Асан мен Үсеннің басынан кешкендері немесе ақша туралы хикая 10 тарау

time 28.12.2023
aye

Қорытынды шығарылым. Адамға қаржылық сауат не үшін қажет?

Тоқсанның соңғы күні. Асан мен Үсен мектепке қуана-қуана кетіп барады.

Ертеңнен бастап демалыс!

Тоқсандық бағалар қойылды, ешкім үй тапсырмасын бермейді.   Достармен, мұғалімдермен бірге соңғы жаңалықтарды айтып, ойнап,  еркін әңгімелесуге болады.

Сыныпты мерекелік көңіл күй жайлаған. Өйткені жаңа жыл жақындап қалды!

Үзіліс кезінде ағайындылардың досы Айдар мақтанып: 

– Мен жаңа жылға қандай сыйлық алатынымды білемін! Лего  жиынтығы. Ал сендерге не сыйлайды? – демесі бар ма.

Асан мен Үсен бір-біріне қарады да, иықтарын көтерді. 

– Ол жағын әлі ойламаппыз.

Үйге келген соң екі ұл ата-анасының қандай сыйлық дайындағанын білу үшін пәтердегі құпия жерлерді қарай бастады.

Біраз уақыт іздегенмен ештеңе таппады. Ит пен мысыққа арналған тәттілер мен ойыншықтар салынған жаңа жылдық дорба табылғанмен, бұларға ештеңе жоқ болып шықты.

Ұлдар бұған ренжи қоймаса да, аң-таң болды.

Олар тағы да шкафтың түбіндегі жәшікті ақтара бастаған ең қызық сәтте әпкелері келіп қалды.

– Не іздеп жатырсыңдар? – деп сұрады Айша. Қулана қарап, жымың-жымың етеді.

– Ата-анамыз бізге қандай сыйлық дайындағанын білмейсің бе? – деп Асан сұрақты төтесінен қойды.

Айша бұлардан әлдеқайда үлкен еді, сондықтан ата-анасы оған өз құпияларын айтып жүретін.

Ол жұмбақ көзқараспен жымия:

– Айтсам сенбейсіңдер, жыл сайын Аяз Атаның рөлін ойнайтын әкеміз бүгін сендерге не сыйлайтынын өздеріңмен ақылдаспақшы.  Жаңа жылда қандай сыйлық алғыларың келетінін ойланыңдар. Тілектеріңді өлеңмен, жұмбақпен немесе ребус арқылы жеткізсеңдер тіпті жақсы.

Сөйтіп Айша інілерін ойландырып қойды. Асан мен Үсен екі сағат бойы тілек жазумен айналысты. Өлеңмен, жұмбақпен жазып көріп еді, болмады, сөйтіп, ребус құрастырып, олардың суретін параққа түсірді, содан кейін  конвертке салып, сыртына «Аяз ата – әкеміздің өз қолына!» деп жазып қойды.

Кешкі шайдан соң бүкіл отбасы болып үстел басына жиналды, Жарқын Арманұлы конвертті ашты. Ребусты, әлбетте, анасы екеуі бірден шешті. Онда аса бір құпия жоқ еді: Асанның велосипед, Үсеннің балықтарына жаңа аквариум алуды қалайтынын бәрі білетін. 

– Мамаң екеуміз биыл сыйлықты өздерің, өз ақшаларыңа алсын деп шештік, – деді әкесі. – Сендер армандарың орындалуы үшін біраз тер төктіңдер, қанеки, қанша ақша жиғандарыңды санайық.

Әкесі банктің мобильді қосымшасынан депозиттер парақшасын ашты.

– О-о, кәдімгідей қомақты ақша...

Асан мен Үсеннің басы салбырап кетті:

– Бірақ бұл ақша сыйлыққа бәрібір жетпейді, қажет соманы тек көктемге қарай жинай аламыз...

Ұлдардың көңіл күйі түсіп кетті.

Ал әкесі керісінше, көңілдене жымиды.

– Мұңаятындай ештеңе жоқ! Сендер анаң екеуміз күнде беріп жүрген қалтапұлды босқа жұмсамай, жинадыңдар...

– Болмашы ұсақ-түйекке, сағыз бен фастфудқа құртқан жоқсыңдар, – деп қостады анасы.

– Біреулер де қаламсабын жоғалтпайтын болды, – деп еске салды Айша. Бәрі Асанға қарады. Ол үшін бұл нағыз ерлік еді.   

– Оған қоса, электр жарығы мен суды үнемдеуді үйрендіңдер. Отбасылық бюджеттен коммуналдық қызметке кететін шығын айтарлықтай азайды.

– Бірде-бір жейде мен шалбар жыртылған жоқ! – деп анасы мәз-мейрам.

– Қысқасы былай, – деп әкесі сөзін түйіндеді, – сендердің ойланып жасаған әрекеттеріңнің арқасында отбасылық бюджетте біраз ақша жиналып қалды. Біз оны сендердің депозиттеріңе қуана- қуана аударамыз, ол сома сендер армандаған сыйлықты сатып алуға молынан жетеді! Сендер ол сыйлыққа лайықсыңдар!

– Алақай! – Асан мен Үсен қуанғаннан секіре жөнелді. – Бұл біздің өміріміздегі жаңа жылға арналған ең тамаша сыйлық!

– Ол сыйлықты өздеріңе өздерің жасадыңдар, біз тек сәл көмектестік, – деді анасы күлімдей.

Бұдан кейінгі уақытын ұлдар әкесімен бірге интернет-дүкеннен тиімді бағаға, сапасы жақсы велосипед пен аквариум іздеуге әрі оны дәл 31 желтоқсанда жеткізіп беретіндей етіп тапсырыс беруге жұмсады.

* * *

– Екеуің ата-анамызға не сыйлайсыңдар? – деп қызыға сыбырлады Айша.    

– Біз тосынсыйымызды әлдеқашан дайындап қойдық.

– Сатып алдыңдар ма?

– Жоқ, өз қолымызбен жасадық! – деп мақтанды балалар.

– Мен анама арнап құрғақ шыбықтардан ұялы телефон қоятын  тіреуіш жасадым, пішіні де ерекше, ондай зат ешкімде жоқ! – деді Үсен. – Біраз тер төгуге тура келді, дегенмен әдемі шықты.

– Ал мен сындырып қойған әкемнің күрешкесінің орнына қыш құмыра жасау сабағында басқасын жасадым. Ол енді аздап қисығырақ  болып қалды, сонда да әдемі, – деді Асан, – әрі оны арнайы бояулармен боядым.

– Ал маған не сыйлайсыңдар?

– Ол құпия! – деді бауырлар бір ауыздан. – Айтпаймыз!

Олар үлкен әпкесіне пайдалы сыйлық жасайық деп шешті, ерте күзде-ақ көрші үйде орналасқан сән ательесіндегі тігіншілермен келісіп, олар тігіннен қалған маталардың қиықтарын берді, ол бір дорбаға айналды. Енді оны мерекеге сай әсемдеу ғана қалды.

* * *

Асан мен Үсен сыйлық іздеп жүргенде тағы бір құпия мекенге  кіруді ұмытып кетті. Ол жердегі жаңа жылдық дорбада «Балаларға арналған көңілді қаржылық сауат оқулығы» және жас кәсіпкерлерге арналған ойын жатыр еді.  Қалай ойлайсыңдар, ұлдарға бұл сыйлық ұнай ма?

Пайдалы ақпарат жинағы

Қаржылық сауаты бар адам сақтауға тиіс бірнеше ереже бар.  Ол тек келешекте ғана емес, қазір де адамның өзіне-өзі сенімді болуына көмектеседі. 

1. Қаржылық сауатыңды үнемі арттыру керек.

2. Жеке бюджетіңді жоспарлап, соған сәйкес әрекет ет. 

3. Шығыс және кіріс есебін жаз.   

4. Ақшаңды өзіңе нақты қажет және маңызды затқа жұмса. 

5. Бала күніңнен банкте жеке есепшотың болуы керек – ол жерде сен өзіңе қажет заттар алатын ақшаны жинайсың.   Банктегі есепшотыңа қатысты сұрақтарды сен тек әке-шешеңмен немесе банктегі менеджермен бірге шешесің.

6. Сенімді интернет-дүкеннен бағалы әрі сапалы затты немесе қызметті арзанға таба білу де өнер. Оны меңгеру керек.

7. Бала күніңнен қарыз алмауға дағдылан.

8. Есіңде сақта, жеке басыңа қатысты мәліметтер мен ата-анаң туралы ақпарат, сондай-ақ банк картасының деректері, push-хабарлама мен СМС – бұл бөтен адамға айтуға болмайтын құпия.

9. Егер сенің банк картаңа, әлеуметтік желідегі жеке парақшаңа  қатысты мәселе туса, бірден ата-анаңа айт.

white-arrow Тізімге