Жаздық жаппай сатылым: жосықсыз сатушылардың айла-шарғыларына қалай түспеуге болады

time 20.06.2025

Маусымдық жаппай сатылым жақындап келеді, бір жағынан, бұл кезде тауарларды тиімді бағамен табуға болады, ал екінші жағынан, жосықсыз сатушыларға және тіпті алаяқтарға тап болу қаупі артады.

Fingramota.kz-пен бірге олардың айла-шарғыларына қалай түспеуге және ақшаны жоғалтпай, шынымен үнемдеуге болатынын қарастырайық.

«Маусымдық жаппай сатылым» басталмас бұрын бағаларды тексеріңіз

Жосықсыз сатушылар көбінесе ең көп таралған маркетингтік тәсілдердің бірін қолданады: сатылым басталмас бірнеше апта бұрын олар танымал тауарлардың бағасын әдейі көтереді. Ал акция күні бағаны бұрынғы деңгейге дейін төмендетіп, үлкен жеңілдік елесін жасайды. Бастапқы бағаларды бақыламаған сатып алушылар тиімді сатып алу жасап жатырмыз деп қателеседі, ал іс жүзінде олар сатылым басталғанға дейінгідей ақша төлейді. Мұндай тәсіл эмоционалды және импульсивті сатып алуларға бағытталған, сондықтан алданып қалмас үшін өзіңізді қызықтыратын тауарлардың бағасын алдын ала тіркеп алу маңызды.

Кеңес: Баға динамикасын арнайы сервистер арқылы міндетті түрде тексеріңіз – мысалы, Google-да «Баға тарихы» бар, немесе жай ғана бағалардың скриншоттарын алдын ала сақтап алыңыз. Сондай-ақ, әртүрлі сатушылардағы бағаларды салыстырыңыз, егер жеңілдік тым жоғары болса, сақ болу керек.

«Тек бүгін!» ұрандарына сенбеңіз

Барлық шектеулі таймерлер мен «Тауар таусылуға жақын қалды» немесе «Жеңілдік түн ортасында аяқталады» деген жазулар агрессивті жарнамалар және сатып алушыларға қысым көрсету әдістері болып табылады. Алаяқтар да сенгіш адамдарды осындай манипуляциялық айла-шарғылар арқылы өз желілеріне тартуды өте жақсы көретінін ұмытпаңыз.

Кеңес: Әдетте, көптеген акциялар бір күннен артық созылады - сатушылар өз тауарларын мүмкіндігінше көп адам сатып алғанына мүдделі. Сондықтан асықпаңыз және тауарлардың шынымен аз екенін өзіңіз тексеріңіз, өйткені жосықсыз сатушылар дүрбелең тудыру үшін ассортиментті жасанды түрде шектейді.

Белгісіз брендтерге сенбеңіз

Біз люкс компаниялардан тауар сатып алу керек деп айтпаймыз, бірақ өте белгісіз брендтер, олар үлкен жеңілдіктер ұсынса, бұл сақ болуға тұрарлық себеп. Қауіптісі, тауар бастапқыда сапасыз немесе үлкен жеңілдіктерді ескерсек те, тым жоғары бағаланған болуы мүмкін.

Кеңес: Егер сізге жаңа бренд қызықты болса, онда тәуелсіз алаңдардағы пікірлерді оқып шығыңыз, тек біреуімен шектелмеңіз, сонда толыққанды сурет аласыз. Әлеуметтік желілерді зерттеу де артық болмайды - адамдар пікірлерде, әдетте, шынайы эмоцияларымен бөліседі, бірақ мұнда да абай болу керек және бренд сатып алған боттардан сақтану қажет.

Жалған сайттар мен фишингтен сақтаныңыз

Біз бұл туралы бірнеше рет айттық және тағы да қайталаймыз: алаяқтар көбінесе танымал брендтер мен маркетплейстердің «үлкен жеңілдіктері» бар сайттарының көшірмелерін жасайды. Жалған сайттар ұсақ-түйегіне дейін көшірме болуы мүмкін, сондықтан App Store және Google Play-ден қосымшаларды жүктеп алған дұрыс – мұнда тек тексерілген нұсқалар ғана түседі, және солар арқылы жұмыс істеңіз.

Кеңес: Әрқашан URL мекенжайын тексеріңіз (атауы https:// басталуы керек, «s» әрпінің болмауы сайттың жалған екенін көрсетеді). Сондай-ақ, белгісіз сайттарда карта деректерін (нөмір, пин-код, CVV/CVC) ешқашан енгізбеңіз және онлайн төлемдер үшін әрдайым шағын сома болатын бөлек карта ашқан дұрыс. Және, ақырында, барлық құрылғыларыңызда екі факторлы авторизацияны қосыңыз.

Қайтару және жеткізу шарттарын әрқашан оқыңыз

Кейбір интернет-дүкендер мен маркетплейстердегі сатушылар маңызды бөлшектерді жасыруы мүмкін – мысалы, айырбастау және қайтару мүмкін еместігі немесе қайтарудың ерекше шарттары. Кейде бұл шарттар тапсырысты ресімдеу кезінде ғана пайда болады, немесе олар мүлдем айтылмайды.

Кеңес: Мұндай әрекеттер жаңылыстырады және сіздің сатып алушы ретіндегі құқықтарыңызды бұзады. Сондықтан сатып алу шарттарының скриншоттарын, әсіресе тауар сипаттамасы бар бетті, қайтару туралы ақпаратты және жеткізу құнын сақтап алыңыз. Бұл сатушы кейіннен шарттарды өзгертсе немесе қайтарудан бас тартса, дәлел болады.

Бұдан басқа, Қазақстан заңнамасына сәйкес, егер тауардың сыртқы түрі мен қаптамасы сақталған болса, оны 14 күн ішінде қайтаруға болатынын есте ұстаған жөн. Іш киім, дәрі-дәрмектер, шұлық бұйымдары және т.б. бұған жатпайды. Егер сатушы тауар қайтаруға жатпайды деп мәлімдесе, онда сіз оған Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне шағым беруге толық құқылысыз.

«Маусымдық жаппай сатылым» алдындағы сатып алушының чеклисті

  1. Бағаларды алдын ала салыстырыңыз. Акциялар басталғанға дейін қажетті тауарлардың бағасын жазып алыңыз – жеңілдіктер жалған болуы мүмкін.

  2. Сайттар мен сатушыларды тексеріңіз. Сайттың шынайы екеніне көз жеткізіңіз: мекенжайын, байланыс деректерін, пікірлерді және қайтару шарттарын тексеріңіз.

  3. Ұсыныстарды салыстырыңыз. Бір тауар әртүрлі дүкендерде әртүрлі бағада болуы мүмкін.

  4. Пікірлерді зерттеңіз. Сатушы сайтында ғана емес, тәуелсіз алаңдарда да сатып алушылардың пікірлерін оқыңыз.

  5. Шарттарды оқыңыз. Төлем, қайтару және жеткізу ережелерін мұқият оқып шығыңыз.

  6. Импульсивті сатып алулардан аулақ болыңыз. Өзіңізге: «Маған бұл шынымен қажет пе?» деп сұраңыз – және ойлануға уақыт беріңіз.

  7. Қауіпсіз төлеңіз. Карталарды және тексерілген төлем сервистерін пайдаланыңыз. Ақшаны жеке шоттарға аудармаңыз.

  8. Бюджетті бақылаңыз. Шығыстар лимитін анықтаңыз және қажетті сатып алулар тізімін ұстаныңыз.

  9. Растауларды сақтаңыз. Түбіртектерді, хаттарды және скриншоттарды сақтаңыз – бұл қайтару немесе дау кезінде пайдалы болады.

Өзіңізді, ақшаңызды сақтаңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

white-arrow Тізімге