Соңғы алты айда 500-ден астам қазақстандық автокөлікпен байланысты алаяқтықтың құрбаны болды. Алаяқтар адамдарды автокөлікті кепілдендірілген сатып алуға шақырып және өз атына кредит ресімдегені үшін «алым» уәде етеді. Fingramota.kz алаяқтықтың бұл түрінің қыр-сырымен бөліседі.
Автокөлік алаяқтық схемасы
Автопрокат түріндегі алаяқтар ірі алаяқтық схемасын қолданып, бір қарыз сомасы 12-ден 20 млн теңгеге дейін жетеді.
Ол келесідей жүргізіледі. Қаскүнемдер азаматтардың сеніміне кіре отырып, жәбірленушінің атына банктік қарыздарды немесе микрокредиттерді ресімдеу арқылы сатып алынатын автомобильдерді жалға беру бизнесіне қатысуды ұсынады. Бұл ретте алаяқтар бастапқы жарнаны төлейді және бірнеше ай бойы автокредиттер бойынша ай сайынғы төлемдерді жүзеге асырады. Қарыздарды ресімдеуге келісім бергені үшін азаматтарға ақшалай сыйақы ұсынылады. Жәбірленуші ілініп, өз еркімен автонесие бергеннен кейін, ол өзінің көлік құралын тиісті құжаттарды (сенімхат, жалдау шарты) рәсімдемей-ақ алаяққа береді.
Алаяқ біраз уақыттан кейін азаматтар үшін ай сайынғы төлемдерді төлеуді тоқтатады және құқық қорғау органдарының ақпараты бойынша автомобильдер Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкетіледі.
Қарыз/кепіл шартына өз қолымен қол қоя отырып, қарыз алушы өзіне Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес шартта көзделген тәртіппен және мерзімдерде қайтаруға міндетті міндеттемелерді қабылдайтынын есте ұстаған жөн.
Автокөлік сатып алуға кредит, микрокредит алған кезде кейіннен олардың деректерін ұрлай отырып азаматтарды адастыру қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады (ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы) және айтарлықтай мерзімге бас бостандығынан айыру жолымен жазаланады.
Автокөлік құралдарын сатып алуға қаржы берген банктер мен микроқаржы ұйымдарына қатысты жүргізілген құжаттамалық тексеру нәтижелері бойынша ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (Агенттік) 2022 жылғы наурыздан бастап 2023 жылғы желтоқсанға дейінгі кезеңде кредиторлар автокредиттерді басқа қолданыстағы кредиттік міндеттемелер болған кезде, көбінесе қарыз алушылардың кірістерін растаусыз бергенін анықтады.
Бұл ретте, Агенттіктің алған ақпаратына сәйкес қарыз алушылардың автокредит алу кезінде кредиторлар алдында өзіне қабылдаған барлық міндеттемелерді орындау үшін табысы жеткіліксіз болған.
Кредиторлардың бұл бұзушылықтарын алаяқтар бірден өз пайдасына асырады және сенгіш азаматтарды алдайды.
Алаяқтардың құрбаны болмас үшін не істеу керек?
Кез келген ұсыныстарға әрдайым сын көзбен қараңыз, мейлі ол сату, автокөлік тасымалдау, қажетті құжаттарды ресімдеу және т.б., әсіресе егер сізге нарықтағы бағадан едәуір төмен бағаға көлік ұсынылған жағдайда абай болған жөн.
Егер сізге автопрокат қызметі үшін гонорар ұсынылса, онда сізге алаяқтар жолықты деп санаңыз.
Сізге банктік қарыздарды немесе микрокредиттерді тиімді шарттармен ресімдеуді ұсынатын делдалдарға сенбеңіз, кредит ресімдеу үшін оларға ақшалай сыйақы бермеңіз.
Мәміле шарттары өте тиімді болып көрінсе де, кепілақы, аванс немесе автокөлік сатып алу кепілі ретінде ақша аудармаңыз.
Автокөлікті сатып алғанда, сатушыны автоматтандырылған ақпараттық жүйе, сот кабинеті сияқты ашық көздер арқылы тексеріп көріңіз, теріс пікірлердің бар-жоғын тексеру үшін интернет-іздеу жүйелері арқылы сатушының деректерін тексеріңіз.
Қарыздар мен микрокредиттер алу үшін тікелей банктерге немесе микроқаржы ұйымдарына жүгініңіз. Кез келген кредит – үлкен жауапкершілік екенін әрдайым есте ұстаңыз.
Цифрлық тазалықты сақтаңыз! Бейтаныс адамдарға WhatsApp, Telegram және басқа мессенджерлер арқылы өзіңіз және картаңыз: құпиясөздер, логиндер, кодтар, ЭЦҚ-кілттер және басқа дербес деректер (ЖСН, жеке куәліктің немесе паспорттың нөмірлерін, төлем картасының деректемелерін: картаның артындағы үш таңбалы код (CVV/CVC-код), оның нөмірі, қолданылу мерзімі және т.б.) туралы мәліметтерді бермеңіз. Әлеуметтік желілерде жеке басыңызды куәландыратын құжаттарыңыздың және төлем карталарыңыздың суреттерін жарияламаңыз. Бейтаныс адамдардың нұсқауы бойынша вирустық, тыңшы немесе үшінші тұлғаларға сіздің құрылғыңызды қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін (мысалы, AnyDesk немесе TeamViewer) қосымшаларды жүктемеңіз. Фишингтік сілтемелер бойынша өтпеңіз. Күмәнді сайттарда тіркеуден өтпей тұрып, олардың https:/-тан басталуға тиіс мекенжайын тексеріп алыңыз.
Алдау дерегін дәлелдеу, оған қоса қаскүнемдерді іздеп табу кейде құқық қорғау органдарының қолынан келе бермейді. Сондықтан мәміле жасамас бұрын сатушыны мұқият тексеріңіз, төлем жасауға асықпаңыз, егер бір нәрсеге күдіктеніп тұрсаңыз заңгерден консультация алуыңызға болады.
Сақ болыңыз және Fingramota.kz-пен бірге хабардарлығыңызды арттырыңыз!
Зейнеткерлерге ескерту: алаяқтардың телефон арқылы ойлап тапқан жаңа схемалары
Кредитті мерзімінен бұрын өтеу - тиімді!
«Ақшамды жоғалтып аламын ба деп қорқамын »: байланыссыз төлемдер қауіпсіз бе?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Квишинг: алаяқтар казақстандықтардың гаджеттеріне қалай шабуыл жасайды