамен ұсынатын клондық сайттар және аккаунттар көбейіп келеді. Сондықтан, операторды таңдағанда, лицензиясының бар-жоғын, мекенжайы мен  кеңсенің орналасқан жерін нақтылап алыңыз. Әлеуметтік желілердегі немесе сайттағы пікірлерге сенбеңіз — боттар немесе жалған пікірлер болуы мүмкін. 

Кез келген дереккөздерден пікірлермен танысыңыз, таныстарыңыз бен әріптестеріңізден осы фирмадан бұрын тур алған-алмағанын сұраңыз, барлық ақпаратты жинақтаңыз. Сондай-ақ, есіңізде болсын: егер сатушы алдын ала төлемді немесе турдың толық құнын жеке картаға аударуды сұраса, бұл алаяқтықтың белгісі. Барлық ақшаны компанияның ресми шотына ғана аударыңыз, қандай  жағдайда да жеке тұлғаға аударым жасамаңыз.

Демалыста да цифрлық қауіпсіздік туралы ұмытпаңыз

Ұшу барысы мен қонақүйге келіп орналасу Сізді біраз шаршатуы мүмкін, осыған байланысты қателік жіберуіңіз де ықтимал, сондықтан да әрдайым жинақы болып, өз-өзіңізді барынша қорғай біліңіз. Саяхатқа арнап бөлек банк картасын жасатыңыз және сол картаны пайдалансаңыз, негізгі картадағы үлкен соманы сақтап қаласыз. Пауэрбанкті бірге алып жүріңіз, оны уақтылы қуаттауға  тырысыңыз және басқа біреудің пауэрбанкін пайдаланбаңыз: алаяқтар QR-ге ақысыз қуаттау кезінде сіздің ақшаңыз бен деректеріңізді ұрлайтын зиянды жүйенің кодын орнатуы мүмкін. Тегін Wi-Fi қолданбаңыз — ол арқылы қаскүнемдер зиянды БҚ-ны орната алады немесе барлық онлайн-банкинг деректерін ала алады.

Билеттер мен турларды қолдан сатып алмаңыз

OLX типті сайттарда және әлеуметтік желілерде билеттерді және тіпті турларды жарты бағасына сату туралы ұсыныстары бар жарнамаларды кездестіруге болады, себебін жоспарларының өзгеруіне байланыстырады. Бірақ іс жүзінде 100% жағдайда бұл алаяқтық схемалар. Сіз «сатушымен» байланысқаннан кейін, ол кепілдік үшін алдын ала төлем сұрайды және ақшаны алғаннан кейін байланысқа шығуды тоқтатады. Екінші нұсқа: сізге жалған билеттер мен турлар сатылады, олар шынайы болып көрінеді, бірақ әуежайда сіз алданғаныңыз туралы жағымсыз жаңалықты білесіз. Сондықтан мұндай ұсыныстардан аулақ болыңыз, бірақ егер сіз оны сатып алған болсаңыз да, билеттерді авиакомпанияның веб-сайты немесе Aviata, Chocotravel және басқалары сияқты ресми сатушылар арқылы тексеруді ұмытпаңыз. 

Сілтемелер арқылы өтпеңіз 

Ресми және тексерілген оператор сізге мессенджерлер және әлеуметтік желілер арқылы «Брондауды растау қажет» немесе «Шұғыл түрде қонақүйді нақтылаңыз» деген сылтаулармен сілтемесі бар хабарлама жіберген жағдайда ол сілтеме бойынша еш жағдайда өтпеңіз. Турфирма аккаунтын алаяқтар бұзып ашып, оның атынан сізге жазып тұруы әбден мүмкін. Осындай хабарларды алғаннан кейін ресми телефон нөмірі бойынша қоңырау соғып, ақпаратты нақтылаңыз, себебі желтоқсан айы – фишингтің асқынатын кезеңі: адамдар жыл бойы шаршап, демалысты аңсайды, жылдамырақ бір жаққа ұшуды қалайды, ал мұны алаяқтар өз пиғылдарында пайдаланады.  

Паспортыңызды ешқашан мессенджер арқылы жібермеңіз 

Әлеуметтік желілердің және мессенджерлердің қауіпсіздік қызметтері жүйелерді қанша жаңартқанымен, жаңа қорғаныс сертификаттарын орнатқанымен, доксинг және деректерді ұрлау тәуекелі жоғары болып қалуда. Сондықтан құжаттарды ешқашан мессенджерлер арқылы, әсіресе фирманы тексерместен жібермеңіз – алаяқтарға тап болсаңыз қайтесіз? Ресми операторды да бұзып ашуға болады, сондықтан құжаттарды жіберу кезінде аса абай болу керек және расымен де нақты фирмамен сөйлесіп тұрсыз ба, соны бірнеше рет тексеріп алыңыз.  

Сапар алдында өз әлеуметтік желілеріңізді қорғаңыз 

Бұл астыртын кеңес, себебі әлеуметтік желілер арқылы алаяқтар аккаунтқа байланысатын телефон нөмірі арқылы жеке деректерге және шоттарға қолжетімділік алуы мүмкін. Сондықтан, құпиясөздеріңізді алдын ала ауыстырып қойыңыз – неғұрлым күрделі құпиясөздерді таңдап, екі факторлы бірдейлендіруді орнатыңыз, бөгде құрылғылар арқылы кіруге тыйым салыңыз, аккаунтқа резервті e-mail қосыңыз. Айта кететін тағы бір маңызды нәрсе әлеуметтік желілерде сапар туралы ақпаратпен бөліспеңіз: қазіргі уақытта билеттермен паспорттарды суретке түсіру сәнге айналды, бірақ бұл да қауіпті, сондықтан ондай ойдан бас тартыңыз. Сондай-ақ, жол жүретін нақты күндеріңізді жарияламаңыз, геолокацияңызбен бөліспеңіз және өз демалысыңыз туралы егжей-тегжейлі көп ақпарат бермеңіз. Бөтен адамдар сіз туралы аз білгені жақсы.  

Демалыста да сақтық танытып, қырағылықты жоғалтпау керек. Картаңыздан есептен шыққан ақшаларды жиі тексеріп отырыңыз және VPN-сыз тегін Wi-Fi-ға қосылмаңыз, паспорттың суретін ашық галереяда сақтамаңыз. Алаяқтар сіз демалған кезде белсенді бола түседі. Көп уақытыңыз бен күшіңізді алмайтын базалық қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып сіз демалысыңызды естен кетпейтіндей және жайбарақат өткізесіз.  

Өзіңізге, ақшаңызға сақ болыңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

white-arrow Тізімге